Қар-қақпанда зар қаққан
Қостанай облысында қар құрсауындағы жұмыстар толастамай тұр. Жедел құтқару жасағының құтқарушылары облыс жолдарында апаттық-құтқару жұмыстарын екі ай бойы жүргізіп жатыр. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлайды.
Ақпанның 13-нен 14-не қараған түні Қостанай облысының құтқарушылары қайтадан көмекке асықты. Арқалық-Торғай тас жолының 30 және 60 шақырымында жолаушылары бар көліктер қар құрсауында қалған. Құтқару жұмыстарын жүргізу үшін «Нива Марш-БРОНТО» жоғары жылдамдықты техникасымен Арқалық қаласының құтқару тобынан бір топ құтқарушылар жіберілді. Жұмыс барысында жолдың 32-шақырымында 6 машина қар құрсауынан босатылып, 15 жолаушы құтқарылды. Жол бойында Арқалық-Торғай тас жолының 60-шы шақырымында құтқарушылар 3 адамды эвакуациялады. Зардап шеккендер мен босатылған көліктер Арқалық қаласына жеткізілді.