Сергелдеңге салған сертификат
«Атамекен» облыстық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте мемлекеттік сатып алу мәселесі талқыланды. Дәлірегі, тауар шығарылған ел туралы сертификат сөз бұйдаға түсті.
Мәселен, облыстық қуыршақ театры бірнеше кәсіпкердің үстінен «іске немқұрайлы қарағаны» үшін сотқа талап арыз берген. Оның ішінде жеке кәсіпкер Татьяна Прокаева бар . Ол жетекшілік ететін жеке кәсіпкерлік театрға 18 мың теңгенің кеңсе тауарларын жеткізіп беріпті. Сәйкестік сертификаты бар, сапалы тауар. Бірақ, өткен жылы Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген жаңа ережеге сай мемлекеттік сатып алу туралы шартта көрсетілген тауардың шығарылған елі туралы сертификаты жоқ. Бұл жерде – мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыру алдыңғы орынға шығады. Дегенмен, жаңа ереже күшіне енген төрт ай ішінде бизнес иелері тарапынан біраз шағым түскен. Ол да негізсіз емес.
Қазақстанда кеңсе тауарлары шығарылмайды. Өзгелер сияқты Татьяна Прокаева да оны Ресейден сатып алады. Бірақ тауар шыққан елі туралы сертификат алу үшін сол елдің сауда-өнеркәсіп палатасына барып, әлгі құжатқа 5- 15 мың Ресей рублін төлеуі керек. Егер кәсіпкердің театрға жеткізген кеңсе тауарларының бағасын салыстырсаңыз, сертификат құны әлдеқайда қымбатырақ шығады.
«Канццентр» ЖШС-де мемлекеттік сатып алуға қатысып, тауарларды келісім-шартта көрсетілгендей 12 мың теңгеге, екіншісі келісім бойынша 14 мың теңгеге тауар әкелген. «КамАЗ» автоорталығы тіпті, коммуналдық кәсіпорынға 8,5 мың теңгеге бір-ақ қосалқы бөлшек жеткізіп беріпті.
Кәсіпкерлер ережені сақтауға дайын. Алайда, бұл тиімсіз болғандықтан, кішігірім мемлекеттік сатып алуға қатысқысы жоқ. Олардың айтар уәжі – тауарларды жеткізу бағасына шыққан елі туралы сертификат шығындары да енгізілсін дегенге саяды. Ал бұл мемлекеттік бюджет үшін қолайсыз.
– Егер тауар сапалы болса, оның қайдан шыққанына неге бас қатыруымыз керек? Біз бизнес пен бюджетке артық салмақ түсірдік, – дейді кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Самат Сәдуақасов.
Қазір экономикалық сотта ЖК-нің проблемалық сертификатының жоқтығынан кәсіпкерлерді салғырттыққа жол берді деп тану жөнінде процестер жүріп жатыр. Онда кәсіпкерлер палатасының заңгерлері де жүр. Заңгерлер Татьяна Прокаева фирмасының ісін ақтап шықты. Енді өзгелер осындай нәтижеге қол жеткізе ала ма? Бұл жағы бәймәлім.
Талқылаудан кейін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес мемлекеттік сатып алу туралы үлгі шарттың ескі мәтінін қайтару туралы өтініш жасау керек деген қорытындыға келді. Онда егер сатып алу құны 500 АЕК-тен төмен болса, тауардың шығу тегі туралы сертификат қажет емес деген норма болған.
Басқосуда егер мемлекеттік тапсырыс сапалы орындалса ұсақ-түйекті іс қылып, сотқа талап арыз бере бермеу туралы ұсыныс жасалды.
Әлібек ЫБЫРАЙ