Жүкті әйелге көмек көрсетілді
Қостанай облысының дәрігерлері шамадан тыс көп қан жоғалтқан жүкті әйелді ажалдан арашалап қалды. 29 қаңтар күні ай-күні жақындап қалған жүкті әйел ауыр халде Жангелдин аудандық ауруханасына түседі. Арнайы медициналық тексеріс нәтижесінде жатырда жатқан шақалақтың жүрегі тоқтап қалғаны анықталады. Сәл уақыт жоғалтса, қансырап жатқан әйелден де айырылып қалатынын түсінген жергілікті дәрігерлер облыс орталығына жедел хабарласып, көмек сұрайды. Жедел құтқару шарасын сауатты ұйымдастыра білген аудандық аурухана дәрігерлеріне Арқалық қаласы мен Аманкелдіден хирург, реаниматолог мамандар дер кезінде көмекке келіп үлгереді. Қостанайдан реанимобильмен шыққан облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Борис Аутенов пен реаниматолог Мансұр Қараев қолайсыз ауа-райы кедергі жасап, Торғайға 9 сағаттан кейін ғана жетеді. Осылайша, 4 бірдей аурухананың дәрігерлері бірігіп, адам өмірін құтқарып қалу үшін арпалысады.Көп кешікпей 38 жастағы әйел арнайы санитарлық ұшақпен 3 сағаттың ішінде Қостанай қаласына облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазір науқастың денсаулығы қалыпты жағдайда.
– Қызымды құтқарып қалған ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз! – дейді науқастың анасы.