Жалған диплом абыройдан айырды
Маржан мектепті бітіргесін орта білім алып, аудандық білім бөліміне әдіскер болып жұмысқа орналасты. Алайда ол жалақысын азсынып, жағдайын жақсартуды ойлады. Жоғары білімі жоқ қыз одан әрі оқуды емес, оңай жолды таңдап, жалған диплом іздеді. Сағындық деген танысы оның арманын шындыққа айналдырып, Алматыдағы технологиялық университетті бітіргені туралы жалған диплом тауып берді. Бұл ісінің арты не боларын ойлаған Маржан жоқ.
Бір жыл өткен соң аудандық білім бөліміне жаңа басшы келді. Қызметкерлердің жеке істерімен танысқан басшы Маржанның дипломынан күмәнданып, Алматыдағы университетке сұрау жіберіп еді, Маржанның дипломы жалған болып шықты.
2013 жылдың қараша айында Маржанның ісі Таран аудандық сотында қаралып, оған 2 жыл сынақ мерзімі белгіленді. Қазір ол Қостанай қалалық қылмыстық-атқару инспекциясының бақылауында өз жазасын өтеуде.
Қостанай облысы бойынша ҚАЖД Қостанай қалалық қылмыстық-атқару инспекциясының материалы бойынша дайындалды.