Университет мәртебесін алды

Мемлекет басшысы өзінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесін көтерді. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі де соңғы жылдары ЖОО-ларда білім алу жағынан бакалавриатпен шектеліп қалмай, магистрлер және РһD докторлар даярлауға айрықша назар аударып отыр. Біздің өңіріміздің мектеп мұғалімдері біліктілігі мен екінші жоғары білім алу үшін еліміздің оңтүстік аймағы мен көрші Ресейдің оқу орындарына баруға мәжбүр болып келді. Ал Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының осы талаптардың барлығына сай болуына байланысты университет мәртебесін алып отыр.
Осы және жаңа мәртебеге ие болған оқу ордасының алдағы жоспар-жұмыстары жөнінде ҚМПУ ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл өңірлік коммуникация қызметінде өткен басқосуда баяндап берді.  
– Бұл Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру туралы бастамасы бойынша қолға алынған науқан. Жаңа мәртебе көптеген мәселелерді өз бетімен шешуге мүмкіндік жасайды. Соның ішінде студенттерге бірқатар артықшылықтар беріледі. Әсіресе, магистратура және докторантура бөлімдерінің ашылуымен ерекшеленбек. Қазіргі таңда «Психология және педагогика» мамандығы бойынша лицензияға ие болдық. Тағы 6 мамандық бойынша магистратура бөлімін ашу туралы құжаттар тапсырып отырмыз. Ал алдағы уақытта тарих және биология мамандықтары бойынша докторантура бөлімін ашу жоспарымызда бар. Бұл өзіміздің аймағымыз бен іргелес облыстырдың, «Серпін» бағдарламасымен оқып жүрген студенттер үшін әрі қарай жоғарылатып білім алуына зор мүмкіндік болмақ, – деді Еркін Әбіл.
Ректордың сөзінше, институттың университет мәртебесін алуы халықарылық әріптестіктің артуына, рейтингтік көрсеткіштің жақсаруына мүмкіндік беріп, облысымыздың білім деңгейінің көтерілуіне жол ашпақ. Шетелдерден студенттер тартуға да кең өріс болғалы тұр. Сол себепті, алдағы уақытта университет Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан мемлекеттерінде білім көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Білім ордасы басшысына қойған сұрақтарымызға байланысты алған жауаптарымызбен бөлісіп отырсақ. Соның бірі – биылдан бастап оқу орнын тамамдаған студенттер университет түлегі деген мәртебеге ие болады. Және ақылы бөлімде оқитын студенттер үшін оқу бағасында өзгеріс болмайды. Ал университет ғимарат үстіндегі маңдайша жазуының қазақ тіліндегі нұсқасын латын әліпбиімен жасауды ұйғарып отыр. Тағы бірі мәселе – қазіргі Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіне өңірімізден шыққан тұлғалардың бірінің, соның ішінде академик Өмірзақ Сұлтанғазин есімін беру туралы ел ішінде жиі көтеріліп жүр.
– Бұл ұсыныс осыдан бір жарым жыл бұрын көтерілді. Министрлікке хат жазылды. Бірақ енді университет мәртебесін алып отырғасын, осы мәселені әрі қарай тағы көтеретін боламыз. Біздің таңдауымыз академик Ө.Сұлтанғазинге түсіп отыр, – деді Еркін Әбіл.
Ендігі үлкен науқан студенттерге тұрғын орын салу. Биыл білім мекемесі шәкірттерге арнап қосымша 344 орындық 4 жатақхана салуды бастамақ. Соның алғашқысы 86 орындық үш қабатты баспана алдағы күзге қарай пайдалануға беріледі.
 
Қыдырбек Қиысханұлы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓