ТҮЙІНІН КҮТКЕН ТҮЙТКІЛ КӨП
Өңірлік әдебиет – "Қазақ әдебиеті" атты телегей-теңізге барып құятын арна іспетті. Ал сол арнаның арыны толастамау үшін қайтпек керек? Кешегі Ыбырай, Ахаң-Жаһаңдар із салып, Бейімбеттер адуыны кемерінен асырған, Ғафу, Сырбай, Кеңшіліктер арқырап барып қосылған ағыстың бүгінгі екпіні қалай? Кейінгі толқынды кейітетіні не, аға буынның алаңы қайсы? Өзге өңірлердің өнегесі қандай? "Ардың ісі" дегенде көкейде жүрген осы іспетті көп сауалдың көлденеңдейтіні жасырын емес. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Қостанай облысында қаламгерлерге деген қолдау олқы да емес. Мәселен, біздің өңірге ғана тән "Шабыт" және "Қазына" сыйлықтары – авторларға көрсетілетін үлкен демеудің жарқын мысалы. Облыстық Меценаттар клубы тағайындайтын бұл сыйлықтар жыл сайын лайықты иелерін тауып отырады. Қаржысы қомақты жүлдені бүгінге дейін бірнеше мәрте иеленген лауреаттар саны көп. Дей тұрғанмен, бұдан өзге де басы шалынбаған түйткілдер, назар бөлінуі тиіс маңызды мәселелер баршылық. Міне, осындай кенжелеп жатқан кейбір жайттар Қазақстан Жазушылар Одағының (ҚЖО) Қостанай облысындағы филиалы басшылығы өткізген жиында талқыға алынды. Одақ мүшелері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, осыдан екі ай бұрын ҚЖО Қостанай облысындағы филиалының төрағасы Ғұмар Ахметчин еңбек демалысына шығып, орнына облыстық "Қостанай таңы" газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков директор болып тағайындалған еді. Орынбасары ретінде танымал қаламгер Абылай Мауданов таңдалды. Ал бұл – филиал басшылығы ауысқалы өтіп отырған алғашқы отырыс. Төраға жиында басқа облыстарда атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады.
Жанұзақ Аязбеков, ҚЖО ҚОФ директоры: Басқосудың реті бүгін келді. Себебі осы уақытқа дейін бірнеше облысты аралап, жұмыс сапарымен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында болдым. ҚЖО-ның 85 жылдығына орай өткен шараларға қатысып қайттым. Әсіресе, мерейтойлық форум өткізген Ақтөбе облысына тоқталғым келіп отыр. Ол жақта өзгелерге үлгі болар, істеліп жатқан шаруалар қатары көп. Филиал офисі Қ.Жұбанов атындағы университет базасында орналасқан екен. Онда "жазушының жұмыс алаңы", "демалыс аймағы" сынды бөлмелері бар, барлық мүмкіндіктер жасалған. "Санмен өрнектелген әдебиет" жобасы іске асырылып жатыр. Офис жанынан "Жас қаламгер" және "Шабыт" аталатын зияткерлік-дискуссиялық клуб ашылған. Ақтөбеде 2017 жылдан бері "Адырна" аталатын әдеби көркем журнал шығады. 4 жыл аясында "Ақтөбе кітапханасы" сериясымен 50 том кітап жарық көріпті. Биылға тиесілісі – 27 том. "Жауқазын" сериясымен жас қаламгерлердің жинақтары шығарылған. Оның тоғызы – өлеңдер, біреуі – әңгімелер жинағы. Ақтөбеде 2020 жылдан бастап, әрқайсысы 1 млн теңгеден тұратын 7 халықаралық сыйлық тағайындалып отыр. Алыс-жақын елді мекендеріндегі шаралар да жан сүйсіндіреді. Алға ауданында Ізтай Мәмбетовке көше беріліп, еңселі ескерткіші орнатылды. 250 шақырым жердегі Байғанин ауданында ақын-жазушылардың керемет аллеясы ашылыпты. Жай аллея емес, ішінде тал саясында отырған Сағи, Бәкір, Өтежан, Есенбай, Сәбит Баймолдин, Тобық Жармағамбетовтердің айна-қатесіз мүсіндерін көріп таң-тамаша болдық… Үлгі алатын дүниелерді өзге облыстардан да көрдік. Мәселен, Талдықорғандағы Ілияс тойы. Бір есте қалғаны, облыс әкімі А.Баталов мерейтойға арнап, Ілиястың 20 томдық жинағын шығарып берген. "Құлагер" поэмасының Лондонда ағылшынша, Германияда неміс тіліндегі кітабының тұсаукесері жасалыпты. Ең елеулісі – "Ілияс жүрген ізбенен" экспедициясы Ресейдің бірнеше қаласынан ақынның бұрын белгісіз болған 18 кітабын елге алып келген. Ал Алматы қаласының жаңа әкімі қалада тұратын ҚЖО мүшелерінің әрқайсысына (100 адам) 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Тараз қаласының әкімі жас әдебиетшілермен еркін форматтағы кездесу өткізіп, олардың проблемаларына құлақ түріп, нәтижесінде 5 қаламгердің кітабын шығарып беруге, офис ашуға уәде етіпті. Бұл облыста "Тараз мұнаралары" аталатын 80 томдық кітап басу қолға алынғанын да айта кету керек. Нұр-Сұлтан қаласында ҚЖО филиалына судай жаңа коттедж берілді. Оны ұстап тұруды қала әкімдігі мойнына алған. Биыл Семей мен Қарағандыда да филиалдардың басыбайлы офистері, Өскеменде О.Бөкей әдеби залы ашылды. Тізе берсек, өзге өңірлер атқарып жатқан шаруа қыруар. Жалпы, қарап отырсаңыз, осылардың бәрі облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасының ықпалымен атқарылып жатыр. Өйткені филиалдың қолында ештеңе жоқ. Бірақ біз де басқалар секілді тимбилдинг құрып, яғни команда болып тізе біріктіру арқылы қозғау, түрткі салу мүмкіндігіміз бар. Ендеше, бүгінгі жиынның мәні де сол – "Не істеуіміз керек? Неден бастағанымыз жөн? Кімге, қалай ұсыныс жасағанымыз дұрыс?" деген сұрақтарға жауап іздеу. Ал қандай ұсыныстарыңыз бар?
Ғұмар Ахметчин, жазушы, сатирик, ҚЖО мүшесі: Осы айтылған мәселелердің көбісі бұған дейін де тиісті жерінде айтылған. Облыс тізгінін ұстаған басшылар алдына көп жыл бойы қойылып келеді. Солардың бірі – кітап шығару мәселесі. Мына отырған Ақылбек те, Серікбай да куә, "Қостанай" сериясымен кітаптар шығарайық" деп ұсыныс жасадық. Ұсыныс ұдайы айтылған жерінде қалып қояды. Мәселен, салыстырмалы түрде айтсақ, М.Құлмұхамед Қызылордада әкім болған кезінде бір жылда 150 кітап шығарып берді. Семейдің Абыралы ауданының өзінде ғана 400 томдық энциклопедия жарық көрді. Өзгелерді үлгі етіп те, басқаша да айтудай-ақ айттық қой қаншама рет…
Ақылбек Шаяхметов, ақын, ҚЖО мүшесі: Кезінде "Фолиант" баспасының директоры Нұрлан Исабеков Қостанайға келгенде кітап шығару ұсынысын қозғадық. Ол Кулагинге де, Сәдуақасовқа да айтылған. Бірақ нәтиже шықпады. Жалпы, кітап мәселесі болсын, өзге облыстардағыдай жас-жасамыс жазушыларға материалдық демеу көрсету, грант беру мәселесі болсын, облыс билігінің араласуынсыз шешілмейді. Одан бөлек, театр мен қаламгерлер, той шараларын өткізуде де жазушылармен кеңесу керек-ақ.
Жолбарыс қажы Баязид, ақын, ҚЖО мүшесі: Басқа облыстардағы жаңалықтар бізді таңғалдырып отыр. Бұрын-соңды болмаған нәрселер. Үлгі алатын шаруалар көп екен. Шынтуайтында, мұндай игіліктер біздің облыста да бола алады. Оған тек жақсы ниет керек. Шаруа көп, әрине. Менің көкейімдегі ұсыныс-тілек те аз емес. Қостанайда дарынды жастар, құдайға шүкір, баршылық, өсіп келеді. Серияның атынан кітап шығарылатын болса, жастардан басталуы керек деп есептеймін. Аға буын мен өскелең ұрпақ арасында сабақтастық болуы шарт. Қолдау-қолпаш қажет. Бұл да сиреп бара жатқан жайт. Мәселен, мен Мәдениет басқармасы басшысына өзіміздің Абылай Маудановтың "Әбдіғапар ханын" жаңа маусымда сахыналау қажеттігін айттым. Театр директорына да осы ұсынысыммен арнайы кірген едім. "Қанша дегенмен, бұл туынды респбуликадан жүлде алған шығарма ғой. Неге біз қойылымды Мәскеуден, Алматыдан іздей беруіміз керек? Өзімізде бардың бағасын білсек қайтеді?" деген сыңайдағы пікірімді білдірдім. Алдағы уақытта іске асып жатса, қандай жақсы оқиға болар еді!
Серікбай Оспанов, ақын, ҚЖО мүшесі: Меніңше, жаңа ғана баяндалған басқа облыстағы шаралардың қолымыздағы жазбаша үлгісін басшылыққа апарып көрсету керек. Өзіміздің ұсыныстар да қағаз жүзінде болғаны жөн.
Ғұмар Ахмечин:Тағы бір мәселені сөз еткім келіп отыр. Кезінде өз бастамамызбен "Менің туған өлкем" атты фестивальді 7 жыл бойы өткізіп келдік. Соның ішінен 60-70 өлеңді іріктеп алып, жинақ қылып шығардық. Ондағы композитор да, ақын да, орындаушы мен әртіс те өзіміздікі. Мінекей, соның ішінен 10-15 шығарманы таңдап алып, филармонияға қояйық деп басқарма басшыларының бірнешеуіне айтумен келдім. Бәрі арқамнан қағып: "Ой, Ғұмар аға, бұл керемет идея екен! Істейміз!" – деп шығарып салады. Қазіргі жаңа басшы Ерланның істеп жатқан жұмыстарына ризамын. Дегенмен, ол да жоғарыдан қолдау көрмеген соң кейбір ұсыныстарымызды жүзеге асыра алмауы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені де тізім басына қою керек. Патриотизмді көтереміз десек, "Рухани жаңғыруға" дәл келіп тұрған дүние осы.
Ермекбай Хасенов, жазушы, ҚЖО мүшесі: Өз ұсынысымды айтар болсам, бізде балалар әдебиетіне көбірек көңіл бөліну керек сияқты. Қолдау көрсетілсе, ол да аса қиын шаруа емес деп ойлаймын.
Абылай Мауданов, ақын, ҚЖО ҚОФ директорының орынбасары: Ұсыныстар да, сындар да өте орынды. Тек олар ескеріліп, кәдеге жарап жатса, нұр үстіне нұр болар еді. 2018 жылы облыс орталығында "Жастар кеңесі" деген құрылып, жергілікті жас қаламгерлердің басы бір қосылып еді. Бірақ кеңестің алғашқы да соңғы жиыны сол болыпты. Сол отырыста Мәдениет басқармасы басшылығына ұсыныстарымызды айтқан едік. Мысалы, облыста 30 киелі нысан бар. Олар туралы деректер жалаң ақпараттық нұсқада берілген. Соларды, егер шығыны көтерілсе, балаларға қызықты, ұғынықты етіп, көркем тілде неге жазып шықпасқа? Қазір балдырғандарды тәрибелейтін рухани материалдар көбірек керек сияқты. Елбасы айтқандай, тек кітап жүзінде шектелмей, заманауи мультимедиялық мүмкіндіктерді де пайдалануға болар еді, бейнефильмдер түсіріп беруге де қарсы емеспіз, мәселен. Фильм дегеннен шығады, 2017 жылы "Шұғаның белгісі" шығармасы желісімен киносценарий жазған едік. Оны облыс аймағында түсіруге әрекеттеніп, жоспар да құрдық.
Жанұзақ Аязбеков: Айтылып отырған ұсыныстардың олқысы жоқ. Бәрі де маңызды. Ендігі жерде осы мәселелердің орындалуы жолында күш жұмылдыруымыз қажет. Әлгінде өздеріңіз хабардар болған әр өңірде атқарылып жатқан жұмыстар бізге серпін береріне сенім бар. Үлгілі облыстармен үзеңгі қағыстырар күн алыста емес деген үміттеміз!
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков