Ардагерге құрмет
Он жетісінде сұрапыл майданның бел ортасына кіріп, Ұлы Жеңісті дүйім жұртпен қарсы алған жерлесіміз, ардагер ақсақалымыз, белгілі қаламгер, жорналшы, ұстаз, жыршы Қасымхан Алдабергенов биыл тоқсанның төртеуіне қарады. Жыл сайын қатары сиреп бара жатқан майдандастарымен бірге 9 мамыр күнін асыға, сағына қарсы алып келеді. Алла биыл да қарт жауынгерге Жеңістің 74-ші көктемін көруді бұйырды.
Мереке қарсаңында облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Есжанов Қасымхан атаның шаңырағына құттықтай барып, майдангерге сый-сияпат жасады. Алдыңғы буын ағаның ақ бастасын алып, шым-шытырыққа, кейінгі ғибратқа толы бастан кешкенін тыңдады.
Жітіқара өңірінің тумасы Қасымхан Алдабергенов 1943 жылы Кеңес Армиясы әуе-десант әскерлерін құра бастаған шақта майданға алынып, елге тек 1950 жылы бір-ақ оралған. Владимир облысының Киржач қаласы маңында 14-ші гвардиялық әуе-десанты бригадасы құрылып, осы бригаданың құрамын толтырды. Біздің өңірімізден жауынгер Алдабергеновтен басқа Сейітжапар Сейтаев, Нұрғазы Өмірбаев, Үмітбек Досаев, Телғара Әбенов бастаған жігіттер болды. Қасымхан атамыз Златоуст пулемет училищесінен барып, пулеметшілер ротасында соғысты. Бұл жөнінде дана қария өзінің «Думанды дәурен» кітабында баяндайды.
«Бригада бір табиғаты маужыраған жаңа жерге қоныстанды: қалың қарағайдың арасы, шағын бір өзен-сайдың жағасы. Не керек, құрылысты қолымызбен атқардық, жер қаздық, бөрене тасыдық, баспана тұрғыздық. Құралымыз күрек пен балта ғана. Жыл жарым тұрдық осы арада. Түрлі әскери ойындар, жаттығулар, парашютпен секіру. …Әскери тактикаға шыққанда араға бір қонып, қырық шақырым жерден ораламыз. Әлгі аңыздарда айтылатын «мұз жастанып, қар жамылып» дейтінді біз ақиқатқа айналдырдық. Қыс баласы бір қасық су көрмейміз. 20-25 градус аязда ұйқыдан тұрысымен 4-5 шақырым жерге ақ қардың үстімен жүгіріп барып келесің, үстімізде жұқа жиде, жұқа шалбар, жалаң бас. Келе қармен жуынамыз. …Негізгі парашют – 16 килограмм, қосал-қы парашют – 8 килограмм, осыларды арқалып, оның үстіне қару-жарағың бар, 20 шақырым жердегі аэродромға барасың жаяу. Содан қарғу басталады. Ұшақ сені 40-50 шақырым жерге апарып тастайды. Ұшақтан ағытылып, жерге құлдырайсың… Парашют ашылмай, қаза тапқандар арамызда жиі болып тұрды. Жыл жарымның ішінде бүтіндей бір қорым, бейіт қалдырдық жаңағы лагерьде» деген жолдар бар естелік кітапта.
Осылайша Батыс Еуропаның Венгрия, Австрия, Чехословакия елдерін сұм фашитерден азат етті.
– Балатон дейтін атақты көл бар, сонда немістің танк дивизиясы қорғаныста тұрған, соған апарып салды. Венгрияны түгелдей соғыспен азат еттік. Сәуірдің 14-і күні Австрияның Вена қаласын алдық. Жеңісті Чехославакия жерінде қарсы алдық. Жауды жеңгенмен, жауынгер шекпенін шешкен жоқпыз. 1950 жылы ғана сәуірде елге оралдым. Ұстаздық еттім. Кейін тілшілік қызметке ауыстым. Жыршылық өнерді насихаттап, айтысқа түстім. Халық ақындары Омар Шипин, Нұрхан Ахметбековтердің батасын алғанымды зор мақтаныш санаймын, – дейді қарт жауынгер.
Соғыстан кейін қаруды қаламға айырбастап, өңіріміздегі баспасөздің қарашаңырағы «Қостанай таңы» газетінде меншікті тілші болып жемісті еңбек еткен қаламгер бүкіл саналы ғұмырында ұрпақ тәрбиесіне араласқан ұлағатты ұстаз-тәлімгер, халқымыздың ғажайып өнері – айтысты, жырау-термешілікті жалықпай насихаттаушы өнерпаз болды. Аймағымыздың өнері мен мәдениетіне қосқан зор үлесі бағаланып, Қасымхан Алдабергеновке ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісі тапсырылды.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.