Біз қалай қанаттандық (Оқушы естелігі)
Таңертең өзіміз оқып бітірген Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке қарай бетбұрдық. Жолда біз оқыған, Ыбырай өз қолымен салдырған мектептің орнында мұражай салынған. Алдындағы алаңда оқушы баланы аялап тұрған атамыздың ескерткіші тұр. Бірталай жерден жаңадан салынған Ыбырай мектебі де көрінеді. "Менің түлектерім, мен мындамын. Бұрынғы өздерің үйренген орыннан көшіргені несі деп ойламаңдар. Сол топырақта, Торғайдың ортасындамын" деп тұрғандай.
Біз мектепке кіргенде қоңырау соғылды. Біздер үшін өте сағынышты үн. Осыдан 150 жыл бұрын осы мектепте, ең бірінші Қазақ даласында Ыбырай Алтынсарин атамыз "Кел, балалар, оқылық" деп соққан қоңырау үні қанша балаларды оқуға қабылдап, қаншамасын дайындап, болашақтың үлкен жолына аттандырды. Біз де осы мектеп қабырғасынан қоңырау үнімен аттандық. Ол кезде аға пионер тәрбиешілер (вожатыйлар) соғып тұратын. Біз мектеп бітіргенде осы қоңырауды Бәліш Қартабаева апамыз соғып тұрғаны есімде. Осы қоңырау үнімен екінші қабатқа көтеріліп, класқа кірдік. Класта ҰБТ-ға дайындалып жатқан 11 сынып оқушылары орындарынан тұрып бізді қарсы алды. Оқушылардың киім-дері бірдей, бойлары бір келкі. Сымға тартқандай келбетті балалар көз қуантады. Еліміздің тірегі, бздің болашағымыз осы балалар емес пе?!
Біз төртінші сыныптан бастап оныншы сыныпқа дейін оқу жылын емтихан тапсырып аяқтайтынбыз. Мұғалім алдында біліп тұрған ойды айтқанша асығатын едік. Қазіргі тестілеу оқушының білгенін, қабілетін аша ала ма?..
Мына оқушыларды көргенде осыдан алпыс жыл бұрынғы сыныптас достарымның әрқайсысы есіме түсті. Ең бірінші Торғай орта мектебінде 4 сыныпта бір ай оқығаным бар. Шөптікөлдегі өз мектебіме жете алмай осы мектепте оқыған едім. Сонда Көшен Сейітов шақырып, жанына отырғызды. Екеуміз достасып кеттік. 7 сыныптан бастап бірге оқыдық. Ол сынып сайын екінші партаны мен үшін ұстап отыратын. Сабаққа алғыр еді, мұғалімнің түсіндірген сабағын қайта айтып бере алатын. Сонысына сеніп аракідік дайындықсыз да келетін мінезі бар еді.
1949 жылы ауылдағы барлық 7-ші сыныпта оқитындарды жинап, 60 баланы екі класқа бөліп Торғайда оқытты. 1950 жылы ел шаруашылығына бетбұрыс жылдары болды. Оқушылардың көпшілігі Қостанай ауылшаруашылық техникумына кетті, жасы ұлғайғандар әскер қатарына алынды. Біз 9-сыныпты бітіргенде сол алпыс баланың 12-сі ғана қалдық. Бізге сырттан төрт бала қосылып 10 сыныпты 1953 жылы 16 бала бітірдік. Біздің дүние тануымыз, болашаққа талпынуымыз, өмірге құштарлығымыз, ұстаздарымызды құрметтеуіміз, бір-бірімізге деген достық қатынасымыз осы мектеп қабырғасында қалыптасты деп айта аламын.
Бәріміз жақсы оқыдық. Ортамыздағы талассыз үздігіміз Таң-атқан Досмағамбетов болатын. Оның сабаққа дайындығы бәрімізден басым еді. Ол мектепті басқару мен комсомол жұмыстарына белсенді араласатын. Қалихан Омаров екеуі бірі комсорг, бірі стороста болып, біздің сыныпты басқарып жүрді. Ішіміз-дегі ең ұстамдымыз – Нариман Қыпшақбаев. Арамызда талас туған кезде орынды сөз айтушы еді. Соның сөзіне тоқтайтынбыз. Нариман осы күнге дейін Қазақстанның су қорын қорғаумен келе жатыр. Класта Саян Жанаров екеуі көп әзілдесетін. Хайролла Елеусізов пен Саян екеуі соңғы партада отырады. Елеусізов үлкеніміз. Бәріміз оны сыйлаймыз, айтқанын екі етпейміз. Бұларға көршілес Сайын Алдабергенов пен Қояшбай Бижанов отырады. Екеуі де математикаға жақсы. Қояшбайдың мінезі өте биязы, ал Сайын сабақ үстінде сөйлеп, балаларды күлдіріп отырады. Мұғалімдер де оған ұрыспайтын. Ол мектеп бітірген соң Алматыдағы Тау-кен институтына барып, конкурстан өте алмай, Қостанайдан бухгалтерлік оқуды бітіріп, отбасын құрып кетті. Ал Қояшбай болса Қызылорданың педагогикалық институтын бітіріп, өз ауылында мұғалім болды.
Сыныптағы дарынды балалар -Асылбек Әлиев, Шайхыслам Әбдірахманов, Ағзам Күдерин, Күлшан Мұхамедьярова, көркем-өнер үйірмелеріне қатысып, мектептің абыройын асқақтатты. Күлшанның салған әнін Торғай халқы сүйсіне тыңдаушы еді. Біз де сахнаға шығуын шыдамсыз күтетінбіз. "Алтай" әнін тамаша шырқаушы еді. Асылбек Шайхыслам, Ағзамдар домбыра оркестрінде ойнаған. Шайхысламның домбыра тартысы бізге қатты ұнайтын, ат тұяғының дүбірі естілетін. Асылбектің әкесі Әли ақын, жырау адам болған. Бірақ үлкенге де, кішіге де тәрбие керек, шыңдамаған соң не шығады. Ағзамның атасы, ол кезде бізге айтпағанмен халыққа белгілі айтыскер ақын Күдері Жолдыбайұлы –1916 жылы 6 қарашада Аманкелдінің Торғайда ту тіккенін, Торғай даласындағы жағдайды Кеңес дәуіріндегі 1931-1933 жылдардағы аштықтың зардабын "Жалпақ Қоянды" дастанында жазған. Ел тағдыры тол-ғандырған, Ы.Алтынсаринның маңайында болып, ақыл-кеңес алып отырған. Күдері ақынның ұрпақтары бар, болашақта еңбектерін де оқырмыз. Талант жастан басталады ғой. Сол оркестрдің белді мүшесінің бірі 5-сыныпта оқитын Болат Хамзин еді.
Ағзам мен Күлшан Қызылорданың педагогикалық институтын бітіріп, елде мұғалім болды. Асылбек пен Шайхыслам Алматы медициа институтында оқыған. Елеусізов Талғардағы техникумды бітіріп, елде механик болды. Шайхыслам Торғайда аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бас дәрігері болып істеді, ауданда кезекшілікте отырғанда іздеп барып кездестім. Дәрігердің жұмысының ауырлығын ауырған адам біледі. Біз әңгімелесіп отырғанда шала-жансар бір жігітті алып келді, әке-шешесінің көздерінде жас. Бір ғажап ауыр көрініс болды. Стол үстінде ауру жігіт, оның үстінде жан шақырумен арпалысқан дәрігер, еңіреп тұрған ата-ана. Менің беретін еш көмегім жоқ, арпалыстан қара терге түскен Шайхысламды тастап кете алмай, сол жерде тұрып қалдым. Адам өмірін арашалап қалу оңай шаруа емес. Әр сағат сайын мұнан да қиын жағдайлар болуы мүмкін. Көз көрмейтін боранда, К-700-пен барып, совхоздың конторында ауруға ота жасағанын айтып еді. Бұл жанқиярлық қой, өз мамандығына берілген, ел игілігіне қызмет еткен азамат болды.
Әлім мен Қалихан бірінші партада отырады, өте жақсы оқитын оқушылардың санағында. Қалихан Қызылорданың пед-институтын бітірді, елде мұғалім болды, комсомол жұмысына араласып шаруашылық мекемелерін басқарды. Әлім болса Алматының педагогикалық институтын бітіріп, Торғайда мектеп мұғалімі болды. Мейлінше, досқа адал, ақкөңіл жан болатын. Ілияс Жар-қымбаев мінезі тұйық, көп аса дос іздемейтін. КазГУ-дың геология факультетін бітіріп, Қызылқозыда барлау партиясында бірталай қызмет жасап, боксит қорын анықтауға еңбек сіңірді. Денсаулығына байланысты кейінгі кезде Жанкелдин ауданы бойынша ауылдағы құрылыс жұмыстарымен айналысты. Оқуға бармай қалған тек Кәдірбай Қодықов болды. Жұмысын милициядан бастады. Есімде қалғаны ол еш уақытта күлмейтін.
Біз, Нариман, Таңатқан, Көшен және мен Алматыдағы ауылшаруашылық институтының су-инженерлік факультетіне түсіп, 1958 жылы бітірдік. Нариман Алматы маңында қалып, шаруашылықты басқарудың баспалдағын ретімен басып, республикада су шаруашылығы министрі болды. Қазір ғылым кандидаты, профессор, екі университетте сабақ береді. Күрделі су мәселелерін шешумен айналысады.
Таңатқан мектепте бізге беріл-меген медальдың (төрт оқушы медальға ұсынылған едік) қарымын қайтарып, институтты қызыл дипломмен бітірді. Институтта қалып, ғылым кандидаттығын қорғады. Инститтутарда құрылыс теориясынан сабақ берді. Профессор, зейнеткер. Ғылым жолы ауыр жол, ауыр еңбек, өршіл талаптың арқасында алға қойған мақсатына жетті. Көшен Алматы облысының су шаруашылығында қызмет жасаған. Өзім үш жыл Ақмола облысында істеп, қалған уақыттың бәрін Қостанай облысының су шаруашылығына жұмсадым.
Біздің ұстаздарымыздың әр-қайсысы ерекше жандар еді. Ең бірінші кездесіп есте қалған ұстазым – Махат Нұржанов. Ол кісі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Сәуір айында су тасып кетуіне байланысты Шөптікөлдегі мектебіме жете алмай Торғайда қалып қойдым. Торғай орта мектебінде 6-сынып-қа емтихан тапсыруға рұқсат алғанша қазақ тілінен жазбаша емтихан өтіп те кетті. Махат ағайымыз "Біз оқушының жыл бойына қалай оқығанын білмейміз, сондықтан менің бұл мектепте емтихан тапсыруым заң бұзушылық" екенін айтқан ағай ауызша емтихан тапсыруыма рұқсат етті. "Соңынан кіресің" деген соң күтіп тұрдым. Сыныпта 21-ші оқушымын. Соңынан кіріп, билет алдым. Билеттегі сұрақтардың бәріне жауап бердім. Бірнеше қосымша сұрақтар берді. Сонымен сөз және сөйлем талдауға кірістік. Ағай сөйлем талдағанды жақсы көретін.
Махат ағайымыз қазақ тілінің тазалығын қызғыштай қорыған жан. Сол кезде жазылған оқулықтардың авторлары І.Кеңесбаев пен М.Балақаевтың кітапта жіберген кемшіліктерін айта отырып, қазақ тілі ережесін сөз, сөйлем құрылыстарына аса көңіл бөліп, қызықтыра оқытатын.
Анапин Хакім ағайымыз география сабағынан берді. Сабақ үстінде сыныптағы тыныштықтан "масаның ызыңдағаны" естілетін. Сабақ сұрағанда оқушыларды бірінен соң бірін сыныптың жартысына дейін тұрғызып, тақырыпты қалай білетінімізді, қалай түсінгенімізді анықтайтын. Сабаққа ешкім дайындықсыз келмейтін.
Мектеп директоры Хұсайынов Хамидолла ағайымыз химия пәнін оқытты. Мінезіне тұлғасы сай сымбатты кісі еді. Сабақ түсіндіргенде ынта қойып тың-даушы едік.
Математикадан беретін Қос-қолов Молдахалық ағайымыз өте қатал адам. Ол кісінің алдында асып-сасып, сабақты дұрыс айта алмай қалған сәттеріміз болды. Сол жылдары сабақ берген Сағи Аппазов, Генрих Руппорт, Нияз Ахметбеков, Жаппасбай Темірханов, Кәкен Көркембаев ағайларымызды қадыр тұтып еске аламыз.
8-сыныптан бастап мектепке Алматыдан институт бітіріп келген жас мамандар сабақ берді. Бірінші келгендер Қазымбек Спанов, Мәлике Нұрмұхамедова, Сейіт Тымпиев мектепте білім берудің жаңа үлгісін жасады және оқушыларға тәрбие беру жұмысын түбегейлі өзгертті деп айтуға болады. Жас педагогтардың сабақ беруі біздің білімге деген құмарлығымызды, ынтамызды арттырды.
Қазымбек Спанов сабақ үйретуден жалықпайтын. Математиканы әбден түсіндім дегенше оқытатын. Жеке балалармен қосымша сабақ түсіндіруден де қашқан емес. Сабаққа нашар деген баланы алдыңғы партаға отырғызып, одан күнде сабақ сұрайды.
Сейіт Тымпиев тарихтан сабақ түсіндіргенде аузымызды ашып тыңдайтынбыз. Ол кісі бас-қарған хорға мектепте қатыспаған бала жоқ. Домбыра оркестрін ұйымдастырды. Мәлике Нұрмұхамедова қазақ тілінен сабақ берудің сыртында әдебиет үйірмесін ұйымдастырды.
Біз 10 сыныпта оқығанда осы орта мектептің түлектері институт бітіріп келіп сабақ берді. Әуезхан Жақыпов ағайымыз химия пәнінен, Қабжуат Елкеев физикадан, Сарбас Қапсұлтанов тарихтан, Қайырбек Алматов математика, Сұлтан Қожмұхамедов орыс әдебиетінен сабақ берді. Біздің оқуға деген ынтамыз бұрынғыдан арта түсті.
10 Б сыныпқа іріктеліп жеттік. Сондықтан оқу үлгіріміміз өте жақсы болды. Ұстаздардың берген тәрбиесінің арқасында бір-бірімізді сыйлап, тыңдайтын едік. Қайда жүрсек те жұбымыз жазылмай, қайбір мәселені талдап шешетінбіз. Мінекей, біз осылай ұстаздарымыздың ерен еңбегінің арқасында мектеп бітірдік. Сол жылы мектеп бітірген 16 баладан алты педагог, бір дәрігер-хирург, бес инженер, екі бухгалтер, бір механик шықты.
Бізді оқытқан және қазіргі ұстаздардың бәрі Ы.Алтынсаринның ізгілікті ісін ілгері жалғастырушылар деп айтар едім.
Ғайыпназар Қойшыұлы,
зейнеткер.
Қостанай қаласы.