Жиһазшы

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының негізгі міндеті – халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету. Амангелді Байұзақов – осы бағдарламаның жемісін көріп отырған кәсіпкерлердің бірі. Ол Торғай селосында «Санжар» жиһаз цехын ашып, тұрғындарға қызмет етіп келеді.IMG_6571
 
 Амангелді Қалибекұлы былтыр бизнес бағдарламасы арқылы 2 млн 700 мың теңге грант иеленді. Бұл қаржыны «Санжар» жиһаз жасау цехын кеңейтуге жұмсамақ.
– Қазір кез келген үйді жиһазсыз елестету мүмкін емес. Бір қараған адамға кәдімгі тақтай боп көрінсе де, оның қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару оңай емес. Көбіне кереуеттер мен шкафтар жасап жүрміз. Цехымда жиһаз жасауға қажетті ағаштарды кесетін, тесіп бұрғылайтын, желімдейтін түрлі станоктар бар. Ас үй, қонақ бөлмесі, жатын бөлме, кіреберіс бөлмелердің жиһаздарына тапсырыс қабылдаймын, – дейді жас кәсіпкер.
IMG_6574
Амангелді жиһаз өндірісін әріректе қолға алған. Торғайда осы саланы жақсы дамытқан марқұм Бірлік Көшеновпен бірге бастап, шеберден ағаш өңдеудің көп тәсілін үйренген. Үкіметтің бизнес бағдарламасы арқылы былтыр тамыз айында кәсібін дамытуға мүмкіндік алды. Оның бизнес жоспары орталықтағы комиссия отырысында жақсы бағасын алды.
– Ғимараттың құрылысын 2016 жылы өзім бастап салдым. Мемлекеттен берілген грант қаражатын кәсібімізді айналдыуға пайдаланып келеміз. ЖиҺаздарды тапсырыс арқылы қабылдаймыз. Тапсырыс берушілердің үйлеріне барып, өлшеп-кесіп аламыз. Мәселен, бір ғана купе-шкафты жасап шығуға төрт тәулік кетеді. Қазір шетелдік бояулар да, желімдер де қымбат. Сондықтан өз шығынымызды өтеу үшін жасаған жиһазымыздың көлеміне қарай, жұмсаған материалына қарай бағаны өзіміз қоямыз. «Санжар» жиһаздарының бағасы қолжетімді, – дейді Амангелді Қалибекұлы.
IMG_6558
Кәсіпкер тоқсан сайын аудандық кәсіпкерлік бөліміне есеп беріп отырады. Аудан басшылары Амангелдінің халыққа көрсетіп отырған еңбегін жоғары бағалайды. Ал ағаш шебері бұл жетістіктерімен тотап қалғысы жоқ.
– Кәсіби маманның жұмысы бірнеше жылда сыналады. Жасалған өнімнің сапасын салыстыра аласың. Бұл жұмыс аса тиянақтылықты талап етеді. Талғамы жоғары тұтынушының ойын дөп басып, көңіліндегідей етіп жасап шығару үшін күндіз-түні жұмыс істеп, барымызды саламыз. Сондағы мақсат – кәсібімізді дамыту, табыс көзін табу. халыққа адал қызмет ету, – деп түйді шебер.
Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспановтың айтуынша, 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жас кәсіпкерлерге табыс көзін табуға септігін тигізеді.
IMG_6553
– Бағдарламаның бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға бюджеттен 8 млн 748 мың теңге бөлінген. Нәтижесінде 40 адам тапшы  мамандықтар бойынша оқытылды. Олардың арасынжа шаштараз, электромонтер, жүргізуші, ЭВМ операторы, кондитер, аспазшы, тракторшы-машинист, электргазын дәнекерлеушілер бар. Ал осы бағдарламаның екінші бағыты бойынша 23 кәсіпкер мемлекеттік грантқа қол жеткізді.
 
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓