Дәрігерлер баспаналы болды
Бүгінде өңірде дәрігерлер мен медбикелерді әлеуметтік қолдау, олардың кәсіби тұрғыда өсуіне, тұрмыстық жағдайының жақсаруына ерекше қолдау көрсетілуде. Әсіресе, жас мамандарға деген жергілікті биліктің қамқорлығы ерекше екенін айта кеткен жөн. Оларды көтермеақымен ғана емес, тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бір жарқын дәлелі – бүгін қостанайлық бір топ дәрігер алғаш рет “Қазақстандық ипотекалық компаниясы” АҚ арқылы қолжетімді баспанаға қол жеткізді. Оларға пәтер кілттерін облыс әкімі А.Мұхамбетов табыс етті.








"Біз сияқты жас отбасылар үшін өте тиімді. Себебі, бастапқы жарнасыз, жылдық 3 пайызбен 20 жылға алып жатырмыз. Әйтпесе, алғашқы жарнаны жинау да оңай емес. Өте қуаныштымыз", – дейді жас маман.
Қостанай қалалық №3 емхана бас дәрігерінің орынбасары Қарлығаш Әленованың сөзінше, өткен жылы емханаға 27 дәрігер келсе, соның 23-і жас мамандар екен. Осы жас мамандардың тоғызын пәтермен қамтамасыз ету жоспарланған көрінеді.
-Бүгін соның бесеуі баспанаға қол жеткізіп жатыр, ал төртеуі наурыз айында пәтер алады. Жалпы, біздің емхана бойынша әлі 17 дәрігер баспанаға зәру, дегенмен жыл аяғына дейін олардың бәрі пәтермен қамтамасыз етіледі деген үміттеміз. Дәрігерлерді тарту мақсатында көптеген жұмыстар атқырылып жатыр. Биыл қатарымыз тағы бір маманмен толықты. Сондай-ақ, жақында электронды еңбек биржасы арқылы да кардиолог және балалар психиатры келеді. Айта кетер жәйт, мамандарды тарту мақсатында қазір бас дәрігеріміз Ақтөбе облысына бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне кетті. Сондықтан, біздің емханада кадр мәселесі айтарлықтай шешілген әрі оларды пәтермен, бір реттік көтермеақымен қамтамасыз ету жағы да жақсы жолға қойылған, – дейді бас дәрігердің орынбасары Қ.Әленова.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев