Кәсіп бастаушыға кеңес
Қостанай облысында жұмыс сапарымен жүрген ҚР Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров және сенаторлар Серік Бектұрғанов пен Жеңіс Нұрғалиев журналистермен кездесті.
Сенат төрағасының орынбасары бес әлеуметтік бастаманың ұтымды тұстарын, әсіресе, ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндік беретін бағыттарына тоқталды. Оның сөзінше, орталықтан шалғай орналасқан мекендердің тұрғындары шағын кәсіп ашуға зор мүмкіндік алды.
– Елбасы 2018 жылы жеңілдетілген шағын несие қаржысына қосымша 20 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Ел халқының 40 пайызға жуығы ауылдарда тұратынын білеміз. Сол себепті мемлекет жеңілдетілген шағын несие беру қаржысын ұлғайтып, ауылдағы ағайындарға неғұрлым тиімді тетік тауып берді. Бұрын бізге дәл қазіргідей мүмкіндіктер жасалмады. Енді, тіпті, ауылда отырып кәсіп дөңгелетемін дегендерге кедергі жоқ. Тек бар ынта-жігермен өзіңе, мемлекетіңе пайда тигізуді ойласаң болғаны, – деді сенатор.
Шағын кәсіп ашудың талаптары бұрынғыша қалды. Бұл туралы аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев айтып берді.
– Үкімет бұған дейін де кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тұрғындарға шағын несие берудің түрлі үлгілерін сәтті іске асырып келді. Бір ғана «Бастау бизнес» жобасын алайық. Ол өз бизнесін жаңадан ашқысы келгендерге серпін береді. Шағын несие беруді көбейту бастамасының артықшылығы қаржы көлемінің 62 млрд теңгеге дейін жетуінде. Өз кезегінде ол игерілу деңгейіне қарай жыл сайын өсіп, екі еселенеді. Ал несие беру шарттары өзгеріссіз қалады. Тек толықтырулар енгізілуі мүмкін, – деді Жеңіс Нұрғалиев.
Бектас Бекназаров баспана алудың жаңа мүмкіндіктері туралы да сұрақтарға жауап берді.
– Елбасының бастамасының бірінші бағыты бойынша жасалатын жұмыстар құрылыс нарығына үлкен серпіліс әкеледі. Мендегі бар мәлімет бойынша, елімізде 2,5 млн адамның жеке пәтері жоқ. Енді жеңілдетілген несие тетіктері іске қосылғаннан кейін тұрғындардың баспаналы болуға деген мүмкіндіктері артады. Үй салу қарқынды жүргізілгенімен, оның бағасының тұрғындарға қолжетімді болуына қатысты үнемі мәселе туындайтын. Өйткені, ипотека мен несие талаптарының қиын болғаны жасырын емес. Мен 7 пайызбен үй сатқан банктер туралы бұрын соңды естіген жоқпын. Ал Елбасы ұсынған «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқылы миллиондаған қазақстандық өзінің жеке тұрғын үйіне қол жеткізеді, – деп түсіндірді Сенат төрағасының орынбасары.
Мұнан соң сенаторлар Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ студенттерімен жүздесті. Олар бес әлеуметтік бастаманың маңыздылығын түсіндіріп, жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев