Тариф неге өзгереді?
«Қостанай-Су» кәсіпорны 1 тамыздан бастап тариф өзгеретінін хабарлады. Тарифтің не себепті қымбаттайтынын Табиғи монополияларды реттеу комитетіне қарасты Қостанай облысы бойынша департаментінің өкілдері түсіндіріп берді.
фото: atpress.kz
«Қостанай Су» МКК басшылығы тарифті өзгерту туралы алдымен облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментіне (ТМРКД) жүгінген. Соңғы шешімді аталған мекеме қабылдады.
Жаңа баға 5 жылға, 2026 жылға дейін бекітілді. Жыл сайын тариф «Қостанай Су» желілерін жаңғырту жұмыстарына және несиелік міндеттемелерді орындауы үшін өсетін болады.
1 тамыздан бастап су арнасы қызметтерінің орташа құны артады. Осылайша, халықты сумен жабдықтау тарифі 63 теңгеден 72 теңгеге дейін, су бұру тарифі 49 теңгеден 56 теңгеге дейін қымбаттайды.
Сонымен бірге, ТМРКД қорытынды тариф кәсіпорын қызметкерлері қойған бағадан әлдеқайда төмен, яғни, 17,5% арзан екенін айтады. Мысалы, компания ұсынған әуелгі жобада сумен жабдықтау қызметі 88 теңге, ал су бұру үшін 70 теңге төлем белгіленген еді.
«Орташа алғанда, «Қостанай-Су» МКК 2022 жылдан бастап 2026 жылға дейін халықты сумен жабдықтау қызметтеріне тарифті бір текше метр үшін 9,82 теңгеге, басқа тұтынушылар үшін 51,64 теңгеге өзгертеді. Су бұру қызметтері тұрғындар үшін орта есеппен 7,65 теңге, басқа тұтынушылар үшін 37,58 теңгеге артады. Кәсіпорын өз жұмысын тұрақты жүргізуге және тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік алды. Біздің ведомство табиғи монополия субъектісі мен тұтынушылар мүдделерінің теңгерімін сақтауға тырысады», – деді облыстық ТМРКД басшысының орынбасары Руслан Гасанов.
дереккөз: kstnews.kz