Алда атқарылар жұмыс аз емес

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өткен аптада Жітіқара ауданы мен Лисаковск қаласына жұмыс сапарымен барып, бірнеше әлеуметтік, өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап қайтты. Бір жағынан, аудан әкімі Абай Ибраевтың және қала әкімі Алмат Исмағұловтың тағайындалғаннан бергі есебін және ағымдағы жылғы жоспарларымен танысты.IMAG0827
Бұл әкімдерді осыдан жарты жыл бұрын тағайындаған тұста Архимед Бегежанұлы аудан мен қала тіршілігіне қатысты пікірлерін айтып, тапсырма жүктеген-ді. Міне, сол тапсырма қаншалықты орындалды, әлі де қалай орындала бермек? Соны  пысықтап кетуі үшін келгенін өңір басшысы аудан, қала активі мәжілісінде айтты.
Алғашқы бағыт – Жітіқара ауданынан басталды. Мұнда алтын кенін өндіретін «Орион Минералс» ЖШС-нің бұл күнгі жұмысымен танысты. Рас, кәсіпорынның адымы қазір сәл кібіртіктеп тұр. Әрине, қаржы дағдарысында тек қана «Орион Минералс» қана емес, бұдан да зор кәсіпорындар бастан кешуде. Бірақ сонда да аталған кәсіпорын барлық қиыншылықты жеңіп шығуға қауқарлы. Мұны өз сөзінде бас директор Сергей Бартош мәлімдеді. IMAG0881Бұдан кейін өңір басшысы бастаған кортеж өңірдегі белді кәсіпорын «Қостанай минералдары» АҚ-на бет бұрды. Бұл жердегі жағдай алғашқы кәсіпорыннан көш ілгері. Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Ербол Нұрхожаев кәсіпорынның былтырғы жағдайы мен болашақтағы даму жоспарларына тоқталды.
– Барлығы түсінікті. Кей тұстарға көңіл толады. Бірақ қызметкерлердің еңбекақысын өсіру қажет. Оған да ден қойғандарың жақсы-ақ. Жаңа технологиялармен де жабдықталған екен. Соның арқасында біраз шығындарды үнемдепсіздер,– деп Архимед Бегежанұлы пікірін білдірді.
Келесі нысан – бұрыннан мәселесі күрделене беретін «Жітіқаракоммунэнерго» МКК. Бұл кәсіпорын әлі де қарыз-батпағына белшеден батып отыр. Оның жағдайын оңтайландыру мақсатында өңір басшысы аудан әкіміне тапсырма жүктеді. Содан соң Архимед Мұхамбетов жұмысы әлі қожырап тұрған индустриалды аймаққа келді. Оның да жағдайымен таныса келіп, индустриалды аймақ жобасын іске асырарда ең алдымен оған инфрақұрылымды мейлінше тарту қажеттігін ойласу қажеттігіне тоқталды. Әсіресе, темір жол қарым-қатынасы болуы керектігін айтты.
Бұдан кейін облыс әкімі балалар емханасында, жаңадан салынған мүгедектердің оңалту орталығы мен ғимараты қаңырап қалған қаланың ескі емханасында болып, ескі емхананың қаншалықты пайдаға жарайтынын, оған қаржының қалай жұмсалатынымен танысты. Барлық нысандарды аралап өткен соң аудан активімен кездесіп, Абай Ибраевтың есебін тыңдап, кем-кетік тұстарын айтып, оның тез арада шешілу жолдарын қарастыруын талап етті. Сондай-ақ, өңірімізде жаңа басталған «Көркейе бер, Қостанай» жобасына аудан халқының жұдырықтай жұмылып атсалысуы қажеттілігін сөз етті.
Өңір басшысы мінген кортеж келесі бағытын Лисаковск қаласына бұрды. Мұнда ол «Алтын өмір», «Дон Мар», «Өркен» ЖШС-де, «Лисаковск картон-қағаздары кешеніне», «Қазақстан Алюминииі » КБРБ» АҚ филиалының жөндеу-механикалық цехында, «Лисаковскгоркоммунэнерго» МКК-де болып, тыныс-тіршілігімен танысып, қала активінің жиналысына қатысып, қала әкімінің есебін тыңдады.
Мәжілісті қорытындылап, өңір басшысы алда әлі де атқарылар жұмыстың көптігін, өзі аралаған нысандардың кейбірі тоқырап тұрғанын, соның болашақтағы жұмыстарының жүзеге асуы қала әкіміне байланысты екенін қадап айтты.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суреттерді түсірген автор.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓