АЛДАНЫП ҚАЛМАҢЫЗ!
Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, алаяқтарға алданған азаматтардың қатары күн өткен сайын қалыңдай түсуде. 2018 жылы Қостанай облысында алаяқтық әрекеттермен байланысты 353 қылмыс тіркелді. Зиян көлемі 2 мыңнан 10 миллион теңгеге дейін өсті деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
Алаяқтықтың ең көп таралған түрі – ғаламтордағы INSTAGRAMM, KOLESA.KZ, Kriһа.kz, OLX сияқты заманауи желілер арқылы тауар сату туралы хабарландыру орналастыру. Электронды сауда алаңдары мен әлеуметтік желілерде фейк парақша ашқандар көп жағдайда жылжымайтын мүлік, автобөлшектер және мезгілге сай киімдерді саудаға салады. Алаяқтар өз құрбандарын тауардың төмен бағасымен және тиімді ұсыныстарымен (тез және тегін жеткізу) қызықтырып, ақша қаражатын алдын ала QIWI-әмиянға немесе экспресс-төлемдер арқылы банктің есепшотына аударуды сұрайды. Содан кейін тауар сатушы бірнеше күн бойы түрлі сылтаулар айтып тауарды тез арада жеткізуге уәде береді де, соңында мүлдем жоғалып кетеді.
Сондай-ақ көрсетілген сайттар арқылы алаяқтар түрлі тауар сататын болашақ құрбандарын тауып алады, хат алмасу және телефонмен сөйлесу арқылы оның сеніміне кіреді, жәбірленушінің банктегі есеп шотына ақша аудару жолымен тауар үшін алдын ала төлем жасау туралы ұсыныс жасайды. Осыдан кейін жәбірленуші барлық картасының банктік реквизиттерін, жеке басын куәландыратын құжат номерлерін, өзінің шотына ақша «қабылдауға арналған» СМС паролін хабарлайды. Осының бәрін қолына түсірген алаяқ әлеуметтік инженерияны пайдаланып жәбірленушінің есеп шотындағы қаражатқа қол жеткізеді. Сонымен қатар, қолына түсірген жәбірленушінің жеке мәліметтері бойынша сайттарда микроқаражат қызметін атқаратын қарыз рәсімделеді.
Интернет желіде осы күндері ҚР банктерінің қара тізіміне іліккендерге несие алуға көмек көрсету жөніндегі хабарламалар кеңінен таралуда. Хабарландырулар көбіне OLX.кz сайтында, микрокредит ұсынатын түрлі сайттарда жарияланады. Алаяқтар қармағына іліккендерге банктердегі «беделді көкелерінің» көмегімен, шаруаны бірер сағатта шешіп беретіндерін алға тартады.
Сондай-ақ, кейбір әлеуметтік желілерде бір тауар алған жағдайда екіншісін тегін беру, тауарға қосымша сыйлық беру, тегін жеткізу, букмекерлерлік кеңселердегі бәс саудасына көмек көрсету, спорттың «келісімді» ойындары туралы жалған ақпарат тарату сынды әрекеттер көбейген. Ең сорақысы, айлакерлер танымал блогерлерге жарнама жасаттырып, өз тұтынушыларының қатарын еселей түсуде.
Осыған байланысты Қостанай облысының Полиция департаменті әлеуметтік желі қолданушыларын сақтық шараларын күшейтуге шақырады. – Егер қандай да бір тауарды ғаламтор арқылы сатып алу қажеттілігі туындаса, хабарландыруды мұқият оқып тексеріңіз, оны жариялаған тұлға туралы ақпарат жинаңыз, басқа сатып алушылардың пікірлерін оқыңыз. Алайда, қылмыскерлер қосымша жалған парақшалар ашып, сол арқылы өздері туралы оң пікірлер жазуы да мүмкін екенін ескеріңіз, – дейді баспасөз қызметінің өкілдері.