Пойызға ұрлыққа түсті
Қарабалық ауданына қарасты Боскөл ауылының 23 және 30 жастағы екі тұрғыны түн жарымында пойыз тонады. Пойыз болғанда да, жүйткіп келе жатқан отарбаны теміржол бағдаршамының қызыл түсін қосу арқылы тоқтатып қойған. Мұнан соң іркес-тіркес вагондардың бірінің есігін бұзып ашып, ішіндегі тауарларды ұрлаған.
Сөйтсе, сол вагонда Череповец қаласынан Қазақстан аумағына әкеліне жатқан кондитерлік өнімдер болыпты. Ұрылар жерге тәттіге толы 100 шақты қорапты түсіріп алған. Кейін «Газель» автокөлігін алып келіп, үйлеріне тасыған. Ежептәуір «олжаны» саудаламақ ойлары болыпты. Әйткенмен коммерциялық жоспарлары жүзеге аспай қалды. Аталмыш дерек бойынша жедел іздестіру шараларын жүргізбекке АІІБ-нің 15 қызметкері жұмылдырылған. Боскөл ауылының барлық аулаларына тінту жүргізіп, күдіктілерге апаратын ілік іздеп, ақырында череповецтік қораптардың үстінен түседі. Бірінің үйінен 80, екіншісінен 20 қорап тәркіленді. Пойызды тоқтатуға жүректері дауалаған боскөлдіктер үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олар «Босколь-Астык» ЖШС-нің жұмысшылары болып шықты.
Сорақысы сол, мұндай мінездегі қылмыс Боскөл ауылында осыған дейін де жасалыпты. 2012-2013 жылдары пойызды «тұсаулап» қойып, тауарларын ұрлағандар ұсталған-ды. Былтыр да металл тасымалдап бара жатқан отарбаны, теміржол үстіне мотоцикл әкеліп қою арқылы тоқтатқан 25-26 жастағы жігіттер жазасын алды. Олар 205 келі металды қолды қылып, оны темір қабылдайтын нүктеге тапсырып үлгерген. Дегенмен, көлденең табыстары бастарына екі есе шығын әкелді. Қазіргі уақытта аталмыш «аты шулы» ауыл аудан әкімі Алмат Исмағұлов пен облыстық ІІД басшылығының жіті қадағалауында.