Жерлесіміз жеңімпаз!

Жанкелдин ауданы Шилі ауылының тумасы Жалғас Ибрагим Мәскеу қаласында өткен «Қоян-қолтық ұрыс» жекпе-жегінде 65 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болды. Сонымен қатар, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын иеленді.
"Мен бала күнімен спортқа жақын болдым. Футбол, волейбол ойындарында құрама командалардың сапында ойнадым. Шаңғы жарысына қатысып, облыс бойынша жеңімпаз атанғанмын. Кейінгі жылдары «Қоян-қолтық ұрыс» жекпе-жегін үйрене бастадым. Облыстық сайыстарда бақ сынап, бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүріп шыңдалдым. Қазан айында Мәскеуде әлемнің 17 елінің ең мықты спортшылары аталған спорт түрінен бақтарын сынайды деп естіп, мен де қатысуды жөн санадым. Шаршы алаңда өзімнің үйренген әдіс-тәсілдерімді қолданып, қарсыластарға төтеп бердім. Әлем чемпионы атанамын деп әсте ойлаған жоқпын", – дейді Жалғас.
Жалғас Нұрболатұлы 1997 жылы Шилі ауылында дүниеге келген. 2000 жылдың басында ата-анасы қызмет бабымен Әулиекөл ауданына қоныс аударған. Осында мектепті тәмамдап, 2015 жылы «Қоян-қолтық ұрыс» жекпе-жегімен айналыса бастапты. Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін сүйікті спортымен айналысуды қайта қолға алған. Құлшынысы  артып, ынта жігері қайралған жас оғылан 2020 жылы спорт шебері атанды. Қазіргі таңда Қостанай қаласында өзі ашқан «Барыс» клубының жаттықтырушысы.
 Байбатыр Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓