Ауыз су, жол, газ – негізгі бағыт

2009 жылы Жітіқарадан Қамыстыға көгілдір отын тарту ірі жобасы қолға алынған болатын. Ол жоба аудан орталығын ғана қамтыды. Енді міне, араға он жыл салып, аудан орталығы арқылы ауылдарға газ құбырын тарату жұмыстары қайтадан жаңғыртылып отыр. Шалғай өңірдегі бұдан бөлек ауыз су, жол, басқа да салалардағы қолға алынған жұмыстар жайында Қамысты ауданының әкімі Ғазиз Бекмұхамедов тілшілермен болған баспасөз жиынында баяндады.
– Газ тарату жұмыстары 3 жылға жоспарланған. Оған республикалық және қосымша облыстық бюджеттен 2 млрд 90 млн теңге қаражат қарастырылып отыр. 107,6 млн теңгеден астам қаржыға Қамысты-Алтынсарин жоғары қысымды газ құбырын салу жоспарда. Жол-жөнекей көгілдір отынды Бестөбе ауылына да кіргізіледі. Алдағы уақытта 700 млн теңге бөлінеді. Қалған қаржыны игеру одан кейінгі жылға жоспарланған. Бұдан әрі автоматты газ тарату станциялары өріс алып, барлық селоларға табиғи отын құбыры тартылатын болады, – деді аудан әкімі.
IMG_20190822_112902
Қамысты ауданының Арқа ауылынан Қарабұтақ-Қостанай республикалық магистраліне дейінгі аралықта бұрын-соңды тас жол төселмеген. Кеңестік заманнан бері көліктер Арқадан Қарабатыр арқылы Ливанов ауылына дейін 32 шақырым көтерме жолмен қатынап келеді. Ал биыл осы жолды асфальттау жұмысы қолға алынды. Бұған қазынадан 1 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр. Қазіргі таңда жолдың 9 шақырымына асфальт төселді.
– Өңірімізде 14 село болса, ауылдарды ауыз сумен қамту облыстағы көрсеткіштен жоғары – 40%. Білуімше, облыста бұл көрсеткіш 30%-ды құрайды. Биыл республикалық маңызы бар жол бойындағы Бестөбе және Адаев селоларын тіршілік нәрімен қамту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлемекпіз. Бастысы, ауданымызда ірі жерасты су қорлары баршылық. Мәселен, Бестөбенің өзінде ішуге жарамды дайын су қоры жатыр. Оның құжаттары әзір, келер жылы барлау, сараптау жұмыстары жүргізілсе, тек қаржыландыру ғана қалады. Алтынсарин елдімекенін де ауыз сумен қамту үшін Үшкөл жерасты су қорын барлап-зерттеу жұмысы тұр. Бұл мәселе Қарабатыр ауылына да қатысты. Осы жұмыстардың барлығын алдағы үш жылда шешу жоспарымызда, – деді Ғ.Бекмұхамедов.    
IMG_20190822_175131
Бұдан басқа, аудандық және кентішілік жолдарды, спорт алаңын ағымдағы жөндеуге 36 млн 145 мың, Алтынсарин орта мектебі және мектеп жанындағы интернаттың жатын корпусын күрделі жөндеуге 240,5 млн теңге  қарастырылыпты.
Құрамында алтыны бар кенді өндіру 80 тонна құрап, өткен жылдың деңгейімен  салыстырғанда – 103,8%-ға жеткен. Қиыршық тас өндірісі 3 есе өсіп, 135,6 тоннаны құрап отыр.
– Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2,5 млрд теңгеге жуықтап, жалпы өнімінің нақты көлем индексі 104,3% құрады. «Етті мал шаруашылығы» бағдарламасы шеңберінде 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша бордақылау алаңына ауданнан 126 бас тапсырылды, орындалу 11,5%. Жыл басынан бері 826 бас сатып алынды. Индустрияландыру картасы аясында құны 608,7 млн теңге «Арқа ауылында 1000 басқа сүт-тауарлы фермасын жаңғырту» жобасының іске асырылуы жалғастырылуда, қосымша  46 жұмыс орны ашылды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша сатып алу жоспары – 250 ірі қара және 600 ұсақ мал, – деді Қамысты ауданының әкімі.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓