Атамның есімі – мәңгілік жүрегімде
Әр адамның жүрегінің бір түкпірінде аңсаған арманы болады. Менің армандарымның бірі – атам жайлы осы мақаланы жазу болды. Міне, бұл арманым орындалды деп ойлаймын.
Атам 1904 жылы Меңдіқара ауданы Алакөлдің баурайындағы киелі Ақсуат жерінде дү- ниеге келген – Жөлкеев Қажығали. 1936 жылы сырттай Қостанайдағы педагогикалық училищеге түсіп, 1940 жылы соның толық курсын бітіреді. Атамның өнерсүйгіштігі оның домбыра шерткенінен белгілі болатын, – деп әкем қазіргі күнге дейін айтады.
Атамның екі ер баласы бол-ған, 1927 жылғы Ахмадия, 1929 жылғы Ағзамбек. Екеуі де дарынды, бір баласы сол кездегі А.С.Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогика институтын бітіріп, соғыс жылдарында тылда жұмыс атқарды. Ал екінші баласы, домбыра шертіп, ауыл-ауылдарды аралап, өзінің дарындылығын осылай танытқан. Бірақ, жастай қайтыс болды.
Атам Меңдіқара ауданының ауылдарында ұстаз болып қызмет атқарды. 1942 жылы қаңтардың 20-шы жұлдызында Меңді-қара комиссариатынан әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанған. Соғысқа барған соң, ротада жауынгер-писарь қызметіне кіріскен.
Атам Сталинград, Оңтүстік, Белорусь, І Украин майдандарында соғысқан.
Бірнеше медальдармен марапатталған.
Соғыстан келген атам өзінің мамандығы бойынша мұғалім болып, зейнетке шықты. 1988 жылы 84 жасында дүниеден озып, кіндік қаны тамған Ақсуат жерінде жерленген. Ұлы Отан соғысы жылдарында жеңіске қол жеткізген адамдардың ішінде менің атамның да үлесі бар, мен атамды мақтан тұтам!
Ләззат Ахмадиева,
Нұржан Наушабаев атындағы Затобол орта мектебінің 11 сынып оқушысы.
Қостанай ауданы.