Құдық суы қайнап жатыр
«Мичуринец» саяжай қоғамында учаске иесі құдығындағы судың кенеттен ысып кеткенін көріп қайран қалды. Бұл оқиға туралы ол alau.kz редакциясына хабарлаған.Ғажайыпқа тап болған Наталья Стоянованың айтуы бойынша, құдық суы көп жыл бойы тастай салқын әрі ішуге жарамды болып келген. 22 тамызда ол судың жылып кеткенін көреді. Оның үстіне, ішуге жарамсыз болып қалған.
"Мен әуелде сыртқа шығып жатқан буды көрдім, бірақ күн әлі салқын да емес қой. Дымға түсінбей, шелекпен алдым да, қол тигізіп көрсем, жып-жылы. Ең қызығы, ол күннен-күнге ыси бастады. Қазір оның температурасы – 40 градус шамасында. Әрине, оны өлшеген жоқпын, қолымды батырамын – кәдімгідей ыстық", – дейді Наталья.
Құдықтың суын ортақтасып пайдаланатын көрші әйел де бұл тылсымға таңданып жүр. Қазір олар "қайнаған" суды ыдыс-аяқ және киім жууға пайдаланып отыр.
"Қызым осы сумен жуынады. Бір қасиеті, шашты "ашып", жібектей етіп жібереді. Қиыны сол – салқын сусыз қалдық. Осылайша, Қостанайдың барлық ыстық суын біз тартып алдық. Бұл, әрине, қалжың, бірақ бір жағынан біз үшін күлетін де жағдай емес сияқты. Сосын ол біртүрлі бүлкілдеп қайнайды, кенет төтеннен атыла ма деп те үрейленеміз. Көршім әлдебір жерге қоңырау шалған екен, олар "өз шаруаларың" деп бетін қайтарып тастапты", – дейді алаңдаулы Наталья.
Кейінірек "ҚЖЭК" мамандары бұдан оқыс жайт күтіп алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтып, оларға гидрогеология қызметкерлерін шақыруға кеңес берді.