Апатта төрт рудныйлық зардап шекті
Облыстық ТЖД баспасөз қызметі 20 қыркүйек күні кешкісін Челябі-Троицк автожолының 124-ші шақырымында жол-көлік апаты болғаны туралы ресейлік әріптестерінен хабар алды.
Фольксваген-Транспортер автомобилінің 25 жастағы жүргізушісі алдында келе жатқан көлікті басып озбақ болды. Ол қозғалыстың қарсы бетіндегі машинаға соғылып қалмас үшін жол жиегіне шықпақ болғанда рульге ие бола алмай қалды. Ішінде бес адам бар көлік бірнеше рет аударылды. Автомобиль иесі 1968 жылы туған рудныйлық азамат екен. Апаттың салдарынан Рудный қаласының 4 тұрғыны зардап шекті. Бір әйел жеңіл жарақат алды, ал ауыр жарақаттанған үш әйел мен жүргізуші Троицк қаласының ауруханасына жеткізілді. Әйелдер Челябі әуежайы арқылы Египетке ұшпақ болған.
Машина баланы соғып кетті
21 қыркүйекте түс кезінде Қостанай қаласында Қайырбеков көшесіндегі өтпе жолда ВАЗ-2103 автомобилінің жүргізушісі 6 жастағы баланы соғып кетті. Басынан, миынан ауыр жарақат алған бала облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. 20 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 296-1 бабы бойынша хаттама толтырылды. Істің мән-жайы анықталуда.
Жалпы жыл басынан бері облыс аумағында 483 жол-көлік оқиғасы болып, апат салдарынан 83 адам қаза тапты және 608 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Балалардың қатысуымен 80 жол-көлік оқиғасы болып, 91 бала жарақаттанып, 4 бала мерт болды.
Өрт екі адамның өмірін жалмады
19 қыркүйек күні Таран ауданының Май селосында Садовая көшесіндегі бір үй отқа оранды. Өрт сөндірушілер үйдің иесін құтқарып қалды. Өрт сөндірілгеннен кейін 1965 жылы туған ер адамның мәйіті табылды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
20 қыркүйек күні таңертеңгі сағат 7-де Меңдіқара ауданының Боровское селосында бір үйде өрт шықты. Бір сағаттан соң өрт өшірілді. Оқиға орнынан 1951 жылы туған үй иесінің мүрдесі табылды. Өрттің шығу себебі анықталуда.