«Топырағыңнан айналдым!..»

Наурызым  өңіріндегі аңызда Асан ата желмаясынан түсіп, біраз аялдапты дейтін Қайғы ауылының табиғаты да ерекше сұлу.  Сондықтан болар халқы да шетінен ақын, жыршы, әнші, әңгіме-шежіреші болып келеді. Абыз жыраудың табаны тиген қасиетті мекен шашасына шаң жұқпаған талай ақындарды дүниеге әкелген. Бабадан балаға мирас болған ақындық өнер жалғасын тауып кейінгі ұрпаққа да жеткен. Менің замандастарым Тортаев Қас-қырбай (марқұм), Шайынғазы Сейфолла, Қажи Абай, Бабыров Тоғайбай сынды ақындарды атаса болады. Шағын ғана ауылдан түлеп ұшып, бірі республика, енді бірі облыс көлемінде танылған бұл ақындардың әр қайсысының өзіне тән ерекше ақындық үні, қаламгерлік болмысы, нәзік сезім мен терең иірімдерімен әдептелген ғажайып әлемі бар.
Қасқырбай мен Сейфолла "Қайғы" сов-хозының Қарасу бөлімшесінде туып өскен. Екеуінің де ақындық өнерінің бастау бұлағы сол өңірдің керемет табиғаты мен дархан көңіл қарапайым тұрғындарының болмысының сусындап, нәр алып  жатқанын аңғару қиын емес.  Өлеңдерінде Қарасу мен Қызбел жоталарына деген сәби сүйіспеншілік, сағыныш жұпары аңқып тұрады.  Мәселен, Сейфолла Шайынғазы "Көңіл көкжиегі" атты жыр жинағында:
Бал дәуренді өткізген жер Қарасу,
Бөбегін ер жеткізген жер Қарасу.
Анадайын әлпештеген баласын
Сен мен үшін ерекшесің, данасың,
–деп кіндік қаны тамған Қарасуды тебірене жырға қосады. Жыр жолдары қарапайым халықтық дәстүрдегі жеңіл ұйқас-қа құрылғанымен, ой айқындығы мен сезім қуатына оранған перзенттік сүйіспеншілік оқырманды бей-жай қалдыра алмайды. Сейфолланың "Дүние дәурен" атты кітабында қатпарына талай тарихтың жұмбағы жатқан Қызбел тауының кейпі керемет суреттеледі. Ақын ұзыннан-ұзақ созылып жатқан тау жоталарын уақыт керуеніне балайды, туған жердің әр тасынан тарих жазуын оқуға ұмтылады:
 Өркеш-өркеш тау жотасын
мұнартқан,
Ұқсатамын керуенге жүк артқан.
Алып таудың әр тасының сыры бар,
Сондықтан да тауларға мен құмартам.         
С.Шайынғазының осы жинағына енген "Даламен тілдесу" атты өлеңде туған жер тағдырына алаңдаушылық айқын сезіледі. Кезінде берекесі асып, дәулеті шалқыған дархан даланың бүгінде тамырынан қан қашып, жұтаған кейіптің себептерін іздейді:
О, менің тұйық мінез қиыр далам,
Жүзіңді нәубәт дәуір шиырлаған.
Азық боп жем іздеген ит пен құсқа,
Өз нәрің өз бойыңа бұйырмаған,
– деген жолдарда өтпел дәуірдің ауыр елесі мен ащы шындығы жатыр.
Қайғының талантты перзентінің бірі, бойындағы дарыны мен жалыны мол, марқұм Қасқырбай Тортаев еді. Ақындығына қоса, әншілік, күйшілік өнері де мықты болатын. Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Сырлы да парасатты жырлармен елге енді таныла бастаған шағында,  небары 24-ақ жасында өмірден өтті. Қайғының табиғатына Қасқырбай шебер жырлайтын. Оның Қарасуына сырын атқаратын сұлу лирикалық өлеңінде туған жер табиғаты мен адам тағдыры егіз суреттелетін.  Қасқырбайдың әр өлеңінен-ақ туған Қарасуына деген шынайы махаббат сезімі төгіліп тұратын.  Өкінішке орай, құнттаған жан болмаған соң,  өлеңдерінің көбі жоғалып кетті.   Оның есімізде қал-ған бір өлеңі:
Қарасу сенің сағындым айнадай
жалтыр көліңді,
Қарасу сенің сағындым Қызбелдей
асу беліңді.
Өзіңде өткен бал  дәурен,
балалық шақты аңсаумен,
Жүрегім талай егілді..
– деп келеді. Өлеңінен жусанның иісі аңқып тұратын ақынның өлеңі қандай шынайы болса, өзі де сондай шыншыл еді. Көңілі даладай кең, жас баладай үлкенге де, кішіге де аңқылдап жүретін. Тірі жүргенде қазір кем дегенде 2-3 жыр жинағы шығып, өлеңдерін ұл-қызымыз бен немерелеріміз жатқа оқып жүрер ме еді. Амал нешік, туған елдің құшағы мен ағайынның маңдайына сыймай кеткен дарынды туған топырағы мәңгілік бауырына басты. Қасқырбайдың өзі де тағдырын алдын ала сезгендей алабұртып бір өлеңін оқитын. Сол өлеңінің бір шумағы есте қалыпты:
Мен білмеймін қай күні сөнерімді,
Тәлкегіне тағдырдың көнерімді.
Мен білемін мен деген адамдардың,
Жылап тұрып оқырын өлеңімді.
Мұндай жыр жолдарын селт етпей оқу мүмкін бе?! Өз-өзіне сенімді, қуатты шын ақын ғана осылай жаза алады. Қасқырбай Қайғы көгіндегі жарқ еткен жасын еді, расында. Енді оның ел есінде қалған өлеңдерінің басын құрап, бір жерге топтастырып, жарыққа шығарсақ, әруағы разы болар еді?..
Қасқырбайдың туған жерге деген қы-лаусыз махаббаты "Қостанайым" атты өлеңінде сәтті көрініс табады.   Ақын бойындағы рухани байлықтың барлығын туған жердің өзіне тартқан сыйы деп қабылдайды. Қостанай өңірінің ырыс-берекесін шабыттана жырға қосқан ақын күзгі қырманда ел байлығын биік пирамидаға теңейді:
Қостанайым, жыр-ғұмырдың арқауы,
Сенде зәулім пирамида– дән тауы.
Саған деген махабаттың мендегі,
Мүмкін емес көз жұмылмай тарқауы.
Қайғының енді бір талантты ақыны – Тоғайбай Бабыр. Өлеңдері ертеректе газет-журнал беттерінде жиі жарық көретін. Қаламы қолынан әлі де түсе қойған жоқ. Өлеңдері шымыр, өзіміздің ортада тосынан суырып салатын тапқырлығы да басым. Республика көлемінде кең насихатталмады.
Дегенмен Тоғайбай – нағыз ақынның өзі. Нанбасаңыз Қайғыға арналған өлеңінен үзінді оқып көріңіз:
Мені өсірген, кем қылмаған қатардан,
Шағын ауыл ауыр атпен аталған.
Аты Қайғы болса-дағы, заты – бақ,
Асан ата рухынан бата алған.
Немесе,
Ұғамын ғой өзіңнің жайыңды,
Өшіп бара жатқандай ауылдар.
Жоқ жауын да, аяққа байырғы,
Жабыспас-ау сазың да бауырмал.
                        
Жылжып жылдар өткесін арада,
Елім емес, жолықсам елеспен.
Сұрағы көп немере-балама,
Ауыл қайда демекпін мен өскен!
Тоғайбай – сыршыл ақын. Қайғының кейінгі жылдардағы жұтаң тіршілігі ақын жүрегіне сызат салғаны, көңілін мұңды сарынға жеңдіргені аңғарылады.
Қайғының өнерлі ұландарының бірі – ұзақ жылдар ішкі істер саласында өзіммен қызметтес болған, қазір отставкадағы подполковник Абай Қажи. Тынымсыз қызметте жүріп, домбырасы мен қаламын қолынан бір тастамаған ақын Абайдың есімін қалың ел біледі. Өлеңдері өзіне ғана тән ерекше көркем кестеге бай. Мәселен:
Сағындырған туған жердің келбеті,
Белдерінен ерке бұлақ құлаған,
Сұлулықтың ансамблі – көл беті,
Ал жусаны – жазылмаған роман.
Қайғы табиғатына бұдан артық теңеу табу мүмкін емес шығар. Туған жерін жырына арқау қылған ақын қараша ауылдың келбетінің өзін Қырымға теңгерісі жоқ. Кіндігі мәңгі байланған жауыр жоталарын екі дүниенің жұмағынан да артық көреді.
Мен бір ауылда туып-өсіп, туған жерінің табиғаты мен тіршілік-тынысын, тарихы мен тағдырын өнерлерінің алтын арқауы еткен төрт ақынның шығармашылығы туралы қысқаша ойымды оқырманмен бөлістім. Туған жердің қасиетін өлеңге өзек еткен азамат ақындарды мен қашанда мақтан етемін.
Назымбек Ғалымұлы.
Қостанай қаласы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓