Міндет – мін түзеу
Халық алдында есеп беру жиынын өткізу кезегін Қостанай ауданының әкімі Виктор Радченко жалғастырды. Аудан басшысы 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов барып қатысты.
Өңірде елеулі оқиғалар аз болған жоқ. Солардың бірі – ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың қаулысымен Затобол кентіне қала мәртебесі беріліп, атауының "Тобыл" деп өзгертілуі. Осыған орай, жаңа қалаға бөлініп отырған назар ерекше. Мұның сыртында, есепті кезеңде Заречный кентінде "Жилэлектрик" компаниясының "Жел электр станциясы құрылысы" инвестициялық жобасы басталған еді. Бұған 19 млрд теңге инвестиция құйылды. Құрылыс осы жылы аяқталады. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 млрд 892 млн теңгеге ұлғайып, 24 млрд 622 млн теңгеге тең болды. Егін шаруашылығының өнімі бұл аграрлы ауданда да айтарлықтай төмен көрсеткішке ие. Шығым гектарына 10 центнерден келіп, 239 мың тонна астық бастырылған.
Аудан аумағында 42 мың 600 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылысқа 6 млрд 181 млн теңге жұмсалған. "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында Заречный ауылында 171 жеке тұрғын үй құрылысы аяқталды. Оған 2,2 млрд теңге жұмсалған. Бәйтерек, Астана шағын аудандарына газ тарту жұмыстары нәтижелі аяқталыпты. Мамыр айында Надежин аулына су тарату құрылғысын орнату жұмыстары басталмақ. Бұған облыстық бюджеттен 10 млн теңге бөлінген.
"Сондай-ақ, Владимиров, Мәскеу, Садчиков, Айсары, Половинов, Александров, Константинов, Алтынсарин, Алтын Дала және Белозер, Майкөл Шеминов ауылдарына орнатылатын орталықтандырылған ауызсу құрылғысы құрылысының жобалық құжаты әзірленді. Жалпы құны – 8 млрд 237 млн теңге", – деді аудан басшысы.
2019 жылы жалпы сомасы 1 млрд 198 млн теңгеге аудандық маңыздағы жолдар және Тобыл қаласы көшелері жөнделген. Биыл бұл жұмыстар жалғасын табады. Оған 861 млн теңге қарастырылып отыр.
Әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесіне 112, қоғамдық жұмыстарға 85 адам жіберілген. Қысқа мерзімді курстардан 228 адам өтіп, оның 158-і жұмысқа орналасқан. Ал "Бастау бизнес" жобасы бойынша 312 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып шықты. 2019 жылы 829 азаматқа 431 млн 953 мың теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Жалпылай алғанда, ауданның тұрмысы төмен тұрғындарына 473 млн теңге төленіпті.
2019 жылы Надежин орта мектебіне күрделі жөндеу басталған. Оның жалпы сметалық құны – 331 млн теңге. Жұмыс осы жылы аяқталады. Сондай-ақ, 123 млн теңгеге Мичурин орта мектебі және К.Кәрімов атындағы орта мектеп ағымдық жөндеуден өтпек. Мұнымен қоса, "Ауыл –ел бесігі" жобасы аясында Октябрь ауылындағы Совхозный орта мектебін жөндеуге 148 млн теңге қарастырылып отыр. Мектепке дейінгі мекемелер қатары да көбейе түспек.
"2020 жылы "Строй Хаус" ЖШС Тобыл қаласында 120 орындық балабақшаның құрылысын аяқтайды. Нақ осындай 100 орындық балабақша Мичурин ауылында да пайдалануға беріледі. Оның құрылысымен "Кен-Жер" ЖШС айналысып жатыр", – деп мәлімдеді аудан басшысы.
Денсаулық сақтау саласы да қолдаудан тысқары емес. Былтыр қызметін бастаған 20 дәрігерге "Северный" шағын ауданынан пәтер берілген. Қазір аудан 9 ақ халатты маманға мұқтаж. Басшылық бұл олқылықтың орны бос орындар жәрмеңкесі арқылы толығатынына сенім білдіріп отыр.
Аудан әкімі тұрғындардың сұрақтарына да жауап берді. Көп азаматтың сауалы көше жолдарының сапасына қатысты болды. Ақсақалдар жағы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында саябақ жөнделсе деген тілектерін жеткізді. В.Радченко бұл мәселелердің жоспарда бар екенін, жыл ішінде шешілетінін айтты.
Ал Жақсылық Жүнісұлы аты тұрғын Абайдың мерейтойы назарсыз қалмасын деген пікірін білдіріп, Заречный кентіне ұлы ақынның аты берілсе деген ұсынысын айтып қалды. Аудан әкімі бұл жайттың жөн-жосығын, ұсынысқа қоғам мен билік назарын аударту тәртібін түсіндіп берді. Алтынсарин аулының тұрғындары іргеге келіп тұрған газдың игілігін көре алмай отырғандарын айтып шағымданды. Айтуынша, бұл ауылда 7 жыл бойы 27 нысан пешпен жылытылып келеді. Орта мектептің өзін көгілдір отын желісі айналып өткен. "Бұл – таныс мәселе" деген аудан басшысы мәселені шешуге кезекті рет уәде берді.
Қорытынды сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғ.Нұрмұхамбетовтің де В.Радченконың командасына тағар міні аз болмады. Мәселен, нысандарды жөндеу жұмыстарының кешеуілдеуі, ауыл шаруашылығы бағдармаларына қатысудың мардымсыздығы, экспорттық әлеуеттің төмендігі, трактор паркінің жаңартылмағаны және өзге де көптеген салаға қатысты кемшіліктер сынға ілікті.
"Бұл ауданда ірі ауыл шаруашығы субъектілері жетерлік. Сөйте тұра, шаруаны ілгерілетуде жайбасарлық аңғарылады. Минералды тыңайтқыштар мәселесі шешілмеген, егістік алқаптарын цифрландыру жөнінен кенже қалып отырсыздар. "Сыбаға" бағдарламасы бойынша сатып алынған малдың саны – 100-ақ бас. Кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік беретін "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына небары 7 жоба өтініш білдіріп, біреуі ғана мақұлдауға ие болған. Бұл өте аз ғой! Сонау жақтағы Амангелді, Жангелдин аудандарының осы тұрғыдағы көрсеткіштері жақсырақ. Мұның себебі неде? Осы айтылған міндерді түзеуді тапсырамын", – деді Ғауез Торсанұлы.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков