Білікті қаржыгерге лайықты құрмет
Облысымыздың қаржы саласында 42 жылға жуық қызмет еткен тәжірибелі маман, білікті басшы, үлгілі тәлімгер Мираш Жұмашұлы құрметті зейнеткерлік жасқа толды. ҚР Ұлттық банкі Қостанай филиалының ұжымы бұрынғы басшыны мерейтойымен арнайы құттықтап, салтанатты іс-шара ұйымдастырды. Мираш Жұмашұлы осыдан бір жыл бұрын кадрлық ротацияға байланысты, ҚР Ұлттық банкі Солтүстік Қазақстан филиалына ауысқан болатын.
Пайғамбар жасына толған азаматты ҚР Ұлттық банкі ҚФ-нің қазіргі басшылығы мен ұжымы құттықтап, жылы лебіз-тілектерін айтты. Мираш Жұмашұлының иығына шапан жауып, аяулы жары Гүлнәр Боранбайқызына сый-құрмет көрсетті. Бұдан кейін облыстағы екінші деңгейлі банктердің бірінші басшылары сөз алып, әріптес ағаларынан алған тәлім-тәрбие, тәжірибелері туралы толғанды. Салтанатты іс-шарада облыстық қаржы басқармасының басшысы Алма Жүсіпова да бой көрсетіп, облыс әкімінің Құрмет грамотасын мерейтой иесіне табыстады. Қостанайлық айтыскер Салтанат Өтелбаева «Арнау» айтып, жырдан шашу шашты. 
-Әрбір табысты азаматтың артында жауапты, қамқор отанасы тұрады. Біздің Мираш Жұмашұлының аяулы жары Гүлнәр Боранбайқызы, міне сондай сыйлы, үлгілі жан. Бүгінгі салтанатты жиынның қонағы Мираш Жұмашұлы Ұлттық банктің, соның ішінде Қостанай филиалының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Осы жылдар ішінде өзін білікті маман екенін көрсете білді. Мамандығының нағыз шебері атанып қоймай, кәсіби тұрғыдан жетіліп, қаншама шәкірттерге ағалық ақыл-кеңесін айтып, жол көрсетті. Мираш Жұмашұлының ел мен қоғам алдындағы абыройының артуы адал еңбегінің арқасы. Оның ұйымдастыру таланты, батыл бастамалары кейінгі жастарға үлкен өмір мектебі болмақ,-деді Ұлттық банкі Қостанай филиалының басшысы Жомарт Қажрахимов.






Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.