Вирусқа қарсы қару – тәртіпке бағыну
Ағымдағы жылдың 23 наурызында Еліміздің президенті Қ.Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссия отырысын өткізді.
Мемлекет басшысы азаматтарды, шағын және орта бизнесті, сонымен қатар, пандемиямен алдыңғы қатарда күресіп жатқан азаматтарға қолдау көрсету жөнінде дағдарысқа қарсы шаралардың жаңа пакетімен таныстырды. Салықтық жеңілдіктер мен жергілікті деңгейдегі қолдауларды есептемегенде, бөлінген қаражаттардың жалпы көлемі, 4,4 триллион теңге немесе 10 миллиард долларды құрайды.
Жалпы алғанда, Үкімет болып жатқан ахуалды бақылауда ұстауда. Бұрын қабылданған шаралар елдің аумағында вирустың көп және бақылаусыз таралуына жол бермеді.
Президент коронавирус инфекциясымен күресуде мемлекет алгоритімінің қосымша іс-әрекеттерін белгіледі. Олардың ішінде жергілікті халыққа әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы шараларды атауға болады.
Төтенше жағдай режиміне байланысты жұмысынан айырылғандарға (шамамен 1,5 млн адамға) ең төмен жалақы (42,5 мың теңге) төленіп, әлеуметтік тұрғыдағы әлсіз топтарға тегін азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтар беріледі. Жұртшылыққа несиелік демалыстар, салықты кейінге шегеру, коммуналдық төлемдер мен бизнес бойынша жалдау ақысынан босатылу жағдайлары қарастырылған. Осылайша, қоғамда ешкім де қолдаусыз қалмайтыны ескерілді. Ал, азаматтардан сұралатыны – тәртіпті сақтау және туғандарының, жақындарының, өзінің және жалпы алғанда, айналасындағы адамдардың денсаулығына ұқыпты қарау, сонымен қатар, байбалаң мен арандатуға жол бермеу қажет. Өкінішке қарай, қоғамда енгізілген карантиндік шараларды бұзу жағдайы кездесіп қалып жатыр. Италияның қайғылы жағдайын біле тұра, мұндай келеңсіздіктерге жол беру зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, Президенттің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты міндеттеріне дер кезінде ерекше көңіл бөліп, әсіресе, қылмыстық әрекеттердің жандануын болдырмау маңызды.
Мемлекет басшысымен біргемін және өзінің борышын абыроймен атқарып жатқан дәрігерлер, полиция қызметкерлері, әскери қызметкерлер мен құтқарушыларды, бір сөзбен айтқанда, алдағы шептегі адамдарды қолдау әр азаматтың міндеті деп санаймын.
Әлбетте, пандемияға қарсы күрес іс-қимылдың жетістігі, біріншіден, күллі қоғам мен әрқайсымыздың жауапкершілігімізге байланысты. Алдымен вируспен күресудің басты қаруы – тыныштықты, тәртіп пен денсаулықты сақтау, өзін-өзі оқшаулау, өз басының және жақындарының қамын ойлау. Бүгінгі таңда баршамызға жауапкершілік, ынтымақтастық және өзара көмек көрсету қажет. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар. Біз біргеміз!
Нұрлан БИЕКЕНОВ,
ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы,
заң ғылымдарының докторы, полиция полковнигі