“Соғыста Сталинге ақыл айттым…”

PomnyuТорғайлық белгілі айтқыш Егізбайдың Айсасы Ленин мен Сталин туралы артына көп әңгіме қалдырған кісі… Бірде Айсекең белгілі айтыскер ақын Нұрхан Ахметбековке:

– Нұреке, сен білесің бе, менің Сталинге соғыс бас-талғанда қандай ақыл айтқанымды? – депті.

Мына сөзге алғашында аң-таң болған Нұрекең:

– Айсеке, сіз не деп тұрсыз? Түсінбей қалдым? – депті.

– Ой, тәйірі-ай! “Ауылдағының аузы сасық” – деген ғой. Менің қадірімді сендер білмесеңдер де, марқұм Ленин мен Сталин секілді данышпандар білді ғой! – депті Айсекең.

Сонда Нұрекең тұрып:

– Айсеке, қай ақылыңызды айтып тұрсыз? – депті.

– Паһ-паһ, айттым ғой, әне, сендер мені тыңдамайсыңдар, сыйламайсыңдар және құндамайсыңдар. 1941 жылы фашистер шекараны бұзып өтіп, Мәскеуге таяп қалғанда Кеңес Үкіметінің басшысы Жүсіп аға Бессары-ұлы (Иосиф Виссарионовичті Айсекең осылай атайтын)  абдырап қалды. Хорхорын тартып, екі қолын артына ұстап, Кремльдегі кең кабинетінің ішінде ойланып жүрді. Мен қайдан білейін, Торғайдан жол түсіп, Мәскеуге бір шаруамен барғанмын. Жұмысым орындалған соң Жүсіп ағаға жолығып, сәлемдесіп кетейін деп Кремльге келдім. Ағаның көмекшісі мені жақсы танитын еді. Бірден кабинетіне кіргізіп жіберді. “Ассалаумағалейкүм!” деп кіріп барғанымда, аға жерден жеті қоян тапқандай қуанып:

– Пәлі, Айсажан, келіп қалдың ба?! Қатты қиналып отыр едім. Ақылдасуымыз керек! – деді.

Мен:

– Аға, менде қай жөнді ақыл бар, – дедім.

– Сенің білмейтінің жоқ. Неміс-фашистер Мәскеуге жақындап қалды, не істейміз? Оларды кім тоқтатады? Осы мәселе мені қинап тұр! – деді.

Мен лезде ойланып жіберіп:

– Аға, СССР-де қазақтай батыр халық жоқ! Оларды тоқтатса қазақтар ғана тоқтатады! – дедім.

– Дұрыс айтасың, Айсажан, адам қиналғанда ақылы қашады ғой. Осыны қалай ойламағанмын. Сенің келгенің жақсы болды. Мәскеуді қорғауға қазақтарды жіберемін! – деді.

Содан не керек,  генерал И.Панфилов басқарған қазақ жауынгерлері және қазақстандықтар Мәскеуге таяп қалған фашистерге ғаламат соққы беріп, оларды Мәскеуге маңайлатпады емес пе?! Сол үшін де Жүсіп аға 28 панфиловшыларға Кеңестер Одағының Батыры атағын берген жоқ па? Әй Нұрхан-ай, сен осыны да білмейсің ғой. Әрине, мен сияқты Мәскеуде оқып, жоғары білім алсаң, бұлай демес ең. Білмейтінің көп! – дедім.

Сонда Нұрхан не деді дейсің ғой:

– Ойпырмай, Айсеке-ай, расында қадіріңізді білмеппіз ғой. Сталинге ақыл беріп, бүкіл СССР-ді басқыншы жаудан қорғап қалған өзіңіз екенсіз ғой! – деді ғой.

Расында да шындық осылай. Кейін 1949 жылы Жүсіп ағаның 70 жылдық тойына барғанымда:

– Айсажан,  сенің ақылыңның арқасында жексұрын фашистерді тас-талқан еттік қой! Совет Одағының Батыры атағын берейін деп едім, “Туысына береді деп айтады” деп өзің алмай қойдың. Сен де батыр адамсың! – деп арқамнан қаққан еді, – дейді Айсекең Нұрхан ақынға қарап.

Ол қарқ-қарқ күліп:

– Жарайсың, Айсеке! Сіз қазақтың маңдайына біткен батыр азаматтың бірісіз ғой! – депті.

 

“Берлинде екі балам қалды”

Айса Егізбайұлы мақтағанды жақсы көрген. Соны білетін қушыкеш жігіттер Айсекеңнің астына көпшік тастап сөйлесе болды, ол желдей есе жөнелетін және бір ғажабы, бір айтқан әңгімесін өмірі екі қайталамайтын. Айтқыштық өнерінің күштілігі сондай – ойлап таппайтыны жоқ еді. Мүдіруді білмеген кісі. Бірде Қожантай деген епті жігіт тұрып:

– Айсеке, осы сіз неміс тілін қайдан үйрендіңіз? – дейді.

Сонда Айсекең жұлып алғандай:

– Әй, Қожантай шырақ, мен неміс тілін Германияның өзінде меңгердім ғой. Соғыста көппен бірге неміске тұтқын болып түсіп қалдым емес пе? Көп адам едік. Немістер бізге, Орта азиялықтарға тиіспеді. Фермерлеріне жұмыскер етіп бөліп берді. Бақытыма қарай маған бір жақсы неміс кездесті. Міндетім – оның күйеуге шықпай отырып қалған қарындасы Эммамен бірге екпе жонышқасын, көкөністерін, бау-бақшасын егіп, жинап, малын бағып-күту болды. Маған ол деген не тәйірі?! Шаруасын дөңгелетіп жібердім. Эмма да, ағасы да риза болды. Сол кездің өзінде олардың тұрмысы деген ғажап болатын. Содан күндер, айлар өте берді… Бір жылдан соң Эмма екеуміз көңіліміз жарасты. Келе-келе бір-бірімізді ұнаттық. Бір-бірімізді көрмесек тұра алмайтын жағдайға жеттік. Махаббатымыздың күштілігі сондай – бір күні көңіл қостық. Бір жылға тақағанда Эмманың аяғы ауыр болып қалды. Болса да Германияда қалдым ғой, енді осыған үйленейін. Шүкір, тоба, елде балаларым бар ғой деп ойладым. Содан бір күні біздің шағын қаламызға Совет әскерлері басып кірді. Есіктің жақтауынан сығалап қарасам, ішінде көптеген қазақтар жүр. Оларды көргенде көңілім босап қоя берді. Туған жер Торғайымның кең даласы көз алдыма келіп тұра қалды… Сағыныш жүрегімді өртеді. Сосын өзіме: “Қой, Айса, елге жетуді ойла! Мына қазақтарға қосыл да, тарта бер!” – дедім. Солдат киімімді қораға тығып қойған едім. Дереу киіп  алып, Эммамен қоштасып, жүгіріп бара жатқан қазақтар-ға қосылдым да Берлиннен бір-ақ шықтым. 9 мамырды сонда қарсы алдым. Қуанышымда шек жоқ. Ешкім мені тексерген жоқ. Сол жерден елге қайттым. Эммадан сол 1945 жылдың тамыз айында балам тууы керек еді. Эмманың айтуынша бір ұл, бір қыз – егіз бала туатын еді. Не істейсің? Бұлай болады деп кім ойлаған! Егер сендер Германияға барсаңдар менің балаларымды іздеп, тауып алыңдар. Маған неміс тілін үйреткен Эмма еді. Қоштасарда мені қимады. “Маған немістің бір жігіті қарамағанда, сен мені сүйіп, бақытқа бөледің, егіз бала сыйладың, Айса!” – деп көз жасын көлдетіп қимай қиналды. Әрине, мен де қиналдым. Ұрпақтарыма аманат еттім. Жүз жылдық жаулық жоқ. Түбі Германияға барыс-келіс орнаса, сондағы екі баламды іздеп, тауып алыңдар, – дедім деп Айсекең құс жастыққа қисая кетті.

– Айсеке, мынауыңыз ғажап екен, – деді Қожантай оның жүзіне ойлана қарап.

 

“Әбіш деймін дегесін…”

9 сынып оқып жүргенімізде бізді Крупская атындағы совхоздың “Қоссор” деген жеріне күзгі қой қырқымына алып барды. Міндетіміз – қой қырқу, жүн жинау. Киіз үйде жаттық. Бізбен бірге аспазшы Әбіш деген ақсақал тұрды. Бұл Әбекең де шек-сілеңді қатыратын, бірақ өзі күлмейтін шайқы кісі екен. Күнде кешкілік әңгіме айтады. Оның әңгімесін біз құмартып тыңдаймыз. Бір ғана тақырыбы бар. Ол – соғыс жайлы. Алғашқы әңгімесін былай бастады:

– Украина ормандарының ішінде жүр едік. Бір күні барлауға шығатын Естемір деген жігіт ауырып қалды. Командиріміз кімді жіберерін білмей дағдарып тұрды да:

–  Әбіш, бұл жолғы барлауға сен шығасың!  – деді.

Содан Сергей деген қазақшаға судай орыс жігіті екеу-міз барлауға шықтық. Сергей маған бәрін түсіндірді. Сосын “Сен анау немістің тұрған жеріне барып барлау жаса, реті келсе біреуін ұстап алып кел!” – деді. Менде сөз жоқ. Барып бір ағаштың жанына тығылып тұрып, фашистердің не істеп, не қойып жатқанын бақыладым. Біраздан кейін бір антұрған фашист тура маған қарай жүрді. Қайдан көріп қалғанын білмеймін. Жуан ағаштың тасасында тұрған едім. Қолымда кеспелтек қысқа таяғым бар. Соны оңтайланып, әлгіні бақылап тұрдым. Иттің баласы қызулау екен, шамасы араққа сылқиып тойып алған болуы керек. Маңдайымен мама ағашты соқты. Сол екен, қолынан ұстай алдым. “Әбіш деймін” деді. Бұл антұрған мені қайдан біледі деп ойладым. Сұрайын десем немісше білмеймін. Және бірдеңе десем айғай салып, немістерін шақырар деп жалма-жан қалтамнан орамалымды алып, аузына тығып жіберіп, қолымдағы ағашыммен көмейіне жеткізе итеріп, алдыма салып Сергейге алып келдім. Сергей аң-таң.

– Әй, сен өзің ғажап адамсың ғой! – дейді.

– Түк те ғажабы жоқ! – деймін мен оған.

– Мынау немістің үлкен командирі ғой. Қолыңа қалай түсіріп жүрсің? – дейді Сергей.

– Оп-оңай түсірдім. Бұл мені таниды екен. “Әбіш деймін” деп қасыма әдейі келді. “Әбіш десең” жүре ғой деп өзіңе әкеп тұрмын! – дедім.

Содан әлгі немісті өзіміздің блиндажға алып келгенде командирлер ал келіп қайран қалсын!

– Қайсың ұстадың? – дегенде Сергей тұрып:

– Ұстап әкелген мынау, Әбіш! – деді.

Ал мен командирге:

– “Әбіш деймін” деп мені танығасын, қолынан ұстап алдым да, жетектеп алып келдім! – дедім.

Сөйтсе “Әбіш деймін” дегені – немістің “ауфштейн” деген сөзі екен. Бұл жайға бәрі қайран қалып, шек-сілелері қата күліп, мәз-мәйрам болыпты.

Хамитбек

        МҰСАБАЕВ

Аманкелді ауданы.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓