18-ге толмаған жас едік
Торғай даласынан соғысқа қатысқан батырлардың бірі – Әділжан Нұрмағамбетов. Ол кісі он сегіз жасқа толмай жатып әскерге шақырылған. Дәлірек айтқанда, 1942 жылы желтоқсан айының соңында Жанкелдин ауданы, Тосын ауылынан әскерге аттанды.
– Біз он сегізге толмаған жас едік. Бас-аяғы отыз шақты жігітпіз. Ат шанамен бәрімізді Әулиекөлге алып барды. Межелі жерге жеткенше арып-ашып жол жүрдік, – деді майдангер.
Жанкелдин, Аманкелдіден жиналған жастарды Әулиекөлде тауар таситын вагонға тиейді. Поездың бағыты Челябі облысының Шұбаркөл станциясы. Өрімдей жастарды Шұбаркөлдегі №4 атқыштар полкының сапына қосады. Дайындық таңғы алтыдан түнгі он екіге дейін белгіленген. Осы уақыт ішінде солдаттар демалуды білмейді. Әскерде тамақтың тапшылығынан бөлек жататын төсек-орын да жоқтың қасы. Сондықтан қу тақтайға шинелдерін жастанып жатқан. Үш ай әскери дайындықтан өткен сарбаздар 1942 жылдың нау-рыз айында соғысқа барады. Құрамында Әділжан Нұрмағамбетов бар 67-ші атқыштар бригадасы Украинаның Кировоград, Знаменка, Александров қалаларын азат етуге қатысқан. Кировоград түбіндегі ұрыста Әділжан атамыз аяғынан жараланады. Үш ай емделген соң Белорусь майданына жіберіледі. Гомель қаласында тағы да оққа ұшып, бір ай госпитальда жатады. Кейін Минскіні азат етуге қатысқан.
– Днепр түбінде жан түршігерлік ұрыс болды. Жауынгерлердің дені оққа ұшты. Торғайдан барған жігіттер сол жерде қаза тапқан болатын. Жау жағы бізге қарсы оқ жаудырғанда қара жер қақ айырылып кетердей көрінетін. Сол кезде біздің жасымыз он тоғызда ғана, – деді ардагер.
Әділжан Нұрмағамбетов майдандастарымен бірге 1944 жылы Польша жерін, Варшава қаласын азат етуге қатысады. 67-ші атқыштар бригадасы 1945 жылы Германияға басып кіріп, Хаген қаласына тоқтайды. Нәтижесінде 9 мамырдағы Ұлы Жеңісті Берлиннің батысындағы Хаген қаласында қарсы алған. Атайдың айтуы бойынша, соғыс біткенімен жауынгерлерді бірден босатпаған. Олар бір жыл бойы Хаген қаласында болады. Қаладағы әрбір үйді тінтіп, қашқындарды және тығып қойған оқ-дәрілерді іздейді. Бір жылдан соң елге аман-есен оралады.
Соғыстан кейінгі елдің тұрмысы төмен еді. Жадап-жүдеген халықтың жағдайы адам аярлық. Әсіресе, Торғай өңіріндегі аһуал тым нашар болған. Себебі, Батпаққара даласы соғыс-қа дейін талай құқайды бастан кешті. 1932 жылғы ашаршылық, 1937 жылғы қуғын-сүргін Жанкелдин, Аманкелді аудандарын аждаһадай жайпады.
– Үш-бес жастағы кезім қалай өткенін білмеймін. Неге десеңіз, 1932 жылы біздің ауылды аштық жайлады. Сол қырғында туған ағам мен інімнен айырылдық. Қуғын-сүргінді де көріп, соғысқа іліктік. Бала болып ойнап, тойып тамақ ішпедік. Біздің жастық шағымыз қасіретке толы, – дейді майдангер.
Әділжан Нұрмағамбетовтың шешесі ертеректе, 1939 жылы қайтыс болған. Тағдырдың жазуымен әкесі Жәмет жасы ұлғайған шағында жалғыз қалады. Сөйтіп кейіпкеріміз аға-жеңгенің қолында, туыс-қанның есігіне қарап өседі.
Соғыстан кейін де күнкөріс керек. Бейбітшілік орнаған соң Әділжан Жәметұлы оқу іздеп Алматыдағы офицерлер даярлайтын бір жылдық мектепке барады. Оны 1947 жылы тәмамдап, жолдамамен Затоболға қызметке орналасады. Кейін шаңырақ көтеріп, үш ұл, үш қыз өсірді. Зайыбы Күлпарамның жарық дүниеден озғанына да он бес жыл болған екен. Атамыз қазір Қостанай қаласында кенже қызының қолында. Өзге балалары да атайдың көз алдында жүр. Ақзира және Күлзира есімді қос қызы шаһарымыздағы беделді дәрігерлер, кенжесі Райхан педагог. Үлкен ұлы Серік пен Арыстанбегі Қостанайда тұрып жатыр. Болатпек есімді баласы 44 жасында қайтқан. Ұлының өлімі тоқсан жастағы атайға қатты батты. Сұрапыл соғыстың қиындығына мойымаған жан баласының қазасын қинала еске алады. Жастай кеткен тұяғы есіне түссе көзіне жас үйіріледі.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретте: Әділжан Нұрмағамбетов
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.