Қазына қаржысы қайта қаралды
Бүгін аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті. Жиында 2020-2022 жылдарға арналған облыс бюджетіне өзгерістер енгізілді.Бюджеттің кіріс бөлігінің асыра орындалуы нәтижесінде осы жылдың басында артылған қаражатты кезек күттірмейтін мұқтаждықтарға бөлу ұсынылды.
"Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 778 млн теңге бөлінеді. Оның ішінде, 638,2 млн теңге Амангелді ауданының Қабырға ауылына, Жангелдин ауданының Сарысу, Қалам-Қарасу ауылдарына, Сарыкөл ауданының Севастополь ауылына, Федоров ауданының Таза Шаңдақ,Сабелев,Қарақопа, Александрополь, Қамысты Шаңдақ ауылдарына су тарату желісін орнатуға жұмсалады. 54,4 млн теңге Алтынсарин ауданының Қосқұдық ауылына газ тарту жұмысын бастауға және Федоров ауданындағы газ бөлу желісі құрылысын аяқтауға шығындалады", – деді облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина.
Тағы 85,4 млн теңге Әулиекөл, Диев және Новоселов аудандарына газ желісін тарту құрылысының жобалық құжатын дайындауға бөлінбек. Осы сома есебінен Қостанай қаласынан Заречный кентіне дейін жалғаушы су тартқыш, Амангелді ауданының Қарасу, Алтынсарин ауданының Свердлов, Зуев, Танабаев, Меңдіқара ауданының Қасқат, Степанов ауылдарына су желісін тарту жоспарда бар. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау басқармасына 336 млн теңге қарастырылып отыр. Негізгілерін айтқанда, оның 266 млн теңгесіне ауылдық жерлерге 40 жедел жәрдем көлігі сатып алынады. 64,3 млн теңге Рудный қалалық ауруханасының құрылғыларын жаңартуға жұмсалады.
Құрылыс, архитектура және қала құрылысы басқармасына 198,5 млн теңге бағытталады. Бұл қаржылардың дені Қостанай қаласындағы Юбилейный, Әуежай, Қонай, Береке шағын аудандарындағы құрылыстарға, Мичурин ауылындағы Бәйтерек және Тобыл қаласындағы Астана, Нұр-әлем шағын аудандарына құйылады.
Білім басқармасына 194,1 млн теңге бөлініп,оның 163,4 млн-ы 266 білім ұйымын жоғары жылдамдықты интернетке қосуға бағытталады. 30,7 млн теңгеге Қарабалық, Қостанай, Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарында жалпы саны 25 жылы әжетхана орнатылады. Мұның сыртында Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасына 66,8 млн теңге бөлінеді. Бұл соманың 47,4 млн теңгесіне Амангелді ауданындағы "Машдвор" платинасына күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл Қарасу ауылын су тасқыны қаупінен сақтауға мүмкіндік береді. Қалған 18,9 млн теңге облыстағы 400 су қоймасын қадағалауды ұйымдастыруға шығындалмақ.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бөлінетін 59,7 млн теңге Таран-Варварин тас жолын, Большой Чураков елді мекеніндегі көпірді жөндеу жобасының құжатын әзірлеуге және облыстық маңыздағы Сарыкөл-Большая Дубрава жол учаскесін ретке келтіруге жұмсалады.
"Бұл бюджеттік өзгерістердің бәрі өте маңызды мәселелерді шешу үшін енгізіліп отыр. Ауызсумен қамту, газ желісін тарту, әлеуметтік нысандарды жөндеу кезек күттірмейтін шаруалар. Денсаулық сақтау мекемелерін жаңа қызметтік көліктермен қамту да маңызды. Егер бюджет мүмкіндік берсе, 2-жартыжылдықта тағы 40 көлік сатып алу жоспарда бар. Білім беру мекемелерінде интернет жылдамдығын арттыру да аса өзекті. Мұнысыз "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын іске асыру мүмкін емес. Биыл интернетпен және бейнебақылау құрылғыларымен барлық мекемені 100% жабдықтаймыз. Оның үстіне, мектептерді жөндеу де күн тәртібінен түспейді. Былтыр 2,7 млрд теңге бөлген болсақ, осы жылы 4 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылды", – деді жиынды қорытындылаған А.Мұхамбетов.
Аймақ басшысы алда су тасқыны қаупі тұрғанын, онымен күресу оңайға тимейтінін де тілге тие етті. Дегенмен, қатерге қарсы қамданыс қазірден басталған. Осы мақсатта қазынадан 67 млн теңге қаржы қарастырылып отыр.