Аймақта қандай хабар бар?
Қауіпсіздік қадағалауда
Лисаков. Қалада қоғамдық көліктер дезинфекцияланды. Ауруханалар толықтай дәрі-дәрмекпен қамтылған. Спорт кешендері, бассейндер жабылып, үйірме-секция жұмыстары тоқтатылды. Қазіргі уақытта жаппай сауда орындарын залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Таяу күндері қалаға қосымша медициналық бетперделер жеткізілмек.
Тасқынға дайындық
Жітіқара. Ауданда 80 тонна инертті материал, 1000 дана қап, 10 тонна жанар-жағар май қоры дайындалған. Келісім-шарт бойынша, «Дәмді» ЖШС азаматтарды тамақтандыруды ұйымдастыруға, «МинералСтройСервис» ЖШС шатырларды жеткізуге, «Ветеринарлық станция» МКК жануарларды тасымалдауға, «Фармацея-2» ЖШС дәрі-дәрмекпен қамсыздандыруға әзір.
Жалған қоңырау әбігері
Рудный. Қаладағы "Бак-Бак" базарына "жарылғыш зат қойылғаны" туралы хабарлама кезекші бөліміне түскен. Тиісті қызметкерлер дереу оқиға орнына жұмылдырылды. Тексеру барысында ешқандай күдікті зат табылмады. Іздеу шаралары кезінде 34 жастағы тұрғын ұсталып, қамауға алынды. Ол залал шығынын төлеуі немесе 5 жылға дейін бас еркінен айырылуы мүмкін.
Қарияны қағып кетті
Б.Майлин. Оқиға Әйет ауылындағы Тәуелсіздік-Темірбаев көшелері қиылысында болған. "Урал 43-20" көлігімен қар аршып жүрген 43 жастағы жүргізуші 85 жастағы әйелді басып кетті. Ауыр жарақат салдарынан кейуана оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Мерейтойға арналады
Қарабалық. Аудандық Жастар ресурстық орталығы жыл аяғына дейін жалғасатын челлендж бастады. Бұған әр мекеме-ұйым қатысып, ұлы Абайдың кез келген шығармасынан үзінді оқып, бейнежазбасын таратуы керек. Оны #abai175_karabalyk_challenge хэштегімен желіге жариялап, өзгелерге эстафета жолдау қажет. Ауданға қарасты барлық ауылды қамту жоспарланып отыр.
Кәсіпкерлерден көмек
Меңдіқара. Молодежный ауылында екі пәтерлі үй өртенді. Өрт электр желісінің қысқа тұйықталуынан болған. Nur Otan партиясының "Халыққа көмек" жобасы аясында "Қостанай жолдары" және "Олжа Боровское" серіктестіктері жапа шеккен отбасыларға жәрдем жасады. Кәсіпкерлер оларға азық-түлік, киім-кеше және балаларға оқу құралдарын сатып алып берді. Мұның сыртында, отбасыларға баспана алуға да демеушілік көмек көрсетті.