ЖҮЙРІКТЕ ДЕ ЖҮЙРІК БАР…
жазба айтысқа шолу
Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы мен "Қостанай таңы" газеті бірлесіп ұйымдастырған "Ел мерейі – Елорда" облыстық жазба айтысы Астананың 20 жылдығына арналған ең ерекше рухани тарту болды. Ерекшелігі сол – айтыстың өткен ғасыр қойнауында қалған бұл түрі бүкіл қазақ дүниесінде қайтадан жаңғырып отыр. Жазба ақындар мен айтыскерлер бір арнаға тоғысып, үздіктері төрт ай бойы іріктелді… Бүгін жазба айтыстың мақсатына, өту және жеңімпаздарды анықтау барысына шолу жасамақпыз.
Жазба айтыстың аудиториясы оқырмандар болғандықтан, әрине, оның сахнадағы айтыстан айырмашылығы көп. Ақындар жырсүйер қауымды суырып салу, домбыра үнін қосып, әуенмен айту дағдысымен емес, өлеңдерінің өрнектілігі, көркемдігі, әуезділігі, мазмұндылығымен баурауы керек. Әрине, шарт бойынша, ақындардың ой баптап, сөз саптауына, жұптардың жауаптасуына аптаға жуық уақыт берілді. Дей тұрғанмен, жазбалық талабының үдесінен шыққандар да болды, "ғой-ғой", "еді-еді" сынды үйреншікті редифті ұйқастардан және әдетте мақам "тасасында" білінбей кете беретін жүйесіздіктен айни алмағандар да кездесті. Алайда, ондай кемшіліктер өңкей төрт аяғын тең басқан өлеңдерге көлеңке түсіре алған жоқ. Әсіресе, сыйластыққа көңіл қойып, тақырыпты ашуға басымдық берген жұптар өздерінің лайықты бағаларын алды десе болады. Жалпы алғанда, ақындардың қай-қайсысы да қарым-қабілетін аяп қалмады, жыр-жарысқа жүрдім-бардым қараған жоқ.
Сонымен, сәуір айында басталған облыстық жазба айтысқа 16 ақын, яғни 8 жұп қатысты. Әр жұптың айтысы әуелі "Қостанай таңының" сайтына, кейін газетке жарияланып отырды. Жеңімпаз жекпе-жектен соң іле анықталып, ұтылғаны сайыстан шығарыла берді. Ақындар өнеріне халық ақыны Әсия Беркенова, "Қостанай таңы" газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков бастаған төрешілер баға бергенін айта кету керек. Қазылар көлемге емес, өлеңге жеңіс бұйыртты… Алғашқы айналымда сөз-сайысқа түскен сегіз жұптан он ақын сүрінбей өтті (он болатын себебі – Бағила мен Мамай, Нұрқанат пен Абылай жұптары сол күйінде келесі айналымға жолдама алды). Жолы болмай, жарыстан шығып қалған ақындардың арасында да лайықты өнер көрсеткендер жоқ емес. Мәселен, Байбатыр Ахметбековке жолын берген Тоба Өтепбаевтың көңілге қонымды, есте қалар шумақтары аз болған жоқ. Мына уәжін қарсыласының аузынан шыққан сөзге "бұғау салу" десеңіз де, бұрысын түзеу десеңіз де жарасады:
"…Мəселе қозға депсіз тұшымды əрі,
Əңгіменің айтылмай қысыр жағы.
Астана жайлы жазған шумақтарың,
Қыжылдатып отыр ғой ішімді əлі.
"Жұмаққа кіргендеймін" деп кетіпсіз,
Бітірмей жатып үлкен ісіңді əлі.
"Пирамида – пейіштің төрі" дейсіз,
Көрген жандай жұмақтың ішін-дағы.
Пирамида пейіштің төрі емес ол,
Перғауынның моласы Мысырдағы".
Əңгіменің айтылмай қысыр жағы.
Астана жайлы жазған шумақтарың,
Қыжылдатып отыр ғой ішімді əлі.
"Жұмаққа кіргендеймін" деп кетіпсіз,
Бітірмей жатып үлкен ісіңді əлі.
"Пирамида – пейіштің төрі" дейсіз,
Көрген жандай жұмақтың ішін-дағы.
Пирамида пейіштің төрі емес ол,
Перғауынның моласы Мысырдағы".
Неге нақты осы үзіндісін алып отырмыз? Мұның сыры мынада – жазба айтыс тақырыбы Астана болғандықтан, көптеген ақындарға тән нәрсе "Астананы жұмаққа теңеу", ғимараттарының тамсана тізімін жасап, жылтыратып, бұрқыратып мақтау ғана болды… Бұл жұптың айтысында Байбатыр ағамыздың ұтымды тұстары басым болды ма, әлде інісінің ізетпен жол бергені ескерілді ме – төрешілер шешімімен торғайлық ақынға жеңіс берілді.
Батырлан Сағынтаевқа дес берген Злиха Кенжеғозинаның да ақындық әлеуеті ешкімнен кем емес. Сөздері жұмыр, ұйқастары шымыр, ой-қисыны жинақы болды. Керек жерінде шабуыл да жасай білді, тосқауылы да олқы болған жоқ.
"Сара мен Ұлбикедей мұңды емеспін,
Асуын аттағанмын жыр-белестің.
Жасымнан қара өлеңге құмар болып,
Өлеңнің бақшасында гүлдеп өстім, –
Асуын аттағанмын жыр-белестің.
Жасымнан қара өлеңге құмар болып,
Өлеңнің бақшасында гүлдеп өстім, –
деген сияқты өрімдері оқырманын баурай әкетеді. Алайда, қарсыласының бойдақтығын айтып дүркін-дүркін тұзақ құрғанымен, Батырлан сабырлық пен сақтықты қаперде ұстап, "қорғаныста шабуылдау" шеберлігін көрсетті. Бастан-аяқ бірінің сөзін бірі іліп әкетіп отырған айтыстарынан қиынды алудың өзі қиындау болып отыр. Айтпағымыз, қалаған уақытыңызда сайтқа кіріп, қайта оқып шығуыңызға болады. Қазылар бұл айтыста көркемдігі мен мазмұны сәл басымдау деп таныған ақынға бүйрек бұрған еді.
Бұдан кейін тарандық Мамай Ізтілеу мен арқалықтық Бағила Балмашева өлең сайысына түсті. Бірақ бұл жұп сөз қағысудан гөрі қоғамдық мәселелерді кезектесе жырлаумен есте қалды. Өлеңдерінің сапасы, динамикасы жағынан қос ақынға тең ұпай берілді. Одан кейінгі Нұрқанат Құлабаев пен Абылай Мауданов та келесі айналымға бірге өтті. Бұл жұптың бәсекесі ерекше көркемдігімен жазба айтысты жаңа сатыға көтергендей еді. Екеуі де поэзия өкілдері болғандықтан, ол да түсінікті шығар.
"Тұратын айтыс десе жаны жайнап,
Шығатын шындықты айтсаң қаны қайнап,
Қазағым сөз ұғарлық қалпында ма,
Сайысқа шықтым, аға, бәрін ойлап.
Ұстаз бен шәкірт түссе ұлы сынға,
Жүрмесін «күш атасын танымай қап».
… Көпшілік «Нұр-ағалап» ләббайлай ма,
Жоқ әлде рухтана ма «Абылайлап»?" – деп "із салып" берді әуелі Абылай Мауданов. Өнердегің інісінің қалжың мен қисын қабысып жатқан өлеңін Нұрқанат Құлабаев лайықты жалғастырды. Сөйтті де:
"Ақтардың, Абылайжан, бір сыр маған,
Рас айтасың, бүгінде "нұршыл" заман,
Жаһандану дегеннің жөні осы деп,
Өкпесі өшіп, ентігіп, ырсылдаған.
Кер тартып, керді аңсайтын кесірлер бар,
Нақ ісінен сөзі көп былшылдаған…" – деп, жауабының бір ұшын "нұршылдыққа" іліктіріп жіберді. Әлі "көзі ашылмаған" тарихи жадымыз туралы өрілген ойлар да өте сәтті. "Тарихының есігін тарс жапқандар, болашақтың есігін аша алмайды", – деген жолдар есте қалды. Бұл айтыстан ұстаз бен шәкіртінің арасындағы жып-жылы қатынас, сыйластық лебін сезіне алдық.
Одан кейінгі Марғұлан Оспанов рудныйлық Ғалымгерей Кенжеғозиннен, Ернұр Әуезхан аманкелділік Балтасар Тұрысбекұлынан, Медет Байзақов арқалықтық Еламан Тұрсыннан, Еркінғазы Айтбаев Сералы Мырзабаевтан басым түсті. Бұлардың көбі айтыс сахнасында бірнеше рет кездескен ақындар. Жалпылама түрде айтқанда, бәсі басым деп саналған ақындар тақырыпты ашу, өлеңнің ішкі-сыртқы көркемдігі, ой ұшқырлығы, тіл өткірлігі тұрғысынан бағаланды.
Екінші айналым шымылдығын Байбатыр Ахметбеков пен Еркінғазы Айтбаев ашты. Бұл қасиетті Рамазан айы кезі болатын. Сондықтан қос ақын әлқиссаны мұсылмандардың ұлық мейрамымен құттықтаудан бастады. Астана, Тәуелсіздік туралы да тұщымды дүниелер айтылды. Бірақ, жасырары жоқ, айтыс бел ортасынан ары қарай "жаға ұстасуға" ұқсап кеткендей. Жас дарынды ақын Еркінғазының албырттығы аңғарылып қала берді. "Əй, бірақ қабаған боп көрінбей ме, Үй жанында байлаулы төбеттер де", – деген сыңайдағы шабуылдары айтысқа сән бергеннен гөрі, ажарын ала түскен сияқты. Тәжірибесі анағұрлым мол Байбатыр ағамыз:
"Ағасын Еркінғазы жатсынбасын,
Жырлаудан жақсылықты жақ тынбасын.
Өмірде жолың болып, айналайын,
Осы деп бағалай біл бақтың басын", – деп, алауыздықтан аулақ болуға шақырды. Төрешілер басымдықты Байбатырға бұйыртты.
Жырлаудан жақсылықты жақ тынбасын.
Өмірде жолың болып, айналайын,
Осы деп бағалай біл бақтың басын", – деп, алауыздықтан аулақ болуға шақырды. Төрешілер басымдықты Байбатырға бұйыртты.
Мұнан кейінгі кезекті Абылай Мауданов пен Мамай Ізтілеу жұбы алды.
"Бөкейлеп қамшы басып сал күреңге,
Ал, Мәке, аттың басын салғын өрге!
Абайдың айтысынан атың шыққан
Ақынсың тай күніңнен мағлұм елге", – деп жырын желдіртіп берген Абылай ә дегеннен інілік ілтипат байқатты. Мұнысы жеңісті ғана мұрат етіп, "беттен алып, төске шабатындарға" жарқын үлгі боларлық нәрсе еді. Дегенмен, айтыс болған соң пікір қайшылықтары көрініс табары сөзсіз ғой. Соның өзінде қос ақын әуелгі сыйластықтан аттап өткен жоқ. Мәселен, Мамай ағамыздың:
Ал, Мәке, аттың басын салғын өрге!
Абайдың айтысынан атың шыққан
Ақынсың тай күніңнен мағлұм елге", – деп жырын желдіртіп берген Абылай ә дегеннен інілік ілтипат байқатты. Мұнысы жеңісті ғана мұрат етіп, "беттен алып, төске шабатындарға" жарқын үлгі боларлық нәрсе еді. Дегенмен, айтыс болған соң пікір қайшылықтары көрініс табары сөзсіз ғой. Соның өзінде қос ақын әуелгі сыйластықтан аттап өткен жоқ. Мәселен, Мамай ағамыздың:
"Айт десең, сөзге қосам Астананы,
Бой түзді ғимараттар асқаралы.
"Елорда жылда өсіп келеді" деп,
Өлеңдетіп мақтаймыз бас қаланы.
Қаланың өскендігі кімге керек,
Қазағым болмаған соң баспаналы?
Қаңғып жүрген қандасты көрген кезде,
Еріксіз екі көзден жас тамады", – деп көлденеңінен қойған шумағына, Абылай:
Бой түзді ғимараттар асқаралы.
"Елорда жылда өсіп келеді" деп,
Өлеңдетіп мақтаймыз бас қаланы.
Қаланың өскендігі кімге керек,
Қазағым болмаған соң баспаналы?
Қаңғып жүрген қандасты көрген кезде,
Еріксіз екі көзден жас тамады", – деп көлденеңінен қойған шумағына, Абылай:
«Елдікті жырлап, Мәке, есіл», – деп ем,
Ініңіз күтті ойлы, кесімді Өлең…
…Тұрмыстың мәселесі таусылар ма,
Адамзат жаралғалы шешілмеген?!
Ініңіз күтті ойлы, кесімді Өлең…
…Тұрмыстың мәселесі таусылар ма,
Адамзат жаралғалы шешілмеген?!
Сөз басын «талмау тұстан» бастағансыз,
Иә, рас, қандастар көп баспанасыз.
…Баспана түгіл, Мәке, мына әлемде
Қаншама халықтар бар астанасыз?" – деген жауабымен келіспеушілік ишаратын көрсетті. Одан әрі де қос ақын қоғамдағы күрмеулі мәселелерді жырға қосты. Әсіресе, Абылайдың Қытайдағы қандастар тағдырын толғағаны керемет әсерлі. Ырғақты, зерлі, тосын теңеулерге бай. Ал тұтастай алғанда, бұл жұптың айтысын аттап-секіріп оқу мүмкін емес, жүйелі, өзара жымдасып жатыр. Формалық та, мазмұндық та жағы мінсіз болғандықтан, Абылай Маудановқа жеңіс берілді.
Иә, рас, қандастар көп баспанасыз.
…Баспана түгіл, Мәке, мына әлемде
Қаншама халықтар бар астанасыз?" – деген жауабымен келіспеушілік ишаратын көрсетті. Одан әрі де қос ақын қоғамдағы күрмеулі мәселелерді жырға қосты. Әсіресе, Абылайдың Қытайдағы қандастар тағдырын толғағаны керемет әсерлі. Ырғақты, зерлі, тосын теңеулерге бай. Ал тұтастай алғанда, бұл жұптың айтысын аттап-секіріп оқу мүмкін емес, жүйелі, өзара жымдасып жатыр. Формалық та, мазмұндық та жағы мінсіз болғандықтан, Абылай Маудановқа жеңіс берілді.
Марғұлан Оспанов пен Ернұр Әуезхан айтысы оқырмандар пікірін қаққа бөлді. Сайтымызға жолданған пікірлерге қатысты айтарымыз, олардың бәрі бірдей объективті емес. "Ауылдасым тайы озсынның" кері басымырақ. Ал, жалпы, бұл айтыс та дау-шарға ұласып кетті. "Қалайда жеңемге" салып, іні шабытын ерсілі-қарсылы қамшылады, уәжіне көндіре алмай ағасы "сап-сап" деп сабыр қылған болды. Былайша, қос ақынның да ұйқас қолдануында мін жоқ. Бар айып – тақырыпты "қатырып" аша алмай, пендешілікті "сапырып" кеткендіктерінде. Десе де, ойы анағұрлым орнықты, қисынды, сөзі салмақты, мінезге бай болғандықтан, айтысты жалғастыру мүмкіндігі тәжірибелі ақын Марғұлан Оспановқа бұйырды.
Одан кейін Нұрқанат Құлабаев арқалықтық құрдасы Бағила Балмашевадан, Батырлан Сағынтаев Медет Байзақовтан басым түсті. Бұл жолдары да ақындардың бабы, өлеңдерінің көркемдік сапасы сараланды.
Сонымен, топ ішінен бес ақын үздік болып шықты. Айтысқа өлшеп берілген уақыттың таяп қалуына байланысты, ұйымдастырушылар мен қазылар екі жекпе-жек қана өткізу шешімін шығарды. Бесеудің ішінен бір ақынды арнайы жүлдеге "ығыстыру" керек болды. Ол үшін қазылар бұлардың осы уақытқа дейін жазғандарын қайтадан оқып шығып, Байбатыр Ахметбековке "Көрермен көзайымы" жүлдесін беруді ұйғарды. Қалған екі жұптың қайсысы үздік айтыс жасаса, солар 1 мен 2 орынға лайық болып, одан кейінгілері 3-орынды бөлісулері керек еді… Осылайша, қазылар шешімімен Абылай Мауданов пен Марғұлан Оспанов және Нұрқанат Құлабаев пен Батырлан Сағынтаев жұпталды.
"Бауырым жазылатын шақ туғанда
Бауырым тап келді ғой таланыма", – деп, ең әуелі Абылай Мауданов Марғұлан досын сөз-тартысқа шақырды. Әдеткідей әр сөзін әшекейлеп, балталап бұзғысыз ұйқастарды ұтымды пайдаланып, осы жолғы қарсыласын да дос пейілмен қарсы алды ол.
"Ізетті інісі бар Абылайдай
Мамай мен Нұрқанатта арман бар ма?!" – деп қоштай жөнелді мұнысын "аузы күйген" Марғұлан кезегі тиісімен. Осылайша, "тай күннен тайталасып өскен" жоралар финалға лайық өнер көрсетті. Тақырыпты талғаммен жырлап, бүгінгі күннің бүлкілдеп тұрған мәселелерін жеріне жеткізіп "қажасты". Жазба айтыстың даусыз жеңімпаздары осы жұп болып тұрған-тын. Бірақ қазылардың бұл жорамалын Нұрқанат-Батырлан жұбы жоққа шығара алды!
Мамай мен Нұрқанатта арман бар ма?!" – деп қоштай жөнелді мұнысын "аузы күйген" Марғұлан кезегі тиісімен. Осылайша, "тай күннен тайталасып өскен" жоралар финалға лайық өнер көрсетті. Тақырыпты талғаммен жырлап, бүгінгі күннің бүлкілдеп тұрған мәселелерін жеріне жеткізіп "қажасты". Жазба айтыстың даусыз жеңімпаздары осы жұп болып тұрған-тын. Бірақ қазылардың бұл жорамалын Нұрқанат-Батырлан жұбы жоққа шығара алды!
Бұл ақындар осы жолы көсіле жырлап, СҮРЕ айтыс жасады. Жазба айтыстың бәріміз күткен нағыз нақышты нұсқасы осы болды десек, қателеспейміз! Көлемі көлдей екен деместен, жата-жастана оқуға әбден лайық айтыс болды. "Тұщынып оқығанға рух болатын" салмақты, ардақты өлең жасалды. Мұны өңір әдебиетіне қосылған өлшеусіз үлес деп есептесек те артық емес-тін… Батырлан бастады. Эпикаға үйірсек ақын жорғалатып отырып жазды. Ерекше кең тыныс аңғарылады. Формаға байлану, ұйқасқа арбалу "машақатын" сезбейтін сияқты. Қазақы сөз тұтынысына қарап, ұлттық әдебиеттен сусындағаны көрініп тұрады. Өлеңді тамырлы тарихтан бастады. Мұнысы тарихты білетіндігін мақтан тұту емес, қарсыласына айтыс басында даңғыл жол салып беру еді. Мақсат – оқырман бойынан баба-рухты ояту сияқты.
"Шідерін үзген талай тар заманның,
Күдерін үзбегесін келешектен"
немесе
"Отарлық сақтаймын деп халқымды оттан,
Ұшында көк сүңгінің жау тулатқан.
Қабаттап сауытының қаны қатып,
Қынаптан тартқан қылышы жарқыл қаққан", – деген сынды жолдары сөз ұғатын жанды бейжай қалдырмайды. Өткенді түгендей келіп, өлең соңын "тарих пен келешектің қақ ортасына орнатылған" алаш астанасымен бір қайырады. Бәрінен бұрын аңғарғанымыз, бұл айтыста Нұрқанат ағамыздың "екінші тынысы" ашылғандай: тереңдік, кемелдік, шеберлік жазбаларынан "сайрай" жөнелді.
"Тауарихын тәпсірлеп баба Сақтың,
Бір аңыз тірілтіпсің тамаша-ақ тым.
Астанаға әкеліп тұйықтапсың,
Алашымның тарихын алашапқын", – деп бастап алып:
"Тұяғы тас тураған боз атының,
Тағасы қанға бөгіп тозатұғын.
Сақи рухтың сарқыты сіңген қазақ,
Әруақ десе арқасы қозатұғын...", – деп бірінен бірі асатын шумақтарды төгілтіп кеп берді. Өлең дегеніміздің өзі көкейдегіні оқушыға әсерлі қабылдатудың тәсіліндей теңдесі жоқ құдірет екенін білеміз. Сондықтан қанымыздағы рух, өрлік, ерлік, ұлттық жадыны оятудың, өткеннен сыр тарқатудың өлеңи идеясын қос ақындай іске асыра алған ешбірі болған жоқ! Іздесеңіз, деректі де көркем дүниелерді жазбай танисыз, қапысыз табасыз. Мәселен, Нұрқанат ақынның қазақтың әр қаласын әсерлі әспеттеп жіпке тізуі шамалы поэзияңнан асып түсетіндей.
"…Орынборда Ахаңның үні қалған,
Орынборда атамның құны қалған.
Орынборда Алаштың рухы жатыр,
Демессің, бауырым, сен мұны жалған.
Орынбор оң жақтағы жүрегім ғой,
Кеудемді кеспей кәпір жұлып алған", – деген сияқты үзінділерді бірінен соң бірін келтіре беруге болады.
"Жыр қылып елордасын ерте күннен,
Айтыста салдық өрнек жаңаша біз", – деп, Батырлан да ағасының дегдар жырын шебер жалғай алды… Қайталап айтайық, алтын уақытыңызды қисаңыз, бұл айтысты кез келген кезде сайтымыздан оқи аласыздар!
Осылайша, "ойды орып, қырды қырған" ақындар ішінде 1-орын Н.Құлабаевқа, 2-орын оның соңғы қарсыласы Б.Сағынтаевқа бұйырды. 3-орын Абылай мен Марғұланға берілді. Ол туралы бұған дейін газетімізде де жазылған еді.
Қош. Ақжолтай жоба осылайша аяқталды. Алғаш рет қолға алынғандықтан кем пішілген тұстарының болғанын да жасырмаймыз. Көш жүре-келе түзелмей ме. Бұйыртса, жаңа ғасырда жаңа сипатта жалғасын тапқан жазба айтыс көпке ұзамай қайтадан бәйге жариялайды. Сол кезде бұдан да көркем, бұдан да керемет жыр-жарысқа куә боламыз деген үміт бар!
Жазба айтыста кездескенше, жырсүйер оқырман!
Ж.Жүсіпбек