Шетелге танылған кітапхана
Ақпараттың қарыштап дамыған уақытында кітапхана оқырманға кітап ұстатып, қабылдап қана отыратын орын емес. Бағыты да, мақсаты да өзгерген. Біз сөз еткелі отырған «Текстильщик» шағын ауданындағы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапхана жүйесі мемлекеттік мекемесінің «Северный» кітапхана филиалы әлеуметтік желіде әжептәуір танымал. Бұл туралы бізге аталған рухани орынның меңгерушісі Рәзия Тасмағанбетова айтып берді.


«Былтыр кітапхана ішінен екі әдеби бұрыш ашылды. Оның бірі – ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серікбай Оспанұлына, екіншісі ақын, ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Александра Сусловаға арналды. Ол бекерден ашылған жоқ. Желтоқсан айында Серікбай ағамыздың шығармашылығына байланысты тоқсандық өткіздік. Қасымыздағы №22 мектептің бес жүзден астам оқушы біздің кітапханаға келіп, ақынның шығармашылығымен танысты. Соңында сол мектептің акт залында қорытынды үлкен кездесу өтіп, ақын ағамыз мектеп оқушыларына өлең арнады. Осы білім ошағы ағайды аяқтарынан тік тұрып қарсы алды. Бізге ақын ағамыз өзінің студенттік билетін тапсырып кетті», – дейді Рәзия Мұқтарқызы.
«Званый гость» айдары да белсенді жұмыс істейді. Жақында белгілі прозашы, экономист-оқытушы Әбутәліп Әмірмен кездесу өтті. Оған дейін де көрнекті ақын, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист Ақылбек Шаяхметпен кездесу екі бөліммен өтіпті. Бір қызығы, орыс тілінде сұрақ беріліп, қонақтар қазақ тілінде жауап берген.
«Мақсатымыз орыс тілді оқырмандарға, басқа елдегілерге таланатты азаматтарымызды таныстыру. Әсіресе, белгілі дәрігер Қарасай Нұровпен өткен жүздесу керемет болды. Көптеген оқырмандарымыз бізге жылы лебіздерін қалдырды. Жақында ҚР Парламентінің төртінші шақырылым депутаты Валерий Вишиченкомен қызықты кездесу болды. Осылай кері байланыс орнаттық. Оқырмандарымыз сауалдарын, тілектерін жазып жатады. Фейсбук желісінде «Кітапхана қауымдастығы» бар. Парақшамызға басқа елдердің кітапхана директорлары тіркелген. Олар да біздің жұмысымызды бағалап отырады. Кітапхана тек кітап оқитын орын ғана емес, біздің өңірімізді таныту. Шағын филиалдың жұмысы тек облыс төңірегінде ғана емес, шет елдерде де танымал», – дейді меңгеруші.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.