Менің елім – ҚАЗАҚСТАН

IMG_0541Рудный қаласы әкімдігінің ғимаратында тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен "Менің елім – Қазақстан" атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Оған өзге ұлт өкілдері арасынан қазақ тілін жетік меңгерген орталықтың 11 тыңдаушысы қатысты.
Тілдер мерекесіне орай өткізіліп отырған шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне, мәдениеті мен әдебиетіне деген қызығушылығын ынталандыру, рухани біліктілікті, отансүйгіштік сезімді арттыру. Байқау өзін-өзі таныстыру және шығармашылық кезеңдерінен тұрды. Үміткерлердің өнерін бағалауда көркем мәтінді оқу мәнері мен шеберлігі, қазақ тілінде орфоэпиялық тұрғыда таза сөйлеу мен сахналық мәдениетке ерекше назар аударылды. Рудный қаласы әкімдігінің "Қалалық тілдерді оқыту орталығы" МКҚК басшысының міндетін атқа-рушы Жанна Джамбурчинаның айтуынша, байқауға маусым айында ұйымдастырылған "Астана – менің мақтанышым" атты шығармашылық сайыстың сынынан сүрінбей өткендер қатысуда. Үміткерлердің дені қаланың білім беру мекемелерінде қызмет ат-қарады. Солардың қатарында қылқаламды жанына серік еткен балалар көркемсурет мектебінің ұстазы Елена Михайлова да бар.
– Мен үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Тілді меңгеру үшін, оған өзіңнің жүрегіңді ашуың керек" деген қанатты сөзі өмірлік ұстанымым іспетті. Тек шын ниетпен, таза жүрекпен жасалынған қадам нәтижеге бастары сөзсіз. Мен болашақта қазақ тілін жетік меңгеріп, ел дамуына тамшыдай болсын үлесімді қосуға тырысамын, – дейді ол.
Байқаудың алғашқы бөлі-мінде қатысушылар өздері туралы мағлұматтарды фото-бейне слайдтар арқылы көрсетіп, өлең жолдары арқылы әспеттесе, шығармашылық кезеңде "Үш бақытым", "Көк тудың желбірегені", "Қазақ жері осындай", "Отаным" сияқты танымал туындыларды нақышына келтіріп орындады. Десек те, жарыстың аты – жарыс. Сондықтан, жеңімпазды анықтап, марапаттау әділқазы алқасының еншісіне берілді. Қос кезеңдегі ұпайлар саны бойынша І орынды "Балдәурен" қазақ балабақшасының тәрбиешісі Алина Базюк еншіледі. №4 орта мектептің ұстазы Кристина Давыдова ІІ орынды иеленсе, ІІІ орын Елена Михайловаға бұйырды. Байқауда бақ сынаған барлық қатысушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетерлігі, қалалық тілдерді оқыту орталығы "Тіл – ұлттың жаны" деп аталған тілдер апталығы аясында бірнеше ашық сабақтар мен сайыстар өткізілді. Оларға 100-ге жуық өзге ұлт өкілдері қатысып, мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде меңгергендіктерін іс жүзінде дәлелдеп берді.
Қуаныш
     ЕСҚАБЫЛ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓