Цифрландырудың жаңа мүмкіндіктері
«ССКӨБ» АҚ «Ақылды кеніш» технологиясын енгізу есебінен Қашар кенішінің өнімділігін 40 пайызға арттырып, жылына 23 миллион тонна рудаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, өндірістік шығындар 1 миллиард теңгеге азайып, шығарылатын өнімнің сапасы артатын болады. Әлеуметтік жауапкершілікті бірінші орынға қоятын компания, бұл орайда, жұмыскерлердің санын қысқартпайды. Жобаны жүзеге асырудың түпкі мақсаты – темір кені шикізаты нарығында қала құраушы кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
«Ақылды кеніш» жобасы 2017 жылдың соңында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан телекөпір барында іске қосылды. «ССКӨБ» АҚ цифрлық жаңғыртудың өзіндік жоспарын әзірлеген алғашқы кәсіпорындардың бірі болды. Инноваторлардың осы еңбегі салалық «Алтын Гефест» байқауында жоғары бағаланып, арнайы жүлдемен де марапатталды.
Қашар кен басқармасы автоматтандырылған жүйені пилоттық енгізу мен тестілеу үшін кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Өйткені кәсіпорында қазып алынатын темір кенінің жартысынан көбі осы кенішке тиесілі. Бұдан өзге қашарлықтар технологиялық жаңғыртудың Жол картасына кірген жобалардың басым бөлігін жүзеге асыруда.
«Ақылды кеніштің» енгізу бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде «тау-кен жобалаушы: геологиялық және маркшейдерлік негіз» модулі енгізілді. Бұл – кенішті үлгілеуден бастап тау-кен жұмыстарының егжей-тегжейлі тәуліктік жоспарын қамтитын бағдарламалар жиынтығы. Modular диспетчерлік жүйесі кеніштегі көліктер кешенін автоматты түрде басқаруға, тау-кен жұмыстары бойынша оперативті ақпаратты және қол жеткізген көрсеткіштерді талдау үшін мәліметтерді алуға мүмкіндік береді.
Екінші кезең жобаның геомеханикасы мен гидрогеологиясына қатысты. Осыған орай, алдағы уақытта Қашар алаңында заманауи конвейер мен байыту кешенін салу жоспарда бар.
Цифрландыруды табысты жүргізу үшін кен алыбы шетелдік институттармен ынтымақтасып жұмыс істеуде. Көлденең шыға келген кадр мәселесін болса басшылық өз мамандарын қайта оқыту арқылы шешті.
Одан кейінгі кезең шекемтастарды жаңа технология негізінде өндіруді көздейді. Мамандардың есебі бойынша, «Ақылды кеніш» жобасын жүзеге асыру 5 жылдан 7 жылға дейін созылуы мүмкін.
Жаңа енгізілім Қашар кенішін 4.0 Индустриясы тұжырымдамасына сай дамытуға мүмкіндік береді. Жобаның элементтері тау-кен көлігі кешенін нақты уақытта автоматтандырылған басқаруды мен диспетчерлендіруді, ГИС, MES және ERP (SAP) жүйелерінің базасында жоспарлаудың біріктірілген орталықтарын, дәл жерсеріктік жайғастыру мен бұрғылау-жару жұмыстарын басқаруды енгізумен байланысты. Нәтижесінде тиімділік көрсеткіштерінің айқындығы мен бақылау қамтамасыз етілді, қызметкерлер жедел есепке алуға, жабдықты қолдану жөнінде шынайы және толық ақпаратқа 100 пайыз қол жеткізеді.
Бұл орайда жобаның басты фигурасы – диспетчер болып табылады. Ол өндіріс үдерісін басқарады, жағдайды талдап, атқарылатын жұмыстың бағытын айқындап отырады.
Атқарылған жұмысқа баға бере келе, Қашар алаңындағы «Ақылды кеніш» жобасын тестілеу сәтті өтті деуге негіз бар. ССКӨБ дәл осындай жүйені Сарыбай, Соколов және Қоржынкөл кеніштерінде енгізуді жоспарлап отыр.
– Кәсіпорын 4.0 Индустриясы технологияларын енгізіп, техникалық қайта жарақтандыруды белсенді жүргізуде. Бұл ретте экономикалық тиімді жобаларды табысты дамытуға мүмкіндік беретін, осылайша еліміздің тау-кен металлургиялық кешенінің бәсекеге қабілеттілігін нығайтатын ең заманауи технологиялар пайдаланылып жатыр, – дейді «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев.
Еуразиялық Топ басшылығы 7-8 жыл ішінде цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді біріктіруге және роботтандыруға 800 млрд теңге инвестиция құятын болады. Осылайша қала құраушы кәсіпорын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сүбелі үлес қосып, заманның талабына сай дами бермек.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ