Достық керуені
«Этносаралық және конфессияаралық толеранттылықты насихаттау бойынша «Достық керуені» АНТ қызметін ұйымдастыру» жобасы барысында аудан әкімдігінің мәжіліс залында қоғамдық тыңдау өтті. «Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік этносаясатты жүзеге асырудағы рөлі» атты тақырыпта өрбіген кездесу аясында Қостанай облысы «ГрИн» Азаматтық Альянсы» ҚҚ төрайымы Динара Өтебаева және Қазақстан халқы Ассамблеясының Қостанай облысы бойынша Кеңес жанындағы ғылыми-сарапшы мүшесі, ақын, жоба координаторы Александра Суслова және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елена Бауэрлер сөз сөйледі.
Сондай-ақ, шараға кітапхана қызметкерлері, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.
Айталық, алдымен сөз алған Александра Суслова өз әңгімесін қызықты мәлеметтермен әсерлі жеткізді. Жалпы, Қазақстан мемлекеті, оның жағрафиялық орнына тоқталды. Еліміздегі Ассамблеяның қалыптасуы және оның дамуы барысында Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастырғанын айтты. Сондай-ақ, Елбасының "Ұлт жоспары – 100 нақты қадам" атты бес институционалдық реформасына тоқталып, сөз соңын жүрекжарды өлеңдерімен аяқтады.
Ал, Динара Өтебаева болса, жобаның қазан-қараша айларындағы жоспарымен бөлісті. Этникалық топтар арасында мәдениет, салт-дәстүрді дамыту аясында облыстық фестивал және сурет, шығармашылық көрмелері жоспарланып жатқандығын айтты.
Бұл шара «Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы» ММ тапсырмасымен «ГрИн» Азаматтық Альянсы» ҚҚ ұйымдастыруымен «Этносаралық және конфессияаралық толеранттықты насихаттау бойынша «Достық керуені» АНТ қызметін ұйымдастыру» жобасы бойынша өтті.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.