Премьер-министр Рудныйға барды
Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігіне (ССКӨБ) барды. Бұл туралы Рудный қаласындағы меншікті тілшіміз хабарлайды.Алғашқы ат басын тіреген нысан Соколов кеніші болды. Ол Рудный қаласынан солтүстікте 1,5 шақырым жерде орналасқан. Ашық әдіспен аршу жұмыстарының тарихы тап осы кен орнынан бастау алған. 1955 жылдың 13-қаңтарында аршыманың бірінші шөміші тиелді. Сол уақыттан бері кен өндірісі бір тоқтаған емес.
Тау массасы кенжардан және ауыстырып тиеу қоймасынан ЭКГ-8И және ЭКГ-15М экскаваторларымен артылады. Бұдан әрі CAT-777 технологиялық автосамосвалдарымен ауыстырып тиеу қоймасына жеткізіледі. Ол жерден – темір жол көлігімен жоғарыға шығарылады. Кенді фабрикаға және аршыманы сыртқы үйіндіге тасымалдау үшін ПЭ-2М тарту агрегаттары мен 2ВС-105 думпкарлары пайдаланылады.Кеніштің көру алаңында ССКӨБ президенті Береке Мұхаметқалиев ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа кәсіпорынның даму стратегиясын таныстырды. ССКӨБ 4.0 Индустриясы технологиясын енгізуге кірісті. Олардың қатарында «Ақылды байыту фабрикасы» және «Ақылды кеніш» жобалары бар. Соңғысы 2017 жылдың желтоқсанында Индустрияландыру күніне орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір кезінде іске қосылған болатын.
Бұдан былай кеніштегі жағдайдың оперативті мониторингі, қажетті түзетулерді енгізу және жабдықты тиімді үлестіру жұмысын компьютер атқарады. Барлық өндірістік процестің толық автоматтандырылуы Қашар кенішіндегі жабдықтардың өнімділігін арттырды. Сондай-ақ осы инновацияны Соколов кеніші мен ССКӨБ-тің басқа кеніштерінде енгізбек. Ал алдағы уақытта жоба Еуразиялық Топтың барлық өндіруші кәсіпорындарын қамтитын болады.
– Ең заманауи технологияларды қолдану арқылы техникалық қайта жарақтану бізге экономикалық тиімді жобаларды табысты дамытуға мүмкіндік береді. Осы арқылы еліміздің тау-кен металлургиялық кешенінің бәсекеге қабілеттілігі нығаймақ. Сондықтан 4.0 Индустриясы элементтері тау-кен өндіру өнеркәсібінде қолданылатын болады, – деді ССКӨБ президенті Береке Мұхаметқалиев.
Премьер-Министрдің ССКӨБ қызметімен танысудың келесі нысаны – кадрларды даярлап оқыту орталығы. Мәртебелі қонақтардың назары алдымен «Lean Academy» кабинетіне ауды. Бұл жоба қызметкерлерді «ұқыпты өндіріс» принциптеріне оқытуға арналған. Жаңашылдықтың негізгі идеясы теориялық білімді мейлінше практикамен ұштастыру. Яғни курсанттар қағазға аз уақытын арнап, өз білімдерін бірден мысал ретінде арнайы әзірленген оқыту желісіндегі фабрикалық конвейердің ролигін жинауға үйренеді. Процесс шынайы еңбек жағдайына барынша жақындатылған және оның барлық кемшіліктерін көрсетеді. Мысалы: жабдықтар бей-берекет қойылған, материалдар ағыны шиеленіскен, жобаның тренерлері өндірісте жиі бракқа жол беретін мүлдем ынтасыз қызметкерлердің рөлін ойнайды. Бақытжан Сағынтаев кеншілердің өндірісте ғана емес, өз жұмыскерлерін оқытудағы жаңалығын бағалады. Үкімет басшысы ССКӨБ алғашқылардың бірі болып инновациялық технологияларды енгізу жауапкершілігін мойнына алғандығын, сол арқылы басқаларға жақсы үлгі болғанын атап өтті. Сапарының соңында Бақытжан Сағынтаев кәсіпорынның кадрларды даярап оқыту орталығының ең үлкен дәрісханасында жастармен кездесті.
Қуаныш Есқабыл