Аймақтан қандай хабар бар?

Тұрақтылық сақталады
Облыста. Көкөністер бағасы алдағы үш-төрт айда қымбаттамайды. «Тобыл» ӘКК бұл үшін «Тэрра», «Садовод» және «Бекиров» шаруашылықтарымен келісім-шарт жасасқан. Көкөністер маусым айына дейін тұрақты бағамен сатылмақ. Картоп – 110, сәбіз бен орамжапырақ – 90, жуа – 145 теңге. Жуа Қазақстанға Тәжікстаннан әкелінетін болады.
 
Веложол салынуы мүмкін
Қостанай. Жылдан-жылға велосипедпен серуендеушілер саны артып келеді. Бұл шағын аудандар арасында, саябақтарда арнайы инфрақұрылым салуды талап етеді. Мұны қала әкімдігі қолға алуға ниетті. Қазір жоба пысықталып, мүмкіндіктер қаралып жатыр. Назарбаев, Абай даңғылдары арқылы өтіп, Жағалауға дейін веложол салынуы ықтимал. Жоба толық дайын болғаннан кейін көпшілікке жария етілмек.
 
Мақсат – ауданды дамыту
Жітіқара. Аудан әкімдігі мен «Қостанай минералдары» АҚ меморандумы аясында өңірді дамытуға 60 млн теңге бағытталады. Бұл қаржыға 17 жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, Ырсай ауылындағы мектепке жаңа қазандық салынады. Сондай-ақ, қалалық жағажай, демалыс аймағы абаттандырылады. Студенттердің ЖОО-да оқуына, озат оқушыларды ынталандыруға да қаржы жұмсалады. Діни нысандар да қолдауға ие болмақ.
 
Әйелдер мерекесіне арналды
Қарабалық.  Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қыздар командалары арасында волейболдан ашық турнир өтті. Ол халықаралық әйелдер күніне арналды. Жарыста қарабалықтықтар жеңіске жетті. Екінші орын Федоров ауданы құрамасына бұйырды. Қостанайдан келген «Эйс» командасы 3-орын иеленді. Ерекше көзге түскен спортшылар да арнайы аталым бойынша марапатталды.
 
Қар құрсауынан құтқарылды
Алтынсарин. Аннов ауылынан 60 шақырым жерде екі жеңіл көлік қарға батып қалған. Олардың ішінде алты адам болды. Құтқарушылар жол талғамайтын көлікпен шақырту түскен жерге көп ұзамай келіп жеткен. Қар құрсауында қалған қос көлік жолдың аршылған бөлігіне сүйреп шығарылды. Құтқарылған адамдар Силантьев ауылына жеткізілді.
 
Балалардың сыртынан пайда тапқан
Лисаков. Қалалық спорт мектебіне тексеріс жүргізу кезінде бюджет қаржысын жымқыру дерегі анықталды. Ұйымдағы жаттықтырушылар балаларды жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына апарғандары туралы жалған қаржылық есеп толтырған. Оған бөлінген ақшаны қалталарына басып келіпті. Шығын – 6 млн теңге. Күдікті үш жаттықтырушы кінәларын толық мойындап, айыппұл төледі. Екеуі қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, үшіншісі шартты түрде 3 жыл 6 айға сотталды.
 
Су тасқынына әзірлік
Б.Майлин. Аудан аумағында «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Ол көктемгі су тасқынының алдын алу және қар шығару жұмыстарын пысықтауға арналды. Іс-шара аясында ауданның даярлығы жан-жақты тексерілді. Материалдық-техникалық, азық-түлік және медициналық қажеттіліктер қоры әзірленді. Тактикалық жаттығуға 25 адам, 8 техника қатыстырылды. 2 су өткізу құрылысы тазартылды. Алдағы уақытта Аят өзенінде жарылыс жұмыстары жүргізіледі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓