Қаланың даму қарқыны қалай?
Кейбір жеке компаниялардың сәулет және құрылыс нормаларын сақтамауы салдарынан Қостанайда инфрақұрылым саласында қиындықтар туындап отыр. Қала келбетінің келісті болуына бизнес өкілдері де жауапты болуға тиіс. Марат Жүндібаев кәсіпкерлермен кездесуінде осы мәселеге назар аударды.
Өндіріс өрістеп келеді
Аталған жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет туралы» бастамасы аясында өткізілді. Қала әкімі Марат Жүндібаев тұрғындармен бетпе-бет дидарласу арқылы түйткілдер түйінін тарқатуға, мәселелерді шешуде әрқашан ашық болуға ниетті екенін білдірді.
Кездесу үш бөліктен тұрды. Бизнесмендер әуелі атқарушы биліктің жыл басынан бергі жасалған жұмысы туралы есебін тыңдады. Екінші бөлікте жоспарлар, кезегін күткен шаруалар жайында айтылса, жиын сұрақ-жауап кезеңімен қорытындыланды.
Облыстың дамуына өңірдегі бас қаланың қосып отырған үлесі орасан. Марат Жүндібаев баяндамасында осы жөнінде ақпарат беріп, даму сатысындағы көрсеткіштерді тізбектеді. Қала экономикасының негізгі секторы – өндіріс саласы. Қазір Қостанайда 49 ірі және 109 орта өнеркәсіп орны жұмыс істейді.
– Кәсіпорындардың тұрақты жұмысы индустрия қарқынын үдетті. Биылғы 9 айда өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 849 млрд теңгеге жетті, 2021 жылмен салыстырғанда 112,7% деңгейді көрсетті, – деді Марат Жүндібаев.
Баяндамашы облыс орталығында машина құрастыру, қайта өңдеу және металлургия өнеркәсібі табысты дамып жатқанын мәлім етті. Оның айтуынша, аталған салаларды соңғы үш жылда 2-3 еседен өсім байқалған.
Қазына қаржысына түсетін салықтың жартысынан көбі шағын және орта бизнестің еншісінде Оларды қолдауға да айтарлықтай көңіл бөлініп келеді.
– «Екінші деңгейдегі банктердің кредиті бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау» жобасы шеңберінде 2022 жылдың 9 айында Қостанайда кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 8,2 млрд теңгелік 253 жобасы мақұлданды, – деп атап өтті әкім.
Ал «Екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру» жобасы бойынша 217 адамға рұқсат берілген, несиенің жалпы сомасы – 4,9 млрд теңге. 2019 жылы 405,2 млн теңгеге 26 кепілдік мақұлданған.
«Кәсіпкерлікті қаржыдан тыс қолдау шаралары» деген де жоба бар. Мысалы, жыл басынан бастап 675 кәсіпкерге бухгалтерлік және салықтық есеп саласында әртүрлі қызмет түрін көрсетіп, заң тұрғысынан кеңестер берген. Сонымен қатар, бизнес өкілдері сапа менеджменті жүйесін енгізу, маркетинг және ақпараттық технологиялар бойынша қызметтерін пайдаланған.
Қала бюджетіне түсетін салық түсімдеріндегі шағын және орта бизнестің үлесі – 65%
«Сәулетші әкімнен биік тұруы тиіс»
Жиналыстың екінші бөлігінде Марат Жүндібаев кейбір мәселелерге тоқталды.
– Көптеген жеке компаниялар тұрғын үй секторынан бірнеше жер телімін сатып алып, көпқабатты үйлер тұрғызып жатыр. Олардың кейбірі жалпы аумақтың орналасу жағдайын, инфрақұрылым әлеуетін есептемеген. Практика көрсеткендей, компаниялардың көбі үй салынатын жердің техникалық жағдайы туралы құжатты атқарушы билік органдарынан бұрын коммуналдық шаруашылық орындарынан алған. Бұдан былай құрылыс салуға рұқсатты алу үшін ҚР заңнамасына сәйкес негізгі ережелерді білу керектігін еске салғым келеді. Су, газ, электр тартуда арнайы бекітілген тәртіпті ескеру керек, – деді әкім.
Ұзын сөздің ырғасы мынау: ендігі уақытта құжаттарды құрылыс жүріп жатқанда түгендеу деген болмайды. Аумақтың техникалық жағдайы талапқа сай келгенде ғана үй немесе нысан тұрғызуға рұқсат беріледі. Ал ретсіз салынған құрылыс біріншіден, қала сәулетіне нұқсан келтіреді. Екіншіден, инфрақұрылымның ырғағын бұзып, түрлі қиындықтар туындатуы мүмкін. Қысқаша айтқанда, артық жүктеме – артық кедергі. Осы мәселе ретке келтірілсе, тұрғындар шағымы да азаяр еді. Жыл басынан бері заңсыз, ретсіз құрылыс жүргізген 49 заңды тұлға жауапқа тартылған.
– Сәулетші әкімнен биік тұруы тиіс, – дейді Марат Жүндібаев. – Мұны қазіргі жағдайға қарап айтып тұрмын. Өйткені, құрылысқа бірінші жауапты маман сол. Егер туындаған мәселені сәулет және қала құрылысы бөлімі шеше алмай жатса, техникалық комиссиялар бар. Оған барлық жағынан сауатты мамандар тартылған. Болашақта бүгінгідей ыңғайсыз жайттар болмас үшін бірге отырып шешеміз.
Қаланың ажар-келбетіне шағын дүкен, шаштараз ашқан кәсіпкерлер де немқұрайды қарап отыр. Нысанның маңайына гүл егіп қою былай тұрсын, тазалап тұруға ерінетіндер бар. Сондай-ақ жарнама билбордын ілетін тұғырлардың сұрқы сын көтермейді. Кездесуде әкім бизнесмендердің осы мәселелерге назар аударуын сұрады.
Жаңа нысандар бой көтереді
2023 жылы Қостанай әкімдігі Фролов көшесінде, Абай даңғылында қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізбек. Бұл жоба триатлон паркін одан әрі дамыту үшін жасалады.
– Мемлекеттік сатып алу порталында конкурс өткіздік, барлық жобаларға 900 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда жеңімпаз анықталған, олар жұмысқа кірісуге дайындалып жатыр. Ешқандай мәселе болмайды деп үміттенеміз, – деді Марат Жүндібаев.
Қала билігі «Шағала» жағалауын қайта құру және оны жағажайға дейін жалғастыру жобасын жандандырамыз деп отыр. Осы жобаның бір бөлігіндегі жаңа триатлон саябағында келесі жылы жарықтандыру, бейнебақылау камералары орнатылып, дәретханалар, сумен жабдықтау құрылғылары салынады. Жұмыстың жалпы құны – 1,5 млрд теңге.
– Мұның бәрі бір-екі жылға созылады. Мақсатымыз – демалыс орнын қала орталығынан жағалауға ауыстыру және мұнда бизнес үшін барлық жағдай жасау. Мұнда автобус қатынасын жіберуді де ойластырып жатырмыз, – деді әкім.
Марат Жүндібаев келесі жылдың тамыз айына дейін солтүстік-батыс шағын ауданы мен Әуежай шағын ауданы арасында жол салынатынына сенімді. Бұл Назарбаев даңғылындағы көлік легін азайтуға тиіс. Қазір жобаның құны есептелуде.
Алдағы жылы Әуежай және Юбилейный шағын аудандарында 280 орындық балабақшалар салынбақ. Сондай-ақ жақын арада Әуежай, Береке, Қонай шағын аудандарында жаңа мектептер ашылады.
Келесі жылы Юбилейный шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді.
– Онда бір гектардан астам жер бар. 1600 шаршы метрде кешен тұрғызылып, 48 де 24 метрге ойын алаңы салынады. Балалар мен аудан тұрғындары үшін бұл спортпен шұғылдануға керемет мүмкіндік, – деді қала басшысы.
Үшінші кезеңде жұртшылық өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Сауалдар негізінен көшелерді жөндеу, тұрғын үйлердің жағдайына қатысты болды.