Жол сапалы болсын десек…
Облысымыз үшін биылғы мамыр айы жауын-шашынға толы болды. Осы аптаның дүйсенбісінде басталған жаңбыр әлі күнге толастар емес. Шелектеп құйған нөсердің салдарынан қаладағы жолдарды жөндеу жұмыстары кешеуілдіп отыр. Жолдардың сапасы және шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қала әкімі Ахмедбек Ахметжанов журналистермен кездесуде айтты.
Биылғы жылдың жоспарына сай қаладағы Герцен, Чехов, Таран, Досжанов көшелері жөнделмек. Орташа жөндеу жұмыстар үшін бюджеттен 224млн.тенге қарастырылған. Бір өкініштісі жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыруға табиғаттың тосын мінезі кедергі келтіруде.
-Өткен жылдармен салыстырғанда биылғы мамыр айындағы жауын шашын мөлшері мол. Сондықтан қаладағы жол жөндеу жұмыстары кешеуілдеп отыр. Мұндай қолайсыз жағдай үшін көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерден кешірім өтінеміз. Біз үшін жолдың сапалы болғаны маңызды,-деді Қостанай қаласының әкімі А.Ахметжанов.
Журналистермен кездесуде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы да сөз болды. Соның ішінде азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселесі де бар. Шаһар басшысының айтуынша, қазіргі уақытта 10 273 қостанайлық баспана кезегінде тұр. Қала халқын үймен қамту «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Елбасының Жолдауы, «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы және «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» арқылы жүзеге асуда. Биылғы наурыз айында әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар мен бюджеттік саланың қызметкерлеріне «Арман» тұрғын үй кешенінен 11 пәтер берілді. Сондай-ақ үшінші тоқсанда 80 пәтерде қоныс тойы тойланбақ. №3 орта мектеп ауданынде және Текстильщиков, Красносельская, Қайырбеков көшелерінде салынып жатқан арендалық тұрғын үйлер де биыл іске қосылмақ. №19 мектеп ауданындағы Мирошниченко көшесінде бой көтеріп жатқан көпқабатты үй биылғы қыркүйекте пайдалануға беріледі. Ал Чкалов көшесіндегі құрылысы басталған көпқабатты үй келесі жылдың жоспарында. Аталған бағдарлама бойынша Майлина 19/1 және Аэропорт ауданында екі үй салынып жатыр.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.