Қоғамдық тыңдау өтті

Соңғы  кезде ел арасында Жанкелдин ауданы аумағына құлайтын зымыран қалдықтары жайлы жиі айтылып жүрді. Жергілікті тұрғындардың бірі пайдасын айтса, енді бірі зиянды тұстарын алға тартқан. Осы мәселенің басын ашып алу үшін ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсіп министрі Бейбіт Атамқұлов пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ғарышкер Айдын Айымбетов Жанкелдин ауданына арнайы келіп, аудан тұрғындарымен "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "СОЮЗ-2" ғарыштық мақсаттағы зымыранды ұшырудың еліміздің қоршаған ортасына әсерінің анық-қанығына көз жеткізуге арналған қоғамдық тыңдау өткізді.IMG_3768Аудан орталығында орналасқан Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйіне ауыл ақсақалдарынан бастап, өңірдегі барша азаматтар жиналды. Салиқалы басқосуға еңбек және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, энергетика, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым министрліктерінен,  Ресейдің «Роскосмос» корпорациясының өкілдері арнайы келіп қатысты.    
Кеңес тізгінін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов алды.IMG_3825-Біз зымыран қалдығының қоршаған ортағаға тигізер әсерін бағалау үшін жиналып отырмыз. Қоғамдық тыңдаудан кейін нақты шешім қабылданбақ. Сол ұйғарым орталықтағы құзырлы органдарға жіберіліп, сараптама жасалады. Жобаны жүзеге асырмас бұрын жергілікті халықтың ой-пікірімен санасып, толғандырып отырған барлық мәселелерін тыңдауды жөн көрдік. Арамызда бұл істің қыр-сырын білетін мамандар бар. Сондықтан ашық әңгіме болсын, сұрақтарыңызды қойыңыздар,-деді өңір басшысы.
Сөз кезегі министр Бейбіт Атамқұловқа берілді. Өз сөзін өңірге Байқоңыр ғарыш  айлағынан тікұшақпен ұшып келіп, тұңғыш рет табан тірегенінен бастады:IMG_3761-Ұшып келе жатып, жерлеріңіздің кеңдігіне, әсемдігіне куә болдым. Алғаш рет келіп тұрсам да, бұл Торғайды бұрыннан білеміз. Қандай ұлы адамдар шықты. Ел үшін еңбек еткен ерлер еді. Мен жазып қойған баяндамамды әдейі оқымай отырмын, себебі сіздермен тікелей ашық сөйлесуге бел будым. Бүгіндері аэроғарыш саласында бір жарым мың адам жұмыс істейді. Соның жүз елуі зымыранды қосу орталығында отырады. Осының бәрі біздің келешегіміз деп біліңіздер-деп сөзін сабақтады, –  Уақыт өте келе өзіміздің жеке зымыранымыз болады. Ол біздің елді әп сәтте-ақ алға сүйрейтініне күмән жоқ.
Екі ел арасындағы келісім-шартқа байланысты Республика аумағынан жер учаскесі зымыран тасығыштың бөлігі құлауға берілген. Соның бірі – Жанкелдин ауданына қарасты Ақкөл мен Қарасу ауылдарының маңындағы Шөптікөл даласы. Алдын ала қауіпсіздік шараларын сақтау үшін математика және баллистика мамандары аталған елді мекенді зерттеді. 2016-17 жылдар аралығында арнайы комиссия құрылып, қажетті жерге барлау жұмыстары істелген. Нәтижесінде, жалпы көлемі 76 мың гектар болатын қолайлы аумақ анықталып отыр. Барлық шаралар ҚР заңнамасына сәйкес жүзеге аспақ.
Биылғы жылдың мамыр айында ғарыш экология қоғамы бірлесіп, Жанкелдин ауданына экспедиция жіберіп, зымыран қалдықтарының қоршаған ортаға әсерін бақылап қайтты.
Таңдалған зымыран қалдықтарының құлау аумағында тұрақты тұрғын адамдар, өнеркәсіптік нысандар жоқ. Жан-жануар мен өсімдіктерге, тұтастай қоршаған ортаға  тигізер әсерді анықтап, бағалау үшін Қазақстан биоалуан түрлілікті сақтау қауымдастығының  мамандары тартылмақ. Жанкелдин ауданының ерекшеліктерін ескере отырып, қалдық құлау аумағын пайдалану кезінде қосымша шаралар мен бірқатар шектеулер енгізілетін болады. Оның ішінде, сәуірден бастап, маусым айына дейін ұшыру қызметі уақытша тоқтайды. Бұл – киіктер мен құстардың, өсімдіктердің ерекше сезімтал кезеңі. Шілдеден бастап қыркүйекке дейін құлау ауданында өрт сөндіру үшін тиісті техникаларды пайдалану мен өрт қауіпсіздігін алдын алу жұмыстары күшейтілмек. Жыл сайын осы  пайдаланған жерге мониторинг жасалады.  Әлеуметтік-серіктестік шарттары аясында жыл сайын  нақты қаржы бөлініп,  Жанкелдин ауданы тұрғындарының мәселелерін  шешіп отырмақ.
Бұл жиынға Қарасу мен Ақкөл ауылдарының тұрғындары қатысты. Екі ауылда бүгіндері мың екі жүз халық тұрады. Қалдықтар түсетін аймақтан біреуі он төрт шақырым жерде,  біреуі алты шақырымнан астам маңда орналасқан. Зымырандар ұшқан сәтте облыс әкімінің бірінші орынбасары және ТЖД, ІІД қызметкерлері келіп бақылап отырмақ. Олар аймақтағы аңшылар мен шөпшілерді алдын ала ескертуі тиіс.
Бұдан соң жиынға қатысушылар өз сұрақтарын қойды. Ауылдағы ақсақалдардың бірі, бұрынғы инженер Рақым Рыскелдин министрден Шөптікөл жері емес, одан әрі жатқан елсіз далаларды неге таңдамағанын сұрады.IMG_3932-Зымыранды ұшырудағы мақсатымыз ғылымға қажетті орбита нүктесіне жету. Соған түсу үшін дәл жылдамдық белгіленеді. Ғалымдардың есебі бойынша қажетті жылдамдық шамасында зымыран қалдықтары осы маңға кеп құлайды екен. Сондықтан да осы жерге байланып отырмыз,-дейді министр.
Ауылдықтар  жергілікті әлеуметтік мәселелерге ойысып, облыс әкіміне жол және табиғи газ тарту мәселелерін сұрады. Әкімнің жауабы мынадай:
-Қазір Арқалықтан келе жатқан жол Аманкелді ауданының орталығына жеті шақырымдай ғана жептей тұр. Бұл тас жол 2007 жылы басталған болатын. Жыл сайын алты шақырым қосылып отырды. Мен келіп, он сегіз шақырымға жеткіздім. Келер жылы Аманкелдіден өтіп, Жанкелдинге жетпек. Торғай селосына дейін 147 шақырым. Бірақ, қазір айтып қояйын, күрделі жөндеу жұмыстары болмайды. Ағымдағы жөндеу немесе орта жөндеу болуы мүмкін. Қазір соның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Орташа есеппен құны 2 немесе 2,5 миллиардты құрауы ықтимал. Мемлекеттік сараптамадан өткен соң жылына 1 млрд-тан бөліп отырамыз. 2019 жылы толық аяқталуы тиіс. Дегенмен, бізге әлі мердігерді анықтау керек, соның жұмыс қарқынына байланысты тәмамдалады. Биыл облыс орталығына апаратын Әулиекөл-Жалдама арасындағы жолдың 64 шақырымын жөндедік.
Табиғи газды қоюландырып, одан метан жасауды келешекте қолға алмақпыз. Жақында ғана Қостанайда инвестфорум өтті. Сонда Ресейлік «Газпромның» экспортын арттыратын мекеме келіп, осы газдандыру мәселесінің тиімді тұстарын ұсынған болатын. Қазір солармен жұмыс істеп жатырмыз. Енді бәрі есепке байланысты, егер метанды өндірсек, осы Торғай, Аманкелді, Арқалыққа орнату ойда бар,-дейді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.
Сұрақ-сауалдардан бөлек, Ақкөл мен Қарасу тұрғындары облыс әкіміне арнайы хат жазып, өтініштерін жеткізіпті.IMG_3937-Екі ауылды ауызсумен қамту керектігін жазыпсыздар. Мұны біз бұрында да талқыладық. Су тарту жұмыстарына бір ауылға 120 млн теңге керек, екіншісі бұдан да аз. Барлығын қосқанда 240 млн теңге. Мемлекеттік сатып алу өткеннен кейін оның бағасы тағы төмендейді. Сондықтан бұл көп қаражат емес, жақында жүзеге асырамыз.
Осы зымыран қалдықтарына берген жер есебінен жыл сайын аудан бюджетіне 152 млн теңге түседі, үш жылда 456 млн теңге. Бұны әуелі қоғамдық кеңеспен келісіп, Ақкөл мен Қарасудың мәселелерін шешуге бөлу керек. Бұдан бөлек облыстық бюджеттен де тиісті ақша беріліп отырады. Мана айтқанымыздай тек жолға екі жарым миллиард аударылмақ.IMG_3971Мәжіліс соңында Жанкелдин ауданының сыйлы азаматтарының бірі Кәкімжан Карбозов сөз алып, жерлестеріне, мәртебелі меймандарға ақыл-кеңесін, ризашылығын жеткізді.IMG_3911-Құрметті қонақтар! Міне, бүгін бізді толғандырған мәселені қозғап, елге келіп отырсыңдар. Алыстан ат артып, осындағы жұртты елеп, кездесіп, қоғамдық тыңдау ұйымдастыру – аудан жұртына, жеріне көрсетілген құрмет. Қойылған әр сұраққа жеке-жеке жауап беріп, қолдан келгенше көмек көрсетуге уәде етіп отырсыздар, бұл үшін көп рахмет. Өздеріңіз естідіңіздер, қаншама жұмыс атқарылып жатыр. Бұл елге деген қамқорлық деп білемін. Екі елдің басшылары келіскен шаруаға аядай Торғайдың жұрты, біз ақыл айтпайық. Керісінше қолдап, жарқын болашаққа сенейік. Азаматтар қауіпсіздігімізге уәде етті. Сондықтан артық сөз айтпайық, бірігейік, ел болайық!-деді.IMG_3964
IMG_4007
Кенже ҚОНЫСБАЙ,  
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓