Тұрғындарды толғандырған сұрақ көп
Тұрғындар маңызды жиынға көкейдегі сауалдарын қоюға облыстың әр түкпірінен келген. Оның сыртында, онлайн-байланыс, call-орталық арқылы сауал жолдаған азаматтар да болды. Облыс басшысына қойылған сұрақтар әр алуан. Мәселен, Жітіқара аудандық мәслихатының депутаты Сайра Жаманқұлова өз қабылдауында көп көтерілген мәселені қозғады. "Еңбек" бағдарламасының жұмыс істеп жатқанына бірнеше жыл болды. Тұрғындарға Қаржылық қолдау қоры арқылы кәсібін дамытуға мүмкіндік беретіні белгілі. Ең шекті сомасы – 11 млн теңге. Маған жергілікті кәсіпкерлер "осы соманы 20 млн теңгеге дейін жеткізіп және жедел алуға бола ма?" деп сауал қояды. Бұл мүмкін бе?" – деді аудан депутаты.
"Екінші деңгейлі банктер өтініштерді айлап қарастырады. Сондықтан шағын қаржылық ұйымдарға жүгінген жөн. Олар әрі кеткенде 2 апта қарайды. Ал қаржыны ұлғайту мәселесіне келер болсақ, біз "Даму" қорымен бірлесіп, "Қос қолдау" бағдарламасын құрдық. Бұл қор азамат алатын соманың 50%-ін ұсынады. Осындай мүмкіндіктерді пайдалануға болады", – деді аймақ басшысы.
Ұзынкөл ауданының тұрғыны Галин Печорских Персногорьков орта мектебінің ахуалы туралы сұрақ қойды. 37 жыл бұрын салынған оқу ордасы бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Оның үстіне, жылыту қазандығының мектептің ішінде орналасқандығы ұжымды алаңдатумен келеді. Жөндеу жоспарға алынып, екі рет жобалық құжаты әзірленгенімен, аяқсыз қалған. Бұл жайт туралы облыс әкімі Білім басқармасының басшысы В.Цымбалюктің мәлімет беруін сұрады. Оның ақпаратынша, 230 бала оқитын мектептің жөндеу жұмыстарының жобалық құжатының құны 304 млн теңгеге шақ. Ал жұмыс жүргізу үшін жалпы сомасы 450 млн теңге бөлінуі керек. Аймақ басшысы бұл мәселені келер жылдың жоспарына енгізетінін айтты. Ал Денисов ауданының Свердлов ауылы тұрғындарын ауызсу мәселесі толғандырады. 700 тұрғыны бар ауылды екі-ақ құдық асырап отыр. Өз кезегінде, басшылық бұл түйткілдің назарға алынғанын, биыл жобалық құжаты дайындалатыны айтылды.Жобамен, 600-700 млн теңгеге осы ауыл орталықтандырылған ауызсумен қамтылатын болады.
Өзге де өзекті мәселелер мен көкейтесті сауалдар туралы газетіміздің ертеңгі санында кеңірек жазылады.