1-сыныпқа – жаңа пән
Биыл бағдарламалау негіздері пәні 1-сыныптан бастап енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайында баяндаған ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Цифрлық Қазақстанның» бірінші бағыты – адами капиталды дамыту бойынша белсенді жұмыстар атқарылуда. Еліміздің барлық мектептері компьютермен жабдықталды. Мектептердің 93 пайызы Интернет желісіне қосылған. Жоғары білім беруде 2019-2020 оқу жылына цифрландыру бағыты бойынша 19 мыңға жуық грант бөлінді. Білім сапасын арттыру үшін 2019 жылы Астана хаб базасында «Әлем» бағдарламалау мектебі және Нұр-Сұлтан қаласында Astana IT университеті ашылды. Ол жерде жаңа буын мамандары дайындалады», – деді ол.
Министрдің дерегінше, халықтың цифрлық сауатын ашу курстары тұрақты өткізілуде. Нәтижесінде халықтың цифрлық сауатының деңгейі 79 пайыздан асып отыр.
«Біз 2020 жылы да осы жұмыстарды жалғастырамыз. Бағдарламалау негіздері пәнін 1-сыныптан бастап енгіземіз. Алматы қаласында екінші «Әлем» және АХҚО базасында QWASAR бағдарламалау мектептерін ашамыз. Цифрлық сауатты 80 пайызға жеткіземіз»,- деді Асқар Жұмағалиев.
Сурет интернеттен алынды