Сәлім Меңдібаев – Қостанай қаласының құрметті азаматы
Осы "Қостанай таңы" газеті бас редакторынының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі Сәлім Меңдібаевқа Қостанай қалалық мәслихатының шешімімен "Қостанай қаласының құрметті азаматы" мәртебелі атағы берілді.
Сәлім Тоқмырзаұлы осы қара шаңырақта табан аудармастан 43 жыл бойы тер төгіп келеді. Соңғы ширек ғасыр бойы бас редактордың орынбасары бола жүріп, ол облыс журналистикасын дамытуға, жас қаламгерлер тәрбиелеуге ерекше үлес қосты, ондаған көркем-публицистикалық кітаптар жазып, онда туған өлке – құт қонған Қостанайдың шежіресін түзеді.
Біздің әріптесіміз белсенді журналистік және қоғамдық қызметі үшін "Қазақстанның құрметті журналисі", "Қазақстанның мәдениет қайраткері" атақтарына ие болды, республикалық және облыстық журналистік конкурстарда талай рет жүлдегер атанып, мерейі өсті.
Енді, міне, туған жердің ерекше ықылас-пейілі-не бөленіп, құрметті азамат атанып отыр. Әрине, бұл әріптесіміздің туған өлкенің өсіп-өркендеуіне, оның гүлденуіне қосқан сүбелі үлесіне, қаламгерлік, қайраткерлік, тәлімгерлік ізденіске берілген жоғары баға.
Өткен дүйсенбіде Қостанай қаласының әкімі Ахмедбек Ахметжанов пен қалалық мәслихат хатшысы Нұрлыбек Халықов "Қостанай қаласының құрметті азаматы" атағының куәлігі мен төсбелгісін әріптесімізге салтанатты жағдайда тапсырды.
Біз әріптесімізді осынау мәртебелі атағымен құттықтап, тілектестік көңілімізді білдіруге қуаныштымыз.
Суретте: тәлімгер-ұстазды жас журналист Қымбат Досжанова құттықтауда.
Суретті түсірген Б.Ахметбеков.