Кәсіпкерлердің жанайғайы ескеріледі
Облыстық кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдері «Астана-1» электрондық мағлұмдау жүйесіндегі орын алған проблемалар туралы мәселе көтерді. Өткен жылдың шілде айынан бастап облыстық кірістер департаменті экспортты кедендік рәсімдеуден өткізу үшін «Астана-1» платформасын тестілік жүйесін іске қосқан-тұғын. Бұл сервисті қолдану сыртқы-экономикалық қызметке қатысушыларға – кәсіпкерлерге бұрынғыдай брокерлік құрылымдардың қызметінсіз, тауар декларацияларын өз бетінше рәсімдеуге мүмкіндік беретін.
Электрондық мағлұмдауды енгізу –еліміз бен Еуразия экономикалық одағы аумағында күшіне енген кедендік кодекстің жаңа талабына сәйкес жүзеге асты. «Астана-1» ақпараттық жүйесі сауда-саттықты жеңілдетуге бағытталған. Оның көмегі арқылы тауарды соңғы нүктеге жеткенше дейін бақылаумен қатар, ЕАО елдері кедендік қызметімен мәлімет алмасып отыруға болады.
Қостанайлық кәсіпкерлер жаңашыл жүйемен жұмыс істей бастағаны сол еді, бірден кедергілерге тап болды. Сондықтан, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған бейнеконференция барысында олар мәселені төтесінен қойды. Мәселен, «ССКӨП» АҚ ірі тау-кен кәсіполрынының өкілі Инна Дымова «Астана-1» жүйесіндегі кедендік декларацияның жабылау процесі адами факторларға байланысты екендігін айтты.
-Қазіргі таңда біз тек экспортпен жұмыс істейміз. Сондықтан, декларацияға ертерек өтініш жазамыз. Сосын осы декларация арқылы вагондарды жөнелтіп, ол тиісті жерге жеткеннен кейін декларация қайта жабылады. Бірақ, әзірге декларацияны жабу қалай жасалатындығын, жүк шекараны кесіп өткендігі туралы хабарландыру қалай келетіндігін ешкім дөп басып түсіндіріп бере алмайды.Қазір жаңа кедендік кодекс және жаңа талаптар енгізіліп жатыр. Бұрын мұндай шаруаны атқару үшін қосымша бірнеше күн берілетін. Осы уақыт ішінде біз декларацияны жабуды өзіміз атқаратынбыз. Енді жаңа кодекс бойынша декларацияны кедендік инспектор жүзеге асыруы тиіс. Ол 2000 вагонның құжаттарын қалайша енгізеді, түсініксіз?!-дейді ол.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Роберт Юсупов жаңа жүйе бойынша көптеген сұрақтар туындап жатқанын атап өтті. Соның ішінде кейбір жағдайда заңнамада көрсетілген нормалар сәйкес келмейді.
-Кез келген кәсіпорында, оларды толғандыратын мәселе жетерлік. Сондықтан, кәсіпкерлердің мұндай өзекті мәселені көтеруі өте орынды. Қандайда бір қателік үшін біреу жауап беруі тиіс қой. Бізде әзірге ҚТЖ-мен біріктірілген автоматтандырылған жүйе қарастырылмаған. Мәселені түбегейлі қарастырған жөн,-дейді Р.Юсупов.
Бағдарламаны әзірлеушілер орын алған кемшіліктер жуық арада түзетіліп, «Астана-1» жүйесіне толық өтпес бұрын, платформа өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесімен біріктіріліп, бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейтіндігін айтты. Бұл кедендік рәсімдеуді онлайн-режимде өткізуге мүмкіндік бермек.
Әлібек ЫБЫРАЙ