Жаңа кітаптың тұсаукесері
Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Махмұд Қашғари атындағы және "Алаш" халықаралық сыйлықтарының иегері Ақылбек Шаяхметтің "Сенім" кітабының тұсаукесері өтті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен жарыққа шыққан жаңа туындының таралымы – 5000 дана.
– Кітап төрт бөлімнен тұрады. Онда тәуелсіздігімізге, келешегімізге, жастарға, махаббатқа деген сенім жырланады. Өмір, табиғат, махаббат жыр жинақ республиканың барлық облыстық, аудандық, қалалық кітапханаларына, ЖОО кітап қорына таратылды. Алғашқы тарауда өз жеріміздегі топонимикалық атаулар, олардың шығу тарихы, Шоқан, Ыбырай, Ахаң, Би-Аға, Елдес, Омар бастаған тұлғалар, негізгі бөлім философиялық көзқараста жазылған жырлар. Әрине, махаббат, жастар тәрбиесі тақырыптан шет қалмаған. Мұнда бұрын баспаларда жарық көрмеген жырлар көптеп топтастырылған, – деді автор.
Шараға арнайы келген журналистика ардагері Сейфолла Шайынғазы мен кеш иесі жаңа туындының тұсауын кесті. Ақынның қаламдас ағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сатирик Ғұмар Ахметчин, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ профессоры Қалқаман Жақып, әріптесі Күләш Байдалы, шығармашылығын шынайы бағалай келген ел ағалары Мұхамеджан Жетпісбаев, Ерік Баковтар құттықтау лебіздерін жеткізді.
Шығармашылығына 50 жылдан аса уақыт болған Ақылбек Қожаұлының құтты Қостанай топырағындағы алғаш еңбек жолы 1968 жылы басталды. Әулиекөлдегі аудандық газетте, Алматы облыстық «Жетісу» және өңіріміздің «Қостанай таңы» газетінде тілші болып келген шақта еселене түскен еді. Қаладағы дарынды жастарды жинап сөз өнеріне баулыды, тегін қоғамдық дәрістер өткізді, ел жұмысына белсене атсалысты. Жүрегінен өлең болып өрілген тұңғыш жыр жинағы 1977 жылы жарыққа шықты. «Бағдаршам», «Есте қалар ел тарихы», «Пирамида», «Жұлдызды дәуір», «Тайбағар», «Сөз», «Каскалар мен маскалар», «Нар қазақ — намысы бар қазақ», орыс тіліндегі «Голос степи», «Мінәжат» қатарлы бүгінгі күнге дейін жазылған 45 кітапқа енді «Сенім» қосылып отыр.
Қыдырбек Қиысхан,
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков