Әскер қатарына алынатын жастар саны азайып барады
1 сәуірден бастап «Көктем – 2015» мерзімдік әскери қызметке сарбаздарды шақыру науқаны басталады. Қостанай облысынан бір мыңға жуық бозбала азаматтық борышын өтеуге аттанбақ. Осы ауқымды шара қалай жүзеге асырылатыны жайлы Қостанай облысы бойынша Қорғаныс істері департаментінің әскери қызметшілерді мерзімдік және келісімшарт бойынша әскери қызметке шақыру басқармасының бастығы Ғизат Қабылқаұлы Шалтықов әңгімелеп берді.
– Ғизат Қабылқаұлы, бүгінгі күні сарбаздарды іріктеуде қандай талап қойылады? Болашақ сарбаздарды қалай бағалайсыз?
– Қазір әскерге шақырылудың талабы күшейтілді. Саны көп сапасы жоқ сарбаз жинаудан аулақпыз. Бүгінгі күні әр бозбаланың денсаулығымен қоса оның моральдық-психологиялық жағдайына ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан қазір жігіттерімізді зерделеу кезінде олардың ата-аналарымен де жүздесіп, балаларының жай-күйін білеміз. Әскерге жарамды дегендері одан кейінгі іріктеуге қатысады. Медициналық тексерумен қоса, психолог мамандардың сұрыптауынан өтеді. Психологтар тестілеу өткізіп қана қоймай, «Ақ сұңқар» полиграф құралында тексереді.
Кейбір бозбаларды көзбен шолып қана азаматтық борышын өтеуге жарамсыз екенін білуге болады. Спортпен айналыспаған, күндіз-түні компьютер алдын отырған, анасының әлпештеген еркелерін бірден танисын. Ал олады тексере келгенде әр түрлі дерттері шыға келеді, бойында қайрат жігер жоқ екендігі де анықталады. Компьютердің алдынан шықпай, бар уақытын ғаламтордағы ойындарда өткізетін, дене шынықтырумен айналыспайтын жастар медициналық тексерден өтпей қалады. Қазіргі кезде әскерге шақырылушыларға жалпан табандылық, көз көруі нашар, омыртқа қисықтығы сияқты диагноздары жиі қойылады.
Әрине, мұндай жастарымыз азаматтық борышын өтей алмайды. Шын мәнісінде бұл бәрімізді қынжылтады. Өскелең ұпрағымыз осындай әлсіз болса, елдің қамы не болмақ деген ой туады.
– Қазіргі жастарда азаматтық борышын өтеуге құлшыныс, отансүйгіштік сезімдері бар ма? Әлде, әскерден жалтармақ болғандар көп пе?
Бес саусақ бірдей емес дегендей, бірі жалтарудың амалын іздесе, енді бірі денсаулық жағдайына байланысты жарамсыз болса да, Отан алдындағы борышын өтеуге ынталы болады. Бірақ, ауылдың қара домалақтары арасында әскерге деген құлшыныс басым. Олардың дайындығы да жаман емес.
Ал әскерден қашып құтылу қазір мүмкін емес. Өйткені заңды себепсіз мерзімдік әскери міндеттен бас тарту қатаң жазаланады. Ондай жастарға 1000 айлық есіптік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, түзеу жұмыстарына жұмылдырылады немесе 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.
Әр жыл басында есепке алу жұмысы жүргізіледі. Сол кезде азаматтардың жас ерекшеліктеріне қарай әскер қатарына алынатындар тізімі жасалады. Өкінішке қарай, бұл тізім жыл сайын қысқарып келеді. Мәселен, 2012 жылы – 5 500 бозбала есептелсе, 2013 жылы – 5 000, 2014 жылы 4 600. Ал бізге керісінше жылдан жылға мерзімдік әскери қыметке шықырушылар санын арттыру талабы қойылып отыр. Мүмкін бұл демографиялық мәселе болар. Оны біз дөп басып айта алмаймыз. Қазір мысалы 1987 – 1996 жылдары туылғандар әскерге алынуда. Ал бұл мемлекеттегі ауыспалы кезең, тәуелсіздіктің алғашқы жылары.
– Соңғы кездері әскер қатарында әр түрлі қайғылы оқиғалар болып жатыр. Ата-аналары бауыр еті балаларын Отан қорғауға жіберіп, бейбіт өмірде зар жылап қалады.
Басқа өңірлерде сарбаздар арасында өз-өзіне қол жұмсау және басқа да келеңсіз оқиғалар болып жатыр. Тәуба дейік, Қостанай облысынан шақырылғандар арасында мұндай әрекет жасағандар тіркелген жоқ. Сарбаз атына, Қарулы Күштер атына кір келтірмей, Отан алтындағы борышын шыдамдылықпен, төзімділікпен, адалдықпен атқарып, аман-есен елге оралып жатыр. Басында айтқанымдай, адамның психологиялық салауаттылығына ерекше назар аудару керек. Өзіне қол жұмсау ойы бар адам психологиялық тесттерден бірден байқалады және оларды әскерге шақыруға болмайды.
Әскерге бозбала жан-жақты шынығу үшін барады. Жауынгерлік дайындықпен қоса, өмір мектебінен өтеді. Сарбазға қойылатын басты талап Отанын қорғай алу, кез келген уақытта дайын болу. Сондықтан әскердегі қиындықтарға төзе білу, шыдай алу керек.
– Қазір мерзімді әскери қызметті тоқтатып, келісімшарт бойынша әскери қызмет болады деген әңгімелер бар. Әскери тәжірибесі мол адам ретінде пікіріңіз және бұл сөздің жаны бар ма, қалай ойласыз?
– Әскер қатарына мұндай жаңашылдық енгізу мәселесі қаралды. Бірақ бір жыл тәжірибелеп көргеннен кейін тек келісімшарт бойынша әскери қызметке алудың жөнсіз екендігі аңғарылды. Өйткені мерзімдік қызметтегі сарбаз бен келісімшарт бойынша әскери қызметшінің айырмашылығы жер мен көктей. Оларға қойылатын талап та бөлек. Келісішартпен шақырылған әскери ақылы қызмет атқарады, оған мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетіліп, материалдық жағынан да жағдай жасау қажет. Өйткені бұл бозбалалар емес, қалыптасқан, отбасы құрған азаматтар.
Келісімшарт бойынша әскерге шақырылғандар аз емес. Бірақ әскери өмірге тек одан хабары бар адам шыдай алады. Келімшарт жасасып, шыдай алмай кетіп жатқандар да болып жатады. Сондықтан мерзімдік әскери қызмет болады және жыл сайын шақырылатын сарбаздар саны да артып отырады.
Айта кету керек, бүгінгі күні Қорғаныс істері департаментімен және аудандар, қалалардағы басқарма мен бөлімдерде келісімшарт бойынша әскери қызметке шақыруға насихаттық жұмыс жүргізілуде. Мұнда да үміткерлердің денсаулық жағдайына, білім деңгейіне, моральдық-психологиялық тұрақтылығына және Отанға қызмет етуге деген құлшынысына назар аударылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Махаббат Бекбай