Жастар жылы жарқын істермен өтуі керек

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Осы орайда бүгін аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңес жиынында Қостанай облысында Жастар жылы жол картасының жүзеге асырылуы мен өңірімізде жастардың барлық санатын қолдау мақсатында атқарылатын жұмыстар талқыланды.BAG_6729
Өңірде мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына сәйкес шаралар кешені іске асырылуда. Бұл бағытта да белгілі жетістіктер бар. Бүгінгі күні аймағымыз бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,1 пайыз. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,8%-ға төмен. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев баяндады.BAG_6686
Жұмыссыздық мәселесіне қатысты «Ел ертеңі – болашақ жастардың қолында» жол картасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама әр санаттағы жастардың түйткілін  төрт бағыт бойынша шешуге бағытталған: жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру; сапалы және қолжетімді біліммен қамту; жастардың бос уақытын жүйелі ұйымдастыру; жеке және кәсіби өсуге жағдай жасау.
– Жол картасы аясында өңірімізде 78 іс-шара қарастырылған, оларды іске асыруға барлық мемлекеттік құрылымдар жұмылдырылмақ. Президент тапсырмасына орай жақын арада «Жас маман» бағдарламасы қабылданатын болады. Осы мақсатта біздің облыста 1 жоғары оқу орны, қазіргі заманғы мамандарға ие және дамыған материалдық-техникалық базасы бар жоғары деңгейдегі 10 кәсіптік техникалық колледж анықталатын болады. Осыған байланысты облыстық білім басқармасы жұмыстар жүргізіп жатыр. 2018 жылы Қостанай облысы аумағында «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы іске асырылды. 143 жоба гранттық негізде қаржыландыруда. Оларды 492 жас адам (оның ішінде 18 мүгедек адам) жүзеге асырды. Бөлінген қаржы – 230 млн теңгеден астам, – деді Марат Жүндібаев.
Бүгінде ауылға жас мамандарды тарту мәселесі өткір тұр. «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауылдық жерге 4 мыңнан астам маман келді, оларды қолдауға 4,3 млрд теңге (көтерме жәрдемақы – 484 млн теңге, бюджеттік кредиттер – 3,8 млрд теңге) бөлінген.
-Қала және аудан әкімдері мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалана отырып, жас мамандарға тұрғын үй беру мәселесін пысықтауды талап етеді. Бұл бағытта Қарасу ауданында жақсы тәжірибе бар, онда бизнес-құрылымдардың көмегімен жас мамандар үшін тұрғын үй салынды, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Қазіргі таңда жұмыспен қамтуға бағытталған Елбасы бастамалардың бірі «Жасыл ел» жобасы бойынша 700-ден астам адам жұмысқа орналастырылыпты. Жастар саясаты жөніндегі басқарма, облыстық жастар ресурстық орталығы, қалалар мен аудандар әкімдіктері «Жасыл Ел» қозғалысы негізінде «Жасыл қала – Жасыл село» жалпыұлттық жобасын іске асыруды бастама етіп отыр.BAG_6811
Ал 2014 жылдан басталған «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы осы міндетті шешуге бағытталған. Бағдарлама бойынша облыста еліміздің оңтүстік өңірлерінен 2 мыңнан астам жас (4 ЖОО-да 1 990 студент (ҚМУ -735, ҚМПУ – 307, АрМПИ – 596, РИИ-352 ), 1 колледжде 25 оқушы (Торғай аграрлық-техникалық колледжі) білім алуда. Үстіміздегі жылы жұмысқа орналасуды қажет ететін 700-ден астам жас білім алып шығады. Оларды еңбекпен қамтуды үйлестіру мақсатында алдағы сәуір айында облыс көлемінде бос орындар жәрмеңкесін өткізу жоспарланған.   
Қазір аймағымызда «Жас саясаткер» жастар ақпараттық-насихаттау топтарын ұйымдастыру тәжірибесі бүкіл республика бойынша алғашқы рет өткізілді. Өткен жылдардағыдай осындай іс-шаралар – «Көктем көркі – қызғалдақ» ауыл жастарының форумын және «JAS Qosta» жастар ақпараттық слетін өткізу жоспарлануда.
-Жастар жылы аясында Үкіметке волонтерлік қызметпен белсенді айналысатын жоғары оқу орындарының студенттеріне шәкіртақыны 30%-ға арттыру тапсырылды, сондықтан жастар саясаты жөніндегі басқармаға, Қостанай облысының жастар ресурстық орталығына жоғары оқу орындарымен бірлесіп, студенттер арасында еріктіліктің оқу курстарын енгізу ұйымдастырылатын болады, – деді баяндамашы.
Басқосуды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қорытындылап, жастардың ұсыныстары қолдауға лайық екенін айтып, сала басшыларына тапсырмалар берді.
– Еңбек етемін деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Кәсіпкерлікті дамытуға, мемлекеттік қызметке келуге жол ашық. Ең бастысы – білімді шыңдау. Жастар жылын нақты істермен өткізуіміз керек. Елбасы жастарды қолдауға ерекше маңыз беріп отыр. Мәселен, Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасы аясында келесі жылы өңірімізде 2 жатақхананың құрылысы басталады. Білім іздеген жастар үшін гранттар беріледі, – деген облыс басшысы елдің дамуына аянбай үлес қосуға шақырды.BAG_6670
Жиын барысында айтылғандай, мамыр айында Жастар сарайының салтанатты ашылуына орай шекаралас Қазақстан-Ресей жастарының ынтамақтастығы форумы өтпек. Осыған барлық аудан-қала әкімдерін белсенді атсалысуға шақырды.
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓