Тақиялы тиктокер

Әтір – «микрофон», кіржайғыш – «синтезатор». Көңіл көтеру, әлде табыс табу ма? Интернет желісінде қызық видеоларымен танылған қостанайлық жігіт туралы не білеміз?
Танымал болудың түрлі жолы бар. Әсіресе, әлеуметтік желіде мүмкіндік көп. Бұл әрекет біреулерге ерсі, біреулерге табыс көзі. Қазіргі трендтің бірі – көңіл көтеруге арналған контент. Тобыл қаласының тұрғыны Нұрлан Байгенжин «Тик-ток» желісінде осындай бейнежазбаларымен әп-сәтте танымал болып шыға келді. Белгілі бір әнді таңдап, оны өзі орындап жатқандай кейіп танытып, таспаға түсіреді. Жұрттың езуіне күлкі үйірткен ерекшелігі – «микрофоны» әтір, ал аспаптың орнына кіржайғыш қолданылады.
«Бірінші видеоны 1 мамыр күні түсіріппін. Содан бері жүзден артық бейнежазба салдым. Алғашқыларым онша болмады. Жаңаша, қызық бірдеңе жасағым келді. Бұдан 10 жыл бұрын үйлену тойымда киген костюмім бар-тын, соны және басыма қазақы тақия киіп көріп едім, өзіме күлкілі көрінді. Сосын «фонограммамен ән айтатындарға неге пародия жасап көрмеске?» деп ойладым. Идеямды жарқ еткіздім. Бірақ көпшілік іліп әкетеді деп ойлаған жоқпын. Парақшама жазылушылар көбейіп, айналасы бір айдың ішінде 5 мыңға жетті», – дейді «Тик-ток» желісінің белсенді қолданушысы.
Байқағанымыз – әлеуметтік желідегілерге тобылдық жігіттің іс-қимылы да, тұсқағазы жыртылған қабырға да, ескі пакет те қызық. Бәрін талқылайды. «Жұрт назарын аудару үшін әдейі осындай фон таңдадым» дейді ол.  
Тағы бір қызығы – «дуэт» құруға ниет білдірушілердің көптігі. Бүгінге дейін 700-ден астам қыз-келіншек Нұрланмен қосылып, ән «шырқаған». Ең көп таралған «дуэті» ресейлік «Непара» тобының «Басқа себеп» әніне жазылды.
«Мыңдаған оқырманы бар тиктокерлерден ұсыныс түсіп, солармен де бірлесіп бірнеше видео жарияладым. Кейбір «клиптеріміздің» қаралымы 300 мыңнан асып кетті», – дейді тақиялы тиктокер.
 
 
Нұрлан қазір қызық түсірілімдері арқылы табыс таба бастады. Суыртпақтап отырып білгеніміз, әзірге ең көп алған ақшасы – 100 доллар.
«Денсаулығым сыр беріп, ұзақ уақыт жұмыстан қол үзіп қалдым. Үйде бос жатқаннан ештеңе шықпайды. Содан осыны қолға алып, бағымды сынып көрдім. Қолдаушыларым барын сезіндім. Әрине, бәріне ұнай бермейсің. «Бұлай ыржалақтамай, өйтпейсің бе, бүйтпейсің бе» деп сөгетіндер де бар. Бірақ, біле білгенде бұл да шығармашылық. Бос жүргеннен гөрі біреудің езуіне күлкі үйіртсең, соның өзі сені арқаландырмай ма?!», – дейді Нұрлан.
Қазір оны Атырау, Қарағанды, Алматы қалаларындағы тиктокерлер коллаборация жасауға шақырып жүр. Солармен тағы да қызық дүниелер шығару ойында бар.
Аслан ҚАНҒОЖИН

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓