Ауылға АУЫЗ СУ келді

IMG_8569Жұртшылық үшін аса маңызды болып отырған ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оңтайлы шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып жатыр. Қай кезде болмасын ауыз судың сапалы болуы маңызды. Су – тіршілік көзі. Халық денсаулығының мықты болуы да таза ауыз судың сапасына байланысты. Жұртшылықтың талап-тілегі біреу. Ол ауыз судың сапалы әрі қолжетімді болуы. Осы жайттар мемлекет тарапынан ескеріліп, мемлекеттік қазынадан қаражат бөлінді. Әр облыс бағдарлы жұмыстар атқарып жатыр. Бұл бағытта облыс көлеміндегі аудандарда айтарлықтай іс атқарылуда. Сондай ауданның бірі – Алтынсарин ауданы.
Сөз еткелі отырған "Ақ бұлақ" бағдарламасы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен бекітілді. Бағдарламаның басты мақсаты биік. Халықты қажетті мөлшердегі және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Оның іске асырылу мерзімі де белгілі. 2011 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. "Ақ бұлақ" IMG_8505өңірлік бағдарламасының іс-шараларын жүзеге асыру Алтынсарин ауданының халқын қажетті көлемде сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жергілікті билік те елді таза ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отыр. Өйткені, бұл мәселенің халық денсаулығына да, күнкөріс деңгейінің жақсара түсуіне де тікелей қатысы бар.
Аталған ауданда су мәселесі қиындығын туғызып келгені рас. Бұрынғы су құбырлары түгелімен ескі еді. Тұрғындар күнделікті ауыз суды "Обаған су" жеке фирмасынан сатып алып отырды. Енді ол күндер артта қалды. Обаған, Силантьев, Щербаков ауылдарының халқын ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған су құбырының құрылысы "Ақ бұлақ" бағдарламасы аясында жүргізілуде. Бұл салаға республикалық және облыстық бюджеттен 1 439 289,6 мың теңге бөлінді. Бүгінде соның 68 пайызы игерілді. Биылғы жылы Большая Чураковка ауылы кезекте тұр. Тұрғындар үйлеріне суды өздері кіргізіп алады. Қазіргі күні нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүруде.
"Пластстандарт" ЖШС бұл іспен екінші жыл айналысып жатыр. Далада жұмыстарды жүргізіп жатқан жерде бірнеше жұмысшы қызу іске кіріскен.
– Қай заманда да халықты сапалы ауыз сумен қамту маңызды мәселе. Мемлекет тығырықтан шығудың жолдарын дұрыс шешіп, тұрғындардың жағдайы айтарлықтай жақсарып келеді. "Ақбұлақ" бағдарламасы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жерасты суларын тиімді пайдалануда. Бүгінде Алтынсарин ауданы бойынша Обаған, Силантьев, Щербаков ауылдарына су тартылып жатыр. Бүгінгі күні 500-600 құдық қазылды. Орынкөл жерінде 140 метрлік үш скважина да қазылып, іске қосылды. Бұл 50 жылға жарамды. Енді Малая Чураков селосына су бере бастадық. Жұмыстар ретімен атқарылып келеді", – дейді учаскі басшысы Айдар Абзалұлы.
IMG_8476Ауыз судың зардабын тұрғындар кезінде аз көрмеді. Суды тасып, сатып алып отыратын. Бүгінгі таңда ауыз су проблемасын толықтай шешу мақсатында атқарылып жатқан істерге өзіміз де куә болдық. Бұған дейін аудан тұрғындарын ауыз сумен "Обаған су" ЖШС қамтамасыз етіп келгені белгілі. Оған қоса бір фляг суды 10-40 теңгеден сатып алып келген жұртшылық үшін енді "Ақ бұлақтың" арқасында бұл қиындықтардың артта қалары сөзсіз.
Аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы Қ.Садықовтың   айтуынша, аталмыш бағдарлама бойынша ауданға су тарту былтырғы жылдың мамыр айында қолға алыныпты. Жобаға республика және облыс қазынасынан жалпы сомасы 1 млрд. 439 млн. теңге бөлінген. Содан бері құрылыс қызу жүруде.
– Ауыз  су мәселесі жалғыз біздің ауданда ғана емес, еліміздің әр өңіріндегі басты проблемалардың бірі десек те болады. Бірақ, соңғы жылдары бұл проблема да біртіндеп өз шешімін тауып келеді. Елімізде қолға алынған "Ақ бұлақ" бағдарламасының да басты мақсаты –  еліміздің аймақтарындағы елді-мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету ғой, осының арқасында міне, біздің ауданымыз да сапалы ауыз суға қол жеткізгелі жатыр. Осыған дейін аудан тұрғындарына су белгілі бір уақытпен қана, күніне екі сағат ғана беріліп келсе, енді күндіз-түні сумен қамтамасыз етіліп отыр. Жұмыс 2015 жылы құрылыс аяқталып, сапалы ауыз су толықтай іске қосылатын болады. Мердігер "Пластстандарт" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де қазіргі күні өз жұмыстарын сапалы атқарып жатыр, – дейді Қалимәрден Жұмабайұлы. 
IMG_8548Аудан тұрғыны Исахмет Абдрахманұлы жұмысшы. Осы ауданда 13 жылдан бері тұрып келе жатыр. Ауыз судың берілгеніне қуанышты ағамыз ризашылығымен де бөлісті.
– Былтырдан бері су беріліп, жағдайымыз жақсарды. Бұрын бір флягасын 10 теңгеден сатып алатынбыз. Енді рахат. Су үйге кіріп тұр. Үйге 50 мың теңгеге кіргізіп алдық. Керек кезінде кранды ашып ала қоямыз. Судың сапасы да жақсы. Елімізде сапалы ауыз суға жарымай отырған елді-мекендер көп-ақ. Өзіміздің басымыздан өтті ғой. Бұл мемлекеттік бағдарламаның арқасы. Осының аясында да көптеген елді-мекендерге, әсіресе шалғайдағы ауылдарға да су тартылып, халық сапалы ауыз судың игілігін көре  бастады, – дейді ауыл тұрғыны Исахмет Абдрахманұлы.
Осы сияқты ауыз судың шапағатын көріп отырған жанның бірі – Бахытжамал Сәбитова. Зейнеткер апамыз Ұзынкөл ауданынан Алтынсарин жеріне көшіп келгеніне 5 жылдың жүзі болыпты.
– Үйге су кіріп рахатын көріп жатырмыз. Бұрын күніне 2 сағаттан беретін, қазір күні бойы беріліп тұрады. Қазір "су тасыңдар" деп балалардың мазасын алмаймын, су үйде. Монша жағамыз, кір жуамыз. Су тіршілік көзі ғой. Кенже баламның қолында шалқып өмір сүріп жатқаным тыныш заманның арқасы. Осындай игі істер су зардабын көріп отырған әр ауылда атқарылып жатса игі, – дейді Бақытжамал апа.
Қазір құрылыс басында жұмыс қызу жүріп жатыр. Осы күні су қорын сақтайтын екі үлкен резервуар орнатылған. Скважинадан келген су осы қоймаларда сақталады, бұл бүкіл ауданды сумен қамтуға жетеді деп отыр мамандар.
– Жалпы, біздің аудан бойынша он екі елді-мекен бар. Әрине, оның бәрін бір-екі жылдың бедерінде сапалы ауыз сумен қамту мүмкін емес, ол болашақтың еншісіндегі жұмыстар. Қазір аудан орталығына тартылып жатыр, оған да шүкір. Бірте-бірте осылайша ауылдарға да жетері сөзсіз. Аудан, ауыл орталығына су құбырлары тартылған соң, әркім-нің өз үйінің ішіне су кіргізіп алуы өз қолдарында. Сонымен қатар, әр үйге есептегіш құралы да IMG_8491орнатылатындықтан үй иелері де суды ысырап етпеуге, үнемдеп пайдалануға әрекет ететін болады. Бұл кімге болса да өте тиімді болмақ. Ең бастысы, орталықтандырылған су құбыры тартылса, оның өзі қарапайым халыққа үлкен жеңілдік, – дейді Қ.Садықов.
Ел ырыздығын арттырып, көптің алғысын арқалаған "Ақ бұлақ" бағдарламасы аясында атқарылып жатқан бұл бір аудандағы іс. Осы сияқты облыс бойынша қаншама ауылға ауыз су жетіп жатыр. Келешекте су машақатын көріп отырған тұрғындардың жанайқайы да осылайша оң шешімін тауып жатса игі.
Айтолқын
       АЙҚАДАМОВА
Алтынсарин ауданы.
Суреттерде: Аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы Қ. Садықов; сумен қамтылған тұрғындар И.Абдрахманұлы мен Б.Сәбитова; жұмыстың қызған шағы.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓