Дәрігерлерге байланыс тегін
"Қазақтелеком" компаниялар тобы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, 5000-нан астам медицина қызметкеріне тегін ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған меморандумға қол қойды. Бұл туралы "Қазақтелеком" АҚ Бұқарамен байланыс қызметі хабарлайды.
Құжатты қабылдаудағы негізгі мақсат – ҚР Президенті жариялаған елдегі төтенше жағдай кезеңінде денсаулық сақтау саласын қолдау. Нақтырақ айтқанда, елдегі эпидемиялогиялық жағдайдың күрт қиындаған кезеңінде ауыртпалықты мойындарына артқан 5000-нан астам медицина қызметкері Tele2, Altel, Kcell және Activ байланыс желілерінде тегін, тоқтаусыз байланыспен және мобильді интернетпен қамтамасыз етілетін болады. Айта кету керек, бұл бастама Қазақстанның ірі телекоммуникация операторына тиесілі.
«Қазақтелеком» компаниялар тобы қалыптасқан жағдайдың қиындығын барынша сезініп отыр. Коронавируспен күресте дәрігерлердің алдыңғы шепте жүретіні белгілі. Олар қауырт режимде жұмыс істеуде. Осы ретте медицина қызметкерлерінің үнемі байланыста болуы маңызды. Сондықтан, осындай шешімді бір ауыздан қабылдадық. Қазіргі таңда шұғыл түрде бастаманы жүзеге асыру барысын үйлестіріп жатырмыз. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен медициналық қызметкерлер тізімін алу ісі басталды», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Коронавирус анықталған өзге елдердің тәжірибесіне сүйенсек, пандемия кезеңінде медициналық мекемелерге артылатын жүктеме өте жоғары болды және бұл жағдайдың күрделілігі байланыс құралдарына қатысты да байқалды. Еліміздің медициналық қызметкерлерін, індетпен күреске жұмылдыру бағытында сапалы байланыс маңызды фактор болып саналады.
«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС Бас Директоры Роман Володиннің айтуынша, елде жарияланған төтенше жағдай мерзімінде Tele2 және Altel абоненттері үшін арнайы шаралар кешені дайындалуда.
«Осындай күрделі кезеңде дәрігерлер үшін үздіксіз әрі сапалы байланыстың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз, сондықтан ұялы байланыс қана емес, мобильді интернет пен аудиосервисті де тегін қамтамасыз етуге дайынбыз» , – деді ол.
«Kcell» АҚ Басқарма төрағасы Каспарс Кукелис те халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселеден тыс қалмайтынын мәлім етті.
«Қазіргі таңда ел төтенше жағдай режиміне көшкен кезде ұялы байланыс операторларына жүктелген міндет те жоғарылайды. Біз байланыстың тұрақты болуы үшін 24/7 режимінде жұмыс істеп жатырмыз. Біз үшін осындай сын сағатында дәрігерлерге қолдау көрсету үлкен мәртебе. Бірлесе отырып, біз бәрін жеңеміз», – деді ол.
Бұл қолдау шаралары 90 күнге дейін жалғасатын болады.
Сурет интернеттен алынды
Даже не удивляюсь. Кроме них никто и не помогает больше. Молодцы, казактелеком