БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
Облыстық табиғат қорғау полициясының қызметкерлері өңірдің оңтүстік өңірлерінде ақбөкен популяциясын қорғау бойынша рейд шараларын жүргізіп жатыр. Полицияға Аманкелді және Жанкелдин аудандарының қорық қызметкерлері көмектесуде. Рейд барысында мобильдік топтар біздің облыс пен Қарағанды, Ақтөбе облыстары шекарасындағы ақбөкендер мекендейтін төрт мың шақырымнан астам аумақты сүзіп шықты. «Бұл аумақтар негізінен киіктің Бетпақдала популяциясының тіршілік ету ортасы саналады. Олар көбіне Жанкелдин ауданы периметрінде төлдейді. Карантинге байланысты биыл облыста көктемгі аң аулау маусымының ашылуы әлі жарияланған жоқ. Сондықтан киелі жануарларды дәл осы кезеңде браконьерлерден қорғауды күшейтіп отырмыз. Әріптестеріміз таяуда ғана ақбөкен мүйізін интернет арқылы сатқан қылмыскерлерді құрықтады», – деді Табиғат қорғау полициясы бөлімінің бастығы Талғат Ахметов. Айтуынша, полицейлердің тынымсыз еңбегінің арқасында облыста соңғы уақытта табиғатқа қастандық жасау қылмысы біршама бәсеңдеген. Жыл басынан бері табиғат қорғауға қатысты 246 заң бұзушылық тіркеліп, 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.