Елдіктің ерен үлгісі
Қайыңды ауылдық округінде Ұлы Отан соғысына қатысушы-ларға лайықты құрмет көрсетілген. Ауыл орталығынан және “Қызылжұлдыз” бөлімшесінен даңқты жауынгерлерге қойылған ескерткіштерді көріп, ризашылық сезімге бөленесіз.
Ескерткіштердің нұсқасына солдаттың кәдімгі қос погоны алынған. Ортасына үлкен қызыл жұлдыз орнатылған. Ескерткіштердің жан-жағы қоршаумен қоршалған. Ішіне гүл өсіріледі. Зұлмат жылдары бұл ауылдан 153 адам ұрыс даласына аттаныпты. Погондарға жауынгерлердің есімдері, туған жылдары жазылған.
– Ескерткіштерді ауыл тұрғындары өздері жұмылып тұрғызды. Құрылыс материалдарына қажетті қаржыны бірігіп жинады. Бюджет қаржысы жұмсалған жоқ. Ерлік шежіресін естен шығармаудың жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге тигізер пайдасының зор екенін халық жақсы түсінеді, – дейді осы бір ізгілікті іске мұрындық болған округ әкімі Балтабай Құрманбайұлы.
Қос ескерткіш те сонадайдан көзге түседі. Майдангер ерлерге ілкімді ізет жасалынғанын паш етіп тұр. Шалғайдағы ауылдардың асылдарын ұмытпай ардақтауы – елдіктің ерен үлгісі болса керек.
Мұрат
ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.
Суретте: Қайыңды ауылындағы соғыс құрбандарына қойылған ескерткіш.